«Ұрпақ болашағы үшін дабыл қағатын шақтамыз»: Қарақат Әбілдина көк туды таптағандарды сынға алды
Танымал әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желіде тарап кеткен заманауи әншілердің видеоларына қатысты пікір білдірді, деп жазады kznews.kz сайты.
«Ұйқы қашып, маза кеткен түн болды…
Көк туды таптағаны…
Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып… Киелі сахнаны ластағаны, жас баланың.
Тырнақ-шашын өсіріп, боянып-сыланып, сырғасын тағынып, сорақы сұмдықты шімірікпей соққаны жас түлектің.
Жүректі қозғап әкетті
Ұл тәрбиелеп отырған анамын. Асылық айтуға да қорқамын. Айтпасқа амалың тағы жоқ. Үндемей қала алмайсың. Күйесің…
«Баламды медресеге біл деп бердім» деп Абай ақын айтқандай, үш ұлды 3 айлық демалысқа шыққан бетте медресеге апарып тапсырдық. «Қайтсем қазақ қылам, қайткенде мықты азамат өсірем? Алласын танып, Құранын біліп, парызын бүтіндеп өссін» деген ой біздікі.
Ал мынаны қара… Қалай шығарды сахнаға? Өнердің, сахнаның киесі деген болатын-ды. Бұрын. Ал қазір? Заманауи эстрада деген осы екен деп, өнердің есігін айқара ашып тастадық. Кім көрінгенді тайраңдатып қойдық. Енді отырмыз «Ит жоқта шошқа үредінің» кебін киіп…
«Анаусың, мынаусың» деп алдымдағы ұлға ұрсамын, мына жақта тіпті масқара ғой. Интернетің онда жатыр жалаңаш. Бәрі ашық, бәрі еркін. Электронды темекіден бастап, есін алған есірткінің түр-түрі. Қалай тізгіндейміз? Ауыздық жоқ. «Ұрпақ арты жын болды» деген нақ осы.
Киелі Түркістанда дейді келесі концерттері.
Киелі топырақтан садаға кетккк…
Қайтеді екен? Кешірім сұраған бір видео жолдап, азын-аулақ айыппұлды төлеп қойып, тайраңдай бере ме екен тағы да? Ал ол концертке баратын кілең мектеп жасындағы жасөспірімдер мен студенттер…
Жаңа Қазақстан! Референдум! Ел боламыз! — дейміз. Ел ерге қарамаушы ма еді? Ер дегеннің сиқы мынау…
«Қазақтың мың баласы қара домбырамен күй ойнап әлемдегі Гиннес кітабын жаңғыртты» — деп қуана бергеніміз сол, иттердің мынадай тірлік жасап, күйдіргенін қарашы…
Тал бесіктегі тәрбие тоқырап… Ұлттық салт-сана, тіл, дәстүр түбімен қирап жатыр. Ұрпақ болашағы үшін дабыл қағатын шақтамыз, қазағым», — деп жазды әнші Instagram желісіндегі парақшасында.