Қаржы

Мобильді аударымдар: салықтық бақылауға кімдер ілінеді

Азамат Қойшығара Азамат Қойшығара
Мобильді аударымдар: салықтық бақылауға кімдер ілінеді
Банк ЦентрКредит

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға қатысты салықтық бақылау қандай жағдайда қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, азамат фискалдық органдардың назарына тек үш шарт бір мезгілде орындалған жағдайда ғана ілігеді.

Атап айтқанда, аударымдар кемінде 100 түрлі адамнан түсуі тиіс, бұл процесс үш ай қатарынан (мысалы, қаңтар, ақпан және наурыз айларында) қайталануы қажет және осы кезеңдегі аударымдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асуы керек. Тек осы үш критерий сәйкес келген жағдайда ғана екінші деңгейлі банктер ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына талдау жүргізу үшін жолдайды.

«Екінші деңгейлі банктер бұл деректерді фискалдық бақылау үшін береді. Сонымен қатар жеке тұлғалардың шоттарын жабу мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Біз анықталған айырмашылықтар бойынша хабарлама жібереміз, содан кейін оны жеке кәсіпкер ретінде тіркеу қажеттілігі бар-жоғын нақтылаймыз. Қайырымдылық сияқты өзге де жағдайлар есепке алынады. Шоттарды автоматты түрде жабу болмайды», – деді Ержан Біржанов Үкіметтегі баспасөз конференциясында.

Вице-министр әлеуметтік желілерде тараған, «1 млн теңгеден асатын кез келген аударым адамды автоматты түрде жеке кәсіпкер болуға міндеттейді» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Сондықтан интернет-ресурстар мен блогерлерге ескертемін: әдейі жалған ақпарат тарату заң аясында жауапкершілікке әкеледі. Бұл тақырып қоғамда кең талқыланды, алайда тараған мәліметтер сенімсіз. Тек ресми дереккөздерден тараған ақпаратқа сенуді сұраймыз. Біз барлық фейк жаңалықтарды бақылап отырмыз және олар бойынша құқық қорғау органдарына материалдар дайындаймыз», – деп мәлімдеді Ержан Біржанов.

Қаржы министрлігі азаматтарды тек мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелері мен мәлімдемелеріне сүйенуге шақырды.
 

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz