Чернобыль апатының салдары әлі күнге дейін сезіледі
1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында болған апаттан кейін пайда болған радиация деңгейі жоғары аймақтарда шамамен бір жарым миллион ресейлік тұрып жатыр. Олардың 200 мыңы ғана тұрақты қоныстанған. Апаттың 33 жылдығын атап өту шарасында ұлттық радиация-эпидемиологиялық регистр ғалымдары осындай дерек айтты.
Ғалымдардың айтуынша, ұлттық радиация-эпидемиологиялық регистрінде апат кезінде радиация әсеріне ұшыраған 700 мыңнан астам ресейлік тіркелген. Олардың 200 мыңы — Чернобыль апатының салдарын жоюға атсалысқан азаматтар. Ал 350 мың адам — станцияға жақын орналасқан Ресейдің Калуга, Орлов, Брянск және Тула облысының тұрғындары.
Жыл сайын медициналық тексеруден шамамен миллион адам өтеді, олардың төрттен бір бөлігі — балалар.
1986 жылы 26 сәуірге қараған түні Чернобыль атом электр станциясының төртінші энергетикалық блогында жарылыс болып, Еуропаның 200 мың шаршы шақырым жері радиоактивті заттармен ластанды. Бұл негізінен Украина, Беларусь және Ресей аумақтары. Мыңдаған адам зардап шекті. Айналаға жалпы қуаты шамамен 50 миллион кюриді құрайтын радиоактивті заттар тараған. Бұл ғалымдардың есептеуінше, Жапонияның Хиросима қаласына 500 рет тасталған атом бомбасының салдарына пара-пар. Мамандар Чернобыль апатын әлемдегі ең ірі апаттар қатарына жатқызады.
1986-1992 жылдар аралығында Қазақстаннан 35 мыңнан астам адам Чернобыль апат салдарын жоюға жіберілген.