Қазақстандық блогер Қайсар Хамза Қаржы мониторингі агенттігі оны іздеуге жариялағаннан кейін алғаш рет байланысқа шығып, видеоүндеу жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол қазіргі уақытта Вьетнамның Нячанг қаласында жүргенін айтып, жақын күндері Қазақстанға оралуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Блогер өзіне қатысты «ұсталды» немесе «қамауға алынды» деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, жергілікті иммиграциялық қызмет тек құжаттарды рәсімдеу үшін төлқұжатын уақытша алған, ал қамау фактісі болмаған.
Сонымен қатар, Қайсар Хамза экстрадиция мен ықтимал сот процестеріне қатысты мәселелер қаралып жатқанын айтты. Толық мәлімет бермеген ол оқырмандарынан қолдау білдіріп, тілек айтып, дұға жасауды сұрады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде белсенді болмаған уақытында алаңдаушылық танытқан жандарға алғысын жеткізді.