Қызылорда–Павлодар бағытындағы №117 пойызда болған оқиға қоғамда қызу талқыға түсті. Жолаушылардың бірі кәмелетке толмаған баласымен бірге келе жатқан әйелге мас күйдегі ер адамның тиісіп, әдепсіз әрекет көрсеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желідегі Threads қолданушысының жазуынша, жағдай 26 сәуірге қараған түні шамамен 00:30-да Қазалы станциясында болған. Әйелдің айтуынша, ол баласымен купеде жалғыз отырған кезде, белгісіз ер адам сол вагонға ауыстырылып әкелінген.
Жолаушының сөзінше, ер адамға бастапқыда 29-орын берілгенімен, оны отырған купедегі 1-орынға орналастырған. Мас күйде болған жолаушы агрессия танытып, балағат сөздер айтып, мазасын алған. Бұл жағдай өзге жолаушылардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақ тудырған.
Оқиға ушыға түскен соң әйел полицияға хабарласқан. Қоңырау 102 нөміріне түнгі 03:17-де түскен. Алайда полиция қызметкері тек таңертең, шамамен бес сағаттан кейін келіп, түсініктеме алған. Сол сәтте әйел шағымы жоқ екенін көрсететін құжатқа қол қойғанымен, кейін бұл шешіміне өкініш білдіргенін айтты.
Ол мұндай қадамға бірнеше күн ұйқысыз жүргені мен физикалық шаршау, сондай-ақ өзі мен баласының қауіпсіздігіне алаңдағаны себеп болғанын түсіндірді. Кейін жолаушы ресми түрде қайта шағым түсіретінін жеткізді.
Әйелдің айтуынша, қандай жағдай болмасын жолаушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі тиіс және ол оқиғаның жан-жақты тексерілуін талап етеді.
Әлеуметтік желі қолданушылары видеодағы ер адамды танымал жайдарманшы Ақылбек Скендіров деп болжауда.
Көліктегі полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру басталғанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, іс Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінде тіркелген. Қазіргі уақытта барлық мән-жай анықталып жатыр, ал кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады.дл