Мирзияев Мәскеуге барарда ЕАЭО-ны еске алды. Өзбекстан одаққа мүше бола ма?

0

Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіру туралы келіссөзді қатар жүргізіп отыр.

АҚПАНДАҒЫ САПАРДЫҢ АЛДЫНДА

Ташкент өткен жылдың жазынан бері ДСҰ-мен, күзден бері ЕАЭО-мен мәмілені жиілете түскен. Сауда ұйымымен келіссөз ертерек басталғанымен, ЕАЭО-мен арадағы талқы бірден қоғам назарын аударатын оқиғаға айналды.

Өткен аптада президент Шавкат Мирзияев та Еуразия экономикалық одағына мүшелікке өтудің әлі де талқыланатынын мәлімдеді. Ал оның алдында ғана Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ташкентте болып, Өзбекстан басшысының 5 ақпанға жоспарланған Ресейге сапарын пысықтап қайтқан.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) және Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов құжаттарға қол қою рәсімінде. Ташкент,16 қаңтар 2020 жыл.

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров (сол жақта) және Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов құжаттарға қол қою рәсімінде. Ташкент,16 қаңтар 2020 жыл.

Президент Шавкат Мирзияев өткен бір аптаның ішінде парламентте үш рет сөз сөйледі. Соның екеуінде ол ЕАЭО-ға қатысты мәселе туралы айтты. Өзбекстанның жаңадан сайланған сенатының алғашқы отырысы 22 қаңтарда өтіп, оған президент қатысқан. Ал 24 қаңтардаға парламент палаталарының біріккен отырысында Мирзияев кезекті жылдық жолдауын жариялады. Жолдауда айтылған мәселелердің кейбірі сенатта аталған жайларды тарқатып түсіндіруге арналды. Соның бірі Өзбекстанның ЕАЭО-ға мүшелікке өту-өтпеуіне қатысты болды.

БАҚЫЛАУШЫЛЫҚ

Сенаттағы сөзінде президент Мирзияев Еуразия экономикалық одағының атын атамастан, одаққа мүше елдер – Қазақстан және Ресеймен интеграциялық байланыстар туралы айтты. Ол Қазақстанда және Ресейде жұмыс істейтін Өзбекстан азаматтарының мүддесі үшін де одаққа енуді жақтайтындығын білдірді

Өзбекстан президенті бұдан бұрынғы сарапшылар арасында ЕАЭО-ға мүше болу тәуелсіздіктен ажыратады деген пікірді де жоққа шығаруға тырысты. «Саяси жағынан алып қарағанда, ешкім тәуелсіздікті қолдан берейін деп отырған жоқ» деген Мирзияев Өзбекстанның ЕАЭО-ға мүше болу-болмауы ұйымға бақылаушылық жасаған кезде белгілі болатынын айтты.

«Бақылаушы деген – мүше болу дегенді білдірмейді. Бақылаушы статусында ненің жақсы, ненің жаман екеніне көз жеткіземіз» дейді Өзбекстан президенті.

Мирзияев бұған қоса өзінің Санкт-Петербург қаласына барғанда Ресей президенті Путинмен «көп нәрсені келісіп келгенін» де айтып қалған. Өзбекстан президенті былтыр желтоқсан айында ТМД басшыларының Санкт-Петербургтегі бейресми саммитіне барып қайтқан болатын.

ПОТЕНЦИАЛ ЖӘНЕ «ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ»

24 қаңтардағы парламентте жариялаған жолдауында президент Мирзияев транзит, логистика және арзан тасымал жайында сөз қозғай келіп, Өзбекстанның тиісті мүмкіндіктерді өз деңгейінде пайдаланбай отырғанын айтты. Ол премьер-министрдің бірінші орынбасары мен транспорт министрін тұрғызып қойып, «ұйықтап отырсыңдар» деп сынаған.

Парламентте сөйлеп тұрған Шавкат Мирзияев. Ташкент, 21 қаңтар 2020 жыл.

Парламентте сөйлеп тұрған Шавкат Мирзияев. Ташкент, 21 қаңтар 2020 жыл.

