Жаңалықтар

Өзінің сөзі емес боп шықты: Кремльде сөйлеген Шахановтың сөзін кім жазып берген? (ФОТО)

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
Өзінің сөзі емес боп шықты: Кремльде сөйлеген Шахановтың сөзін кім жазып берген? (ФОТО)
Arasha.kz коллажы

Елге белгілі ақын, диссидент әрі қоғам қайраткері Арон Атабектің қызы Алма Нутушева әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің тағдыры мен оның тарихи рөлі туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жазбасында Алма Нутушева Арон Атабектің қайтыс болғанына қарамастан, әлі күнге дейін ресми түрде ақталмағаны қоғамда үлкен резонанс тудырып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қатысушылардың репрессия құрбандары мәртебесін алуына тікелей ықпал еткен негізгі тұлғалардың бірі – Арон Атабек.

"Арон Атабектің тіпті қайтыс болғаннан кейін де ақталмауы – бүгінге дейін қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр! Желтоқсан оқиғасынан кейін адамдардың репрессия құрбандары мәртебесін алуына Арон Атабектің тікелей еңбегі сіңді. Кремльде Мұхтар Шаханов оқыған хаттың авторы – дәл осы Арон Атабек. Арон мен оның бауыры Рашид Нутушев өз өмірлеріне зор қауіп төнгеніне қарамастан, Мәскеуге баруды ұйымдастырды. Бұл қадам тарихтың бағытын түбегейлі өзгертті. Бүгінде Қайрат Рысқұлбеков сияқты Желтоқсан қаһармандарының есімдері көшелерге беріліп жатыр. Ал Арон Атабек ше? Егер ол болмағанда, ештеңе болмас еді! Менің әкем – Арон Атабек, оның бауыры Рашид пен Хасен Қожахмет 1986 жылы алаңға алғашқылардың бірі болып шықты. Қаза тапқандарға аза тұту рәсімін өткізуді, Желтоқсан оқиғасына әділ баға беруді алғаш талап еткен де – Арон Атабек. Арон Атабектің арқасында Алматы қаласының Алатау ауданы құрылып, бүгінгі күнге дейін дамып келеді", – деп жазды Алма Нутушева.

Арон Атабек Нұтушев (1953–2021) – қазақстандық оппозиция жетекшісі, ақын, публицист әрі қоғам қайраткері. Ол Желтоқсан көтерілісіне қатысып, кейін ұлттық егемендік пен тарихи әділеттілікті талап еткен қозғалыстардың алдыңғы шебінде жүрді. «Жерұйық», кейін «Алаш» ұлттық қозғалыстарын ұйымдастырып, саяси қудалауға ұшырады. 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін тұтқындалып, 18 жылға сотталды. Құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп таныды. 2021 жылы денсаулығына байланысты бостандыққа шығып, сол жылы 24 қарашада Алматыда өмірден өтті.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz