Ресейді қойып, Африкаға ауыз салды. Бүлік ұйымдастырған Пригожин Африкадан тосын видео жариялады
Пригожин «Вагнер» жасағының Африкадағы жұмысы туралы түсіндіріп, тосын видео жариялады, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
«Вагнер» жасағының телеграм-арнасында Евгений Пригожиннің видеосы жарияланды. Ол Африкадағы » ерекше тапсырмалардың» орындалу барысын баяндайды.
«Біз жұмыстамыз. Температура +50. Вагнер RPD жүргізеді (RPD — барлау қызметі болуы мүмкін), Бұл Ресейдің одан әрмен ұлылығын арттырып, барлық континенттерге үлкен ықпал етеді. Африкада мұны еркін жүзеге асырамыз», — дейді Пригожин.
Оның артында аласа ағаштар өскен жартасты ландшафт және бірнеше көлік байқалады. Өзі камуфляж киіп, автомат ұстайды.
Бірнеше минуттан кейін жарияланған келесі бейнежазбада Орталық Африка Республикасында «Орыс үйінің» «жаңа инвестициялық кеңсесі ашылатыны айтылады.
Көтерілістен кейін Пригожиннің нақты қайда екені белгісіз күйінде қалды. Шілде айының соңында Санкт-Петербургте өткен «Ресей — Африка» саммитінде жүрген Пригожиннің суреті пайда болды. Беларуссияда тамыз айының ортасына қарай заңды түрде «Вагнердің» «білім беру ұйымы» тіркелгені белгілі болды.
Еске салайық, 24 маусымға қараған түні Пригожин Ресейдің ресми әскери басшылығын соққы берді деп айыптап, өзі «әділет маршы» деп атаған әскери наразылық шарасын өткізген. Олар Дондағы Ростов қаласынан Мәскеуге 200 шақырым қалғанша жүріп барған. Бүлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Соңғы сәтте, ресми нұсқа бойынша, Беларусь президенті Александр Лукашенконың арашалауымен Пригожин мәмілеге келіп, әскерін Мәскеудің шетіне қайтарды. Сондай-ақ Ресей президентінің баспасөз хатшысы қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданғанын хабарлаған.