Шоу-бизнес

«Әке ретінде сезінем”: Жахан Отарғалиев қуанышты жаңалығымен бөлісті

«Әке ретінде сезінем”: Жахан Отарғалиев қуанышты жаңалығымен бөлісті
Фото: видеодан скриншот

Актер Жахан Отарғалиев әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасымен жұртшылықты бейжай қалдырмады, деп хабарлайды kznews.kz.

Өнер иесі бұл жазбасында өзін бірнеше жылдан бері әке ретінде сезініп жүргенін алғаш рет ашық айтты.

Жаханның сөзінше, 2020 жыл оның өміріндегі ерекше кезең болған. Сол жылы Медина есімді қыз дүниеге келіп, оның дүниетанымын түбегейлі өзгерткен.

«Бұрын көп нәрсеге жеңіл қарайтынмын. Ал Медина өміріме келгеннен кейін жауапкершіліктің, мейірім мен қамқорлықтың не екенін шын түсіндім. Әкелік сезім мені мүлде басқа адамға айналдырды», — деп жазды ол.

Алайда актер бір жайтты нақтылап өтті: Медина — оның туған қызы емес, туған інісінің перзенті. Дегенмен қазақы салтқа сай, інісі оны кіндік әке ретінде таңдаған. Қыздың есімін өзі қойып, тұсауын да өзі кескенін айтты. Құжат жүзінде бала Жаханның атына тіркелген.

Актер бұл өмірде байлық пен атақтан бұрын, әкелік бақытты жоғары қоятынын жеткізді. Оның айтуынша, қызы бар әке — ең бақытты адам.

«Мен олигархтарға емес, қызы бар әкелерге қызығамын. Қазір өзімді бақытты көке санаймын. Алла қаласа, бір күні “әке” деген сөзді де естуді нәсіп етсін», — деп түйіндеді ол.

Желі қолданушылары актердің жазбасын жылы қабылдап, оған ізгі тілектерін арнады. Көпшілік «Алла тілегіңізді қабыл етсін», «Сүйінші сұрайтын күн алыс емес», «Бұйырсын» деген пікірлер қалдырған.

Ұқсас материалдар

Барлығы

Жаңалықтар

Тағы жаңалық
KZNews.kz