Мирзияевтың айтуынша, елдің транзиттік потенциалын қазіргі 7 миллион тоннадан 16 миллион тоннаға дейін арттыруға болады. Бұған қоса Өзбекстан президенті жаңа нарыққа сапалы өнім шығарудың қажеттілігіне тоқталған. Ол Ресей мен Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Өзбекстан азаматтары мәселесін де ескере келгенде «экономикалық интеграцияны кеңейтудің қажеттілігін жақсы түсінеміз» деген.

Мирзияевтың айтқандарына қарағанда, Өзбекстан ЕАЭО-мен «өзара іс-қимыл орнату» жайын зерттеу үстінде. Депутаттар мен сенаторлар да бұл мәселені жан-жақты талқылап барып, өз ұстанымдарын білдіретін болады. Президент Мирзияев бұған қоса Дүниежүзілік сауда ұйымымен диалог жүргізіліп жатқанын айтқан.

РЕСЕЙШІЛ ҰЙЫМДАРДАН ШЫҒУ ТӘЖІРИБЕСІ

Ескере кететін жай – былтыр қазан айында АҚШ сауда министрі Уилбур Росс Өзбекстанның ЕАЭО-ға кіруі ДСО-мен арадағы мәмілені «күрделендіріп», «созып жіберуі» мүмкін екенін айтқан. Ал қазан айының басында Ресей Федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко Ташкентке сапарында Өзбекстан мен Ресей арасында одаққа кірудің мүмкіндіктері мен қатерін сараптайтын жұмысшы тобы құрылғаны белгілі болған.

Өзбекстан президентінің өткен аптадағы интеграция және ЕАЭО туралы айтқандары Ташкенттің бұл мәселені назарда ұстауға тырысатынын байқатады. Өзбекстанның ұйымға кіру-кірмеуі немесе қашан кіретіні туралы болжамдар да әртүрлі. Мирзияевтің бақылаушы болуды меңзеуі де топшылауды көбейтіп жіберген.

ЕАЭО-ға мүше Ресей, Қазақстан, Қырғызстан басшылары: Владимир Путин, Нұрсұлтан Назарбаев, Сооронбай Жээнбеков және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. 2018 жыл.

ЕАЭО-ға мүше Ресей, Қазақстан, Қырғызстан басшылары: Владимир Путин, Нұрсұлтан Назарбаев, Сооронбай Жээнбеков және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. 2018 жыл.

Әдетте аймақтық немесе халықаралық ұйымдарға бақылаушы болған елдер көп ұзамай мүшелікке қабылданып жатады. Алайда Өзбекстанның 2008 жылы ЕАЭО-ның алғашқы нұсқасы Еуразия экономикалық қауымдастығына екі жыл мүшеліктен кейін шығып кетуі, 2012 жылы алты жыл мүшеліктен соң Ұжымдық қауіпсіздік ұйымынан да шығуы Ташкенттің керек жағдайда бағытты өзгерте алатынын көрсетті.

«КЕЛІССӨЗ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАДЫ»

Бұрын Өзбекстан үкіметінде қызмет атқарған қазақстандық экономист Сапарбай Жобаев бұл елде Ислам Каримов дәуірінде нақты макроэкономикалық көрсеткіштердің жоғары көрсетіліп бұрмаланып келгеніне назар аудартады.

— Сол кезде статистикалық деректерді өзгерту, ұлттық валюта бағамын жасанды түрде ұстап тұру белең алған еді. Алайда Мирзияевтың реформалары барысында шынайы көрсеткіш енді ғана нақтыланып жатыр. Қазір Өзбекстанның да макроэкономикалық көрсеткіштері төңіректегі Тәжікстан және Қырғызстанмен бірдей болып қалды, — деген ол ЕАЭО-ға мүше болуды әлі нақты шешпеген Өзбекстанның ерекшеліктеріне де тоқталды.

Айтуынша, “Орталық Азияның 48 пайыз тұрғынын Өзбекстан құрайды. 2017 жылы бес жылдық стратегиялық жоспар қабылданып, Өзбекстан шекаралық базарларға аздап болса да мүмкіндік бергенімен оны қайтадан шектеп тастады. Бұған қоса жоғары технологиялы елдер де Өзбекстанға инвестиция әкелуге асықпай отыр”.

