БҰҰ миссиясы Ауғанстанда бейбіт тұрғындарға шабуыл жиілегеніне алаңдайды

0

Біріккен ұлттар ұйымының Ауғанстанға қолдау көрсету миссиясы (UNAMA) мұсылмандар қасиетті ай санайтын Рамазан кезінде елде зорлық-зомбылық көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. UNAMA 13 мамырда жариялаған баяндамасында тәліптердің бейбіт тұрғындарға жасаған «қасақана» шабуылдарын сынға алған.

UNAMA Ауғанстан үкіметі мен тәліп содырлары арасында 18 жылдан бері жалғасып келе жатқан қарулы қақтығысты Рамазан айында доғаруға тағы бір рет шақырды. UNAMA басшысы Тадамити Ямамото «Бейбіт тұрғындарға қасақана не кездейсоқ шабуыл жасауды ештеңе деп ақтап алуға болмайды» деп мәлімдеді.

Көп елде тыйым салынған «Талибан» қозғалысы бұған дейін Вашингтонмен келіссөз жүргізгенімен, соңы сәтсіз аяқталған. Тәліптер «АҚШ пен НАТО күштері Ауғанстаннан кетсе ғана шабуылымызды тоқтатамыз» деп талап қойған.

UNAMA миссиясының баяндамасына қарағанда, 8 мамырда тәліптердің Кабулдағы гуманитарлық ұйым ғимаратына жасаған шабуылынан алты бейбіт тұрғын қаза тауып, 28 азамат жарақат алған. Миссия дерегінше, содырлардың 5 мамырда Пули-Хумри қаласындағы полиция бөлімшесіне жасаған шабуылынан «бірнеше бейбіт тұрғынның қаза тауып, әйелдер мен балалар жарақаттанған».

Azattyq