Коммунистердің геноцидін Кремль неге мойындамайды?

0

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Украинадағы 1932-33 жылдары болған ашаршылық Голодоморды геноцид деп танитын қарар қабылдады. Мұндай құжатты бұдан сәл бұрын АҚШ сенаты да қабылдаған. Украина президенті Петр Порощенко  мұны «украиналықтар ондаған жыл күткен тарихи шешім» деп бағалапты. Жалпы, Украинадағы аштықты әлемдегі 20-ға тарта мемлекет геноцид деп таныған.

 Қазақтың ресми тұрғыдан мәлімдей алмай күмілжіп жүрген мәселесін Украинаның саяси элитасы 2006 жылы-ақ қабырғасынан қойған  – отызыншы жылдардың ойранына ойып тұрып саяси баға берген. Коммунистердің қолдан ұйымдастырған ашаршылығын ұлы ұлттық апат, украин халқына мемлекеттік ауқымдағы мақсатты түрде жасалған геноцид деп бағалаған. Дәл қазір 20-ға тарта елдің парламенті ашаршылықты украиндықтарға қарсы жасалған геноцид ретінде мойындады.

Ал біздің Парламент  «30-шы жылдардағы аштықты бодан халықтарға қарсы жасалған геноцид болды» дегенді әлі күнге ресми түрде  қолдай отыр.

Украин тарихшыларының мәліметінше, әр түрлі есептеулер бойынша 1932-33 жылдары елде төрт миллионнан он миллионға дейін украин немесе халықтың он пайыздан 25 пайызына дейін аштан қырылған. Осы есепке жүгінсек, украиндардың аштықтан қазасы қазақтың қырылғаны қасында түк емес (егер осылай айтуға болса). Халық санына шаққанда, украиндардың ең асып кеткенде 25 пайызы, ал қазақтың тең жартысы,  кем санағанның өзінде қырық пайызы қырылған!

Ендеше бұрынғы КСРО-ның заңды мұрагері ретінде бүгінгі Ресей билігі аштықтан қырылған ұлттардан, оның ішінде қазақ халқы басты орында, ресми түрде кешірім сұрауы тиіс еді!

Кешірім сұрауды айтамыз,  Ресей билігі оны тіпті мойындамай да отыр.

Мойындамағаны сол, Ресей өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы КСРО-дағы аштық құрбандарын ұлқа бөліп-жарып қарауға басыбүтін қарсы. РФ Мемдумасы ашаршылық тақырыбын саяси саудаға салмауға шақырған арнайы өтініш қабылдады. Онда: «бұл трагедия этникалық белгісі бойынша (бұрынғы КСРО басшылығы тарапынан) ұйымдастырылғаны жөнінде ешбір тарихи куәлік жоқ. КСРО-ның миллиондаған азаматтары, түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бірдей ашаршылық құрбандары болды. Ендеше бұл трагедия халықаралық бекітілген геноцид белгісі бола алмайды және болуға тиіс те емес» делінген.

Қолдан жасалған геноцид болмаса, коммунистер қазаққа көпе-көрнеу мүйіз бен тұяқ тергізтер ме еді?! Тартып алған мал мен жылқыны тірідей отқа өртер ме еді?! Ақыры не болды, қойдан қоңыр қазақ баласы көрден қазып адамның етін жеді. Әкесі баласының тірідей, баласы әкесінің тірідей етін кесіп жеді. Төрт миллион қазақ жейтін мысық пен ит таппай, аштан бұратылып өлді. Осыған қалайша көз жұмуға, дәтің барып айтпауға, ұмытуға, шыдауға, шыңғырмауға болады?!

1897 жылы өткен Ресей империясындағы халық санағының ресми статистикасы бойынша, өзбектің саны 1 млн. 690 мың, ал тәжіктің саны 350 мың болыпты. Ал сол кезде қазақтың саны 4 млн. 84 мың адам болған. Ал содан тура 100 жыл өткенде өзбектің саны 25 миллионға жуықтап,  қазақтың саны 9 миллионға әзер жетті. Аштықтан қырылмағанда қазақтың саны дәл бүгін 40 -50 миллионнан асуға тиіс еді.

Кезінде марқұм таришы Кеңес Нұрпейісов: « Бұл қолдан жасалған геноцидті анау-мынау демей, тура Ұлттық Апат деп атағанымыз жөн! Ашаршылық дегенде жұрттың санасында 1932 жылғы аштық қана тұрады. Олай емес. Жүйелі түрде қолдан жасалған үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде – 1917-1919 жылдары Түркістан өлкесін, еліміздің оңтүстік өңірін жайлаған қолдан ұйымдастырылған аштықта 1 миллионнан астам қазақ аштан қырылған. Екінші кезең – 1921-1924 жылдары болған нәубетте қазақтың төрттен бірі аштан қырылған. 1922 жылы Мұхтар Әуезов 20-шы жылдары 1 млн. 700 мың қазақ қырылғаны туралы қазақ зиялыларының бас қосуында баяндама жасаған . Үшінші кезең – 1931-1933 жылдары болған ең сұмдық аштықта халқымыздың тең жартысы қырылды. Міне, кеңестік дәуірдің осы үш кезеңінде аштық 4 миллион қазақ баласының басын жұтты. Сондықтан ашаршылық тарихына ерекше мән беріп, әлемдік тәжірибеден үлгі алу керек. Мәселен, фащизм көзін жойған алты миллион жебірейге арналған Иерусалимде мұражай бар. Сондағы Есімдер залында құрбан болған екі миллионнан астам жебірейдің аты-жөні тіркелген. Күңіренген диктор дауысы азалы музыка аясында сол есімдерді тізбелеп тұрады. Біздегі ашаршылық осыдан кем бе?! Бізде де орны толмас қасіретті халық жадына мәңгі салып тұратын, Ұлттық Апатқа арналған ерекше мұражай – ескерткіш болу керек. Осы мақсатта Парламент депутаттары арнайы тарихи құжат қабылдауы тиіс» деп еді.

Әрине, аштық тек Украина мен Қазақстанда  ғана емес, Белоруссия, Кубан мен Повольже, Солтүстік Кавказ, Орал, Қырым, Батыс Сібірдің жартысы, Орта Азияны қамтығаны белгілі. Орыстардың есебінше, Ресейде алты миллиондай адам, Қазақстанда бір миллион адам (!) аштық құрбандары болған. Бір миллион емес, жоғарыда айтылған үш кезеңде төрт миллион қазақтың қырылғанын Украина сияқты Ресейдің көзіне шұқып көрсете алмай отырмыз.

Кремльдің келмеске кеткен коммунист басшылары жасаса да,  бүгінгі Ресей билігі  30-жылдардағы ашаршылықты ұлттарға қарсы жасалған геноцид ретінде мойындаудан  ат-тонын алып қашады. Кезінде қолдан қырылған 6 миллион жебірейдің, он миллион украинның жоқтаушысы бар, АҚШ-тай мықты қолдаушысы бар. Ал  4 миллион аштан қырылған қазақтың  қасіретін  әлем тұрмақ, өз ішімізде геноцид  ретінде бағалай алмай біз отырмыз.

Төреғали ТӘШЕНОВ

«Қамшы» сілтейді