Қарағандыда полиция саябақта аударылған батут иесін изоляторға қамады
Полиция Қарағандының орталық саябағында аударылған батут иесін ұстады деп хабарлайды Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Хабарламада 40 жастағы тұрғынды полицияның «қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, нысанды заңсыз және тиісті дәрежеде орнатпағаны үшін» уақытша қамау изяоляторына қамағаны айтылады.
25 мамырда Қарағандыдағы орталық саябақта қатты желден батут аударылып, соның салдарынан 11 жасар бала өлген, екі бала түрлі жарақатпен ауруханаға түскен.
Полиция «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару не қызмет көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қажетті сараптамалар тағайындалған.
Бұл оқиғадан кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі жеке кәсіпкерлерді балаларға арналған батуттарды ауа райы жақсарғанша алып тастауға шақырған. Ведомство өкілдері сонымен бірге жергілікті атқару органдарының балалар ойнайтын алаңдарды, батут орнатылған жерлердің қауіпсіздігін шұғыл түрде тексеруге көшкенін хабарлады.
Өткен жылы мамыр айында астанада қатты жел болып, балалар үстінде ойнап жүрген батут жылжып кетіп, бес бала ауруханаға түскен. 2017 жылы мамыр айында Павлодарда төрт бала зардап шеккен.