Әлем

Қанға боялған мектеп: Ресейде 15 жастағы жігіт тәжік баласын өлтіріп кетті

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
Қанға боялған мектеп: Ресейде 15 жастағы жігіт тәжік баласын өлтіріп кетті

Сейсенбі күні таңертең Мәскеу облысындағы Горки-2 елді мекенінде жасөспірім мектепке шабуыл жасады. Ол білім ордасының ішінде газ шашып, кейін күзетші мен төртінші сынып оқушысына пышақпен шабуыл жасаған. Ауыр жарақат алған бала көз жұмды. ВВС-дің жазуынша, қылмысқа қатысты кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шабуыл жасаған жасөспірім – осы мектептің оқушысы, ол ұсталып, кінәсін мойындады, деп хабарлайды kznews.kz.

Мәскеу облысының полициясы таратқан ақпаратқа сәйкес:

"Бүгін таңғы сағат 9:00-де полицияға мектеп оқушысы күзетшіні пышақтап, газ баллончик шашып, кейін он жастағы оқушыға пышақ жарақатын салғаны туралы хабар түсті. Бала алған жарақатынан қайтыс болды", – делінген ресми хабарламада.

Ал Мәскеу облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ксения Мишонова Telegram желісінде:

"Үлкен қайғымызға орай, мектепте төртінші сынып оқушысы қаза тапты", – деп жазды.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, оқиға Мәскеу облысының батыс бөлігінде, Мәскеумен тікелей шектесетін Одинцово ауданының Горки-2 елді мекеніндегі Успен орта мектебінде болған. Бұл мектепте мыңнан астам оқушы білім алады, оның ішінде көршілес елді мекендерден келген балалар да бар.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, шабуыл жасаған адам – осы мектептің 15 жастағы оқушысы. Ол ұсталды. Ресей Федерациясының Тергеу комитеті кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.

Мәскеу облысы бойынша Тергеу комитетінің бас тергеу басқармасының өкілі Ольга Врадий журналистерге:

"Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті өз кінәсін мойындап отыр", – деді. Кейін кешке Тергеу комитеті жасөспірімнің кінәсін ресми түрде мойындағанын хабарлады.

Қаза тапқан баланың аты Кобилджон Алиев, ол Тәжікстан Республикасының азаматы болған. Бұл туралы Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі сәрсенбі күні таратқан мәлімдемеде айтылды. Ведомствоның хабарлауынша, шабуыл ұлтаралық өшпенділік негізінде жасалған. Осы оқиғаға байланысты Тәжікстан СІМ Ресейдің Тәжікстандағы елшісін шақырып, ресейлік биліктен қылмысты жедел әрі бейтарап тергеуді және кінәлілерді заң аясында қатаң жазалауды талап еткен нота табыстады.

Ресейдің Тергеу комитеті қаза тапқан баланың есімін ресми түрде жарияламады, сондай-ақ шабуылдың себептері туралы құқық қорғау органдары нақты мәлімдеме жасаған жоқ.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz