Ниязымбетов өзбек боксшылары кімнің арқасында жеңіп жүргенін айтты

0

Әділбек Ниязымбетов өзбек боксшыларының жаппай чемпион атануына қатысты бар шындықты айтты. Кәсіби мансабын аяқтаған отандық спортшы көрші елдегі әріптестері кімнің арқасында жеңіске жетіп жүргенін жайып салды деп жазады «Егемен Қазақстанға» сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: chinacar.spb.ru

Фото: chinacar.spb.ru

Боксшы 2016 жылы өзбекстандық Елшод Расуловпен жекпе-жегінде орын алған әділетсіздігін күйіне еске алды.

«2016 жылы Олимпиадаға азиялық іріктеу Қытайда өткен болатын. 81 келіде финалда бұрыннан келе жатқан қарсыласым Елшод Расуловпен қайта кездестім. Рингте бір-бірімізді енді аямастан ұрғыладық. Тіпті, оның тізерлеп қалған сәттері де болды. Бірақ, оған қарамастан жеңіс маған бұйырмады. Бұл кез келген спортшы үшін үлкен соққы», — деп бастады әңгімесін Ниязымбетов.

Оның айтуынша, қазақстандық боксшыны сүріндіруге төрешілер мүдделі болған.

«Сол кезде төрде Гафур Рахимов болды. Расуловпен кездесуден соң Азия бокс федерациясының президенті Серік Қонақбаев оның ықпал еткенін жасырмай айтты. Алайда, оны халыққа қалай түсіндіресің?!», — деді боксшы.

Әділбек күні кеше ғана АИБА-ның президенті болып сайланған Гафур Рахимовтың алдағы уақытта қазақстандық спортшылардың жекпе-жегіне ықпал етуін доғармайтынына нық сенімді.

«Оған былтырғы Азия чемпионаты мен Азия ойындары дәлел бола алады. Біздің көптеген боксшымыз жақсы өнер көрсеткеніне қарамастан бірінен соң бірі жеңіліп жатты. Оған АИБА-ның жаңа төрағасының тікелей ықпалы бар. Ол ақиқат.

Мысалы, былтыр Ташкентте өткен Азия чемпионатында өзбектердің 10 салмақтан 9 алтын алуы ақылға қонымсыз.

Сөз жоқ, өзбек құрамасында мықты боксшылар жетіп артылады, бірақ біздің құраманың жігіттері олардан асып түспесе, кем емес деп сенімді түрде айта аламын» , — деді Әділбек Ниязымбетов.

Оған қоса, боксшы бала кезінде өзіне тиесілі болған спорт шеберіне үміткер атағын Өзбекстанда бермей қойғанын да айта кетті.

Ниязымбетовтың мәлімдеуінше, өзбек бокс федерациясы қазақ баласының жүлдеге бір табан жақындағанын қаламаған.

«Жасөспірімдер арасында Өзбекстанның Жизақ қаласында өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атандым. Шарт бойынша топ жарған жас боксшылар спорт шеберлігіне үміткер атануы тиіс болған.

Алайда мен жеңіске жеткеніммен, өзбектің бокс федерациясы түрлі сылтау айтып, ақыр-соңы бермей қойды. Мені қазақ баласы деп шеттете бастағаны анық сезілген еді.

Өзбекстанда басқа ұлтты, оның ішінде қазақты бөлу қатты асқынғаны болар, жеңімпаз ретінде құрамаға да алған жоқ», — деп аяқтады сөзін боксшы.

Айта кетейік, бұған дейін Әділбек Ниязымбетовтың мансабын аяқтағаны туралы хабарлаған болатынбыз. Отандық боксшы денсаулығына байланысты былғары қолғаппен қоштасуға мәжбүр болған.