Иранға айналған Ресей

0

Тарихта SWIFT жүйесінен ажыраған бір ғана елдің кейсі бар. Ол – Иран. Сарапшылардың топшылауынша, енді Ресей экономикалық тұрғыда Иранның жолын қайталайды. Иран астыртын сауда операцияларын Дубай арқылы жүргізіп келгенін ескерсек, Ресей үшін бұл жолғы Дубай – Қазақстан болмақ.

Ресейді өздері алдын-ала жоспарлай алмаған ауыр сценарий күтіп тұр. Тіпті бұл жағдай Ирандікінен де ауыр болуы мүмкін. Бірақ Иранның моделіне сүйеніп, Ресейдегі ертеңгі жағдайды біршама топшылауға болады.

Шойгу Путиннен қалай алыс отырса, Ресей енді экономикалық өсімнен одан сайын алшақтап кетті. Фото: kremlin.ru

2012 жылы Иранның әскери ядролық бағдарламасына жауап ретінде ауыр санкциялар енгізілген еді. Иранның «Saderat Bank», «Bank Mellat», «Post Bank of Iran» және «Sepah Bank» ірі банктері SWIFT жүйесінен ажырап, халықаралық операциялардан шеттетілді. Есеп айырысу жүйесіне салынған санкциялар мен шектеулердің салдарынан экономиканың көптеген салалары зардап шекті. Иранның мұнай өндірісі тәулігіне 3,7 млн ​​баррельден 2,7 млн ​​баррельге дейін, 27%-ға төмендеді.

Ақшалай есептегенде, Иранның мұнайдан түстетін табысы 2011 жылы 118 миллиард доллардан 2013 жылы 53-56 миллиард долларға дейін екі есеге қысқарды. Елдің ішкі жалпы өнімі 2012 жылы 7,7 пайызға, ал 2013 жылы тағы 0,3 пайызға құлдырады.

Иран Орталық банкінің деректері

2021 жылы Ресей ішкі жалпы өнімі 4,6 пайызға өскен болатын. 2022 жылдың қортындысын шамалаудың өзі қорқынышты. Бірақ қазірдің өзінде құлдырау кем дегенде 15 пайыз болады деген болжамдар айтыла бастады. Негізі Дүниежүзілік банктің шолуын күту керек. Батыс тарапынан әлі де салынар санкциялар болатынын, оның үстіне Ресей Орталық банкінің халықаралық резервтерінен айрылып қалғанын ескерсек, солтүстіктегі көршіміздің толық банкроттық жағдайға жетеріне еш күмәніміз жоқ.

Иран үшін санкцияларды айналып өтудегі негізгі делдалдардың бірі Дубай болды. Иранға географиялық жақындық, либералды іскерлік климат, сондай-ақ үлкен теңіз портының болуы Дубайды ирандық Гонконгқа айналдырды. Дубай Иран бағытынан көптеген дивидендтер алды. Қазақстан да Ресейдегі жағдайды транзит және сауда-логистикалық тұрғысынан ұтымды пайдалана алады. Бірақ бұл жерде де Батыстың оң қабағы керек екенін түсінеміз.

Жалпы қазіргі жағдайдағы біздің экономикалық бағытымыздың контуры наурыз айынан кейін белгілі болады. Ең бастысы – санкцияларға ілікпеу. Және шикізат экспортының Ресей арқылы емес, балама жолдарын іздеу болып тұр. Chevron сынды алпауыттың елден кетпеуін ойластыру қажет.