2 сәуірде Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Таңбалы: Бабалар коды» атты халықаралық көрменің ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Жаңа жоба «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы мен фотограф Владислав Кимнің бірлескен еңбегі ретінде ұсынылмақ. Көрменің негізгі мақсаты – Таңбалы петроглифтерін заманауи өнер мен цифрлық технологиялардың көмегімен көпшілікке тың форматта таныстыру.
Экспозицияда көне жартас суреттері «бабалар коды» ұғымымен сабақтастырылып, ата-бабалардың дүниетанымы, мифологиялық түсінігі, табиғат пен ғарышқа қатысты танымы символдық тіл арқылы көрсетіледі. Ұйымдастырушылар тарихи мұраның түпнұсқалық болмысын сақтауға және оны қорғауға басымдық берген.
Көрмеде иммерсивті мультимедиялық шешімдер қолданылып, келушілерге киелі мекеннің атмосферасын тереңірек сезінуге мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар, арнайы каталог пен петроглифтер негізінде дайындалған авторлық сувенирлер де көпшілік назарына ұсынылады.
Ауқымды мәдени шараға Алматыдағы ЮНЕСКО-ның өңірлік өкілдері, жартас өнерін зерттейтін шетелдік мамандар, дүниежүзілік мұра нысандарының басшылары, сондай-ақ қазақстандық археологтар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар мен музей саласының өкілдері қатысады деп күтілуде.
Көрме соңында «Жартас суреттерін витринасыз ұсыну: жартас өнерін таныстыру және кеңінен насихаттаудың заманауи тәсілдері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады.