Кеше әлеуметтік желіде Алматы облысы, Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында орналасқан ескерткішке белгісіз біреулер Ресей президенті Владимир Путинді ғайбаттап, жазу қалдырғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Бүгін оқиғаға орай полиция қылмыстық іс қозғады. Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр екен.
- Ескерткіштің бүліну фактісі бойынша тексеру жүргізілуде. Кінәлі тұлғаларды анықтау және ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары қолға алынды, – деп айтылған облыстық полиция департаменті таратқан мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, аталған ескерткіш Ұзынағаш ауылында, Жамбыл ауданы аумағында орналасқан. Ол 2000 жылдардың басында орнатылған. Ашық дереккөздерде бұл нысанның ресми мемлекеттік жоба ретінде емес, жергілікті бастамамен қойылғаны жөнінде мәліметтер бар.
Кейбір ақпараттарға қарағанда, белгі Ресей - Қазақстан достығының символы ретінде қойылған. Алайда, құжаттық тұрғыда оның нақты қандай шешіммен және кімнің бастамасымен орнатылғаны туралы толық ресми түсіндірме жарияланбаған.