Дана Есеева: Мейіржан екеуміз үйленгенде екеумізде де бір тиын ақшамыз болған жоқ

0

Актриса, блогер Дана Есеева жолдасы Мейіржан Төребаевпен жетістікке жету жолын айтты. Отбасындағы татулық және ер мен әйелдің рөлін көрсетті. Бір тиынсыз қосылған жұптың бүгінде жеке бизнесі, өз аудиториясы бар.

Бұл туралы Дана Есеева Динара Сәтжанмен болған сұхбатында айтты.

Дана Есеева бала күнінен көпшілік назарында жүргенін айтады. 8-сыныпта интернатқа көшіп, ата-анасыз өмір сүрген. Үлкен өмірге ерте келген. Алматыға оқуға түскеннен-ақ қосымша жұмыс істеп табыс тапқан екен.

«Алматыға келген соң түнгі уақытта казинода жұмыс істедім. Деканатта жарты ставкада жұмыс істедім. Университетте хареограф болып жұмыс істедім. Солай жастайымнан жұмысқа араласы кеттім. Саудамен айналыстым. Қырғызстаннан товар әкеліп сататынмын. Мейіржан екеуміз махаббатпен қосылдық. Екеумізде де артық ақшамыз болған жоқ. Қалада пәтерден пәтерге көштік. Перзентханадан шыққанда жалдамалы пәтерге келетінбіз. Қаланың әр ауданы қандай екенін білемін. Себебі пәтерде көп тұрдық», – деді Дана.

Айтуынша, ол дүкен ашып, кәсіпкерлікті қолға алғанда Мейіржан вайн түсіруге ұсыныс айта бастаған. Ол бұған келісім беру үшін екі жыл ойланғанын айтады.

«Ол кезде Инстаграмның жаңа шығып жатқан кезі. Мейіржан маған қысқа әзілдер түсірейік деді. Мен ұялдым. Ойнауға ұялдым. Мені ешкім танымайтын еді. Солай бас тарттым. Кейін басқалар шыға бастады. Мейіржан маған тағы ұсыныс айтты. Мен бас тарта берген соң, ол басқа актриса іздеп, бірге ролик түсіретінін айтты. Содан кейін менде қызғаныш пайда болды.

Екі жылдан кейін мен онымен әзіл түсіруге кірістім. Солай әзілдеріміз басталды. Бізді аудитория жақсы қабылдады. Мен жайлы сұрастыра бастады. Көбі Мейіржанды бойдақ деп ойлайтын еді. Менің парақшамның өзіне көп оқырман жазыла бастады. Солай вайнға келдік. Бірақ Мейіржанның әзілдерінде арзан күлкі емес, мақсат тұрады. Оны түсінген адам түсінеді. Түсінбегендері тек күледі. Ол өте интеллектуалды жан. Әзіл айта білу де ақылдылықтың белгісі деп есептеймін», – деді Дана Есеева.

Бір кездері жинаған 20 мың долларын алаяққа берген олар , 2019 жылы ғана өз баспаналарына қол жеткізген. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген екен.

«Мен де, Мейіржанда бірге жұмыс істеп жатқандықтан бір-біріміздің ақшамызды есептемейміз. Сенің ақшаң қайда деп сұрамаймын. Мен мынаны алып жатырмын деп міндет қылмаймын. Бұрын сондай едім. Мен жас болдым. Өзімнің онымен тең жұмыс істеп жатқанымды айтып, бірдей қоятынмын. Көп әйел секілді мен де ер адамды сыйламадым, мен де қателестім. Өзімнің мықты екенімді көрсеткім келді. Мейіржан оны көтере алды. Кейіннен бұлай болмайтынын түсініп, ара қатынасымды өзгерте бастадым. Ер адамның алдында әйел болу керек. Одан бірнәрсені өтіну керек. Оның саған керек екенін ұғындыру керек. Бәрін өзің жасай алатын болсаң, ер адам сенің жаныңда өзін керексіз сезінеді. Өзін ыңғайсыз сезінеді. Ана болу мен әйел болу басқа. Сондықтан даналық жылдар өткен сайын толыға бастады. Қазір бұрынғы Дана емеспін. Қазір ер азаматты бірінші орынға қоямын. Сонда ғана отбасында татулық болады», – деді актриса.

Ерлі-зайыпты танымал болмай тұрып тойларда суретке түсіріп, табыс тапқанын айтады. Кейін келе үлкен жұмысты қолға алып, бірлесіп баспаналы болды.