ФОТО: Қазақстандық 3 спортшы Олимпиада медальдарына ие болды

0
ФОТО: Қазақстандық 3 спортшы Олимпиада медальдарына ие болды


Халықаралық Олимпиада комитеті қазақстандық үш спортшыға Олимпиада медалін табыс етеді.

Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, бұл жөнінде ХОК-тан бүгін ресми хабарлама келген. Атап айтқанда, зілтемірші Алла Важенина мен Анна Нұрмұхамбетова және жеңіл атлет Ольга Рыпаковаға бірнеше жылға созылған тексеруден соң Олимпиада медальдары беріледі. Халықаралық Олимпиада комитеті мен Спорттық арбитражды соттың тәртіптік комиссиясы 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 75 келі салмақта бірінші орын иеленген қытайлық Лей Цаоның спорттан шеттетілгенін хабарлайды. Сол себепті Халықаралық ауыр атлетика федерациясының қайта тексеруінен соң қазақстандық Алла Важенина Бейжің Олимпиадасының алтын жүлдегері деп танылды. 

Сонымен қатар, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында үш қарғып секіруден төртінші орын иеленген Ольга Рыпакова спортшылар допинг-сынамасын қайта тексерген соң Олимпиаданың күміс жүлдегері деп танылды. ХОК пен CAS тәртіптік комиссиясы ресейлік Татьяна Лебедева мен грекиялық Хрисопия Девициді спорттан шеттетті. 

2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ауыр атлетикадан 69 келі салмақ дәрежесінде 5-ші орын иеленген қазақстандық Анна Нұрмұхамбетова Олимпиаданың қола жүлдегері деп танылды. Мұндай шешімге тәртіптік комиссия Олимпиада ойындарында тиісінше екінші және үшінші орын иеленген Марина Шкерманкова мен Дина Сазановецті спорттан шеттеткен соң қабылдады. 

Осылайша Алла Важенина 2008 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Ольга Рыпакова Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері және Анна Нұрмұхамбетова Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. 

Дереккөз: ҚазАқпарат