Экономист Сапарбай Жобаев Өзбекстанның шекараны ашуы ұзаққа созылмағанын еркін саудаға жасалған кедергі деп санайды. 2018 жылдан бастап Өзбекстан ішкі өндірісін қолдау және ішкі нарықты дамыту бағытында шекаралық базардың дамуын тежеп тастаған.

— Бұл – ДСО мен ЕАЭО талаптарына қайшы. Осындай шектеу қою арқылы Өзбекстанның бұл ұйымдарға жақын арада мүше болуы екіталай, — деген экономист Қазақстан мен Ресейдің ДСҰ-ға мүше болуы үшін келіссөздің ұзақ жүргенін еске алады. Мәселен, Қазақстанның осы ұйымға мүше болуына 20 жылдай уақыт қажет болған (Қазақстан ДСҰ-ға 2015 жылы қабылданды).

«ӨЗБЕКСТАН ОДАҚҚА БИЫЛ ҚАБЫЛДАНУЫ МҮМКІН»

Парижде тұратын өзбекстандық саясаттанушы Камолиддин Раббимов Өзбекстанның өз ішінде ЕАЭО-ға мүшелікке өтуді қаламайтын топтан гөрі қалайтын топтың қарасы басым деп есептейді. Оның айтуынша, батыста оқыған зиялы қауым өкілі ЕАЭО-ны экономикалық ұйым емес, Ресейдің геосаяси жобасы ретінде таниды.

— Бұл либералды топ Өзбекстан одаққа кірсе, геосаяси тәуелсіздігін жоғалтып алады деп қауіптенеді. ЕАЭО елдің ішкі саясатына әсер бермегенімен, сыртқы саясатта геосаяси тәуелсіздікті шектейтін органға айналмақ. Әсіресе, бұл Өзбекстанның батыс елдерімен, Америкамен байланысында анық көрінетін болады, — дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.

Оның айтуынша, Өзбекстанның одаққа өтуі туралы әлеуметтік зерттеу немесе референдум өткізілетін болса, таразының екінші жағындағы көпшілік оны жақтауы мүмкін. Мұның себебін сарапшы былай түсіндіреді.

— Өзбекстан қоғамында жұрт қандай болса да өзгерістің болғанын қалайды. Өйткені Өзбекстанда совет кезінен қалған әлдебір жетістікке бөлену туралы сөздер адамдарды әлеуметтік тұрғыда шаршатып жіберген, қоғамды сенімсіздік терең жайлап алған. Оның үстіне Мирзияевке де құлай сенген ешкім жоқ. Оның реформаларына сеніммен қарағаннан гөрі скептицизм өте терең. Бірақ өзгерісті қалағандықтан ғана тұрғындар ЕАЭО-ны жақтап шығуы мүмкін. Ал Мирзияевтің өзі ЕАЭО-ға кіруге бейімділігін көрсетіп, оны пайдалы деп санайды. Бірақ сөйте тұра сақтанады, — дейді Камолиддин Раббимов.

Сарапшы Өзбекстанға Мәскеу тарапынан көрінбейтін қысымның болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ол «2020 жылы Өзбекстан ЕАЭО-ға әуелі — бақылаушы, жыл соңына дейін мүшесі болуы мүмкін деп ойлаймын» дейді. Мұндай пікірлер соңғы кезде баспасөзде жиі айтылатын болған.

Өзбекстан президенті «Депутаттар мен сенаторлар де бұл мәселені жан-жақты талқылап барып, өз ұстанымдарын білдіреді» дегенімен сарапшы парламентті президентке тәуелді деп есептейді.

— Депутаттар мен сенаторлар президенттің ішкі қалауына қарай жұмыс жасайды. Президент парламентке сілтесе, кейбір депутаттар болмаса, олардың көбі Мирзияевты қолдап шығады, — дейді Камилоддин Раббимов Азаттыққа.

ЕАЭО 2014 жылы құрылып, 2015 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Оған Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мүше. Молдова бақылаушы мәртебесіне ие.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін).

Azattyq