Шалқарда көптен күткен қуанышты оқиға – №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жанындағы ұзындығы 25 метрлік бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл спорт кешені президенттің тапсырмасы бойынша салынды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, облыстық коалиция жетекшісі Ербол Данағұлов, Шалқар ауданының тұрғындары, еңбек ардагерлері мен жас спортшылар қатысты.
«Бүгін – шалқарлықтар үшін тарихи күн. Қалада бірден екі спорт кешені ашылып отыр. Бұл – мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде нақты жүзеге асуының нәтижесі. Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Біздің міндетіміз – тұрғындарға заманауи әрі қауіпсіз жағдайда спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасау. Шалқар тарихында алғаш рет тұрғындар өз қаласындағы 25 метрлік бассейнде жүзуді үйрене алады. Бұл кешен балалар мен жастар үшін тартымды орталыққа айналып, денсаулықты нығайтуға, мінезді шыңдауға және жеңіске ұмтылуға ықпал етеді. Осындай жағдай жасай отырып, біз балаларымыздың болашағына және ұлт денсаулығына инвестиция салып отырмыз», – деді Асылбек Есенбаев.
Кешенде жүзу және су спорт түрлері, пауэрлифтинг, ауыр атлетика, кроссфит бойынша жаттығулар, сондай-ақ шахмат пен тоғызқұмалақ үйірмелері өткізіледі. Жалпы алғанда, мұнда 336 бала спортпен шұғылдана алады.

