Мәжіліс отырысында депутат Абзал Құспан Қазақстанда тергеу изоляторларындағы өлім-жітім көрсеткіштері алаңдатарлық деңгейде екенін және қамауда отырған әйелдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутат тергеу изоляторларындағы өлім деректерін келтірді. Мысалы, 2022 жылы 133 адам қайтыс болған, оның 96-сы ауру салдарынан; 2023 жылы 119 өлім, оның 95-і аурудан; 2024 жылы — 148 өлім, оның 114-і ауру себебінен; 2025 жылы 11 ай ішінде 124 адам көз жұмған, оның 105-і аурудан.
Оның айтуынша, бұл жағдайларды «табиғи себептер» деп атауға болмайды.
«Бұл медициналық бақылаудың әлсіздігін, прокурорлық қадағалаудың және сот жауапкершілігінің жеткіліксіздігін көрсетеді», - деді Абзал Құспан.
Сондай-ақ депутат тергеу изоляторларында отырған әйелдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Бұрын құқық қорғау және мемлекеттік органдарда, соның ішінде сот жүйесінде қызмет атқарған ер адамдар арнайы мекемелерде жазасын өтесе, әйелдерге қатысты мұндай тәртіп қарастырылмаған. Нәтижесінде, бұрын полицияда, сотта, прокуратурада немесе ҚАЖ жүйесінде қызмет еткен әйелдер өздері кезінде қадағалаған немесе жауапқа тартқан адамдармен бірге қамалуға мәжбүр. Бұл олардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Депутат әйелдердің кісен салынған күйде босанатынын айтып, мұны азаптаумен теңестірді. Оның сөзінше, ұсталған және сотталған адамдарға кісенмен хирургиялық операция жасалады, ал әйелдер босану кезінде де кісенмен отырады.
«Заң бойынша адамды наркоз кезінде, операциядан кейін немесе босану барысында кісенде ұстауға жол берілмейді. Бұл — адамның құқықтарын шектеу және Конституцияны өрескел бұзу. Халықаралық құқық тұрғысынан бұл қатыгез әрі адамгершілікке жатпайтын әрекет, яғни азаптау», - деді ол.
Осыған байланысты мәжілісмен бірқатар талап қойды:
- тергеу изоляторлары мен ҚАЖ мекемелеріндегі өлім-жітімге құқықтық баға беру;
- қамауда отырған адамдарға көрсетілетін медициналық көмектің нақты жағдайын тексеру;
- хирургиялық операциялар, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде кісен қолдануды заң жүзінде толық тыйым салу.