Басын балтамен ұрған: Қарағандыда 8 ай бұрын жоғалған әйелдің мәйіті табылды (видео)
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Тоғызқұдық ауылында 8 ай бұрын жоғалған келіншектің мәйіті табылды. Бұл туралы қоғамдық белсенді Айсұлтан Жақыпов айтты.
Қоғам белсендісі бұл оқиғада күдікті мәселелердің өте көп екенін айтады. Полиция басқармасы өзі келіп кісі өлтіргенін мойындап тұрған адамды үйіне жібере салған. Ал, ертесі ол адам өз-өзіне қол жұмсап, асылып қалған күйінде табылған.
«Әлдеқандай себептен туындаған жанжал соңы күйеуінің немес басқа бір адамның келіншекті басынан балтамен ұрғанын көреміз. Алдын ала айтылған нұсқа осындай. Анығын сараптама белгілі болғанда білерміз. Бас сүйегінен 2-3 балта ізін көргенін марқұмның інісі айтып отыр» дейді Айсұлтан Жақыпов.
«Жоғалған келіншектің не өлі не тірі екені білінбей жатып балаларына «опекун» қалай рәсімделген? Балалардың әкелері әйелі жоғалғанына 20 күн толмай жатып балаларынан не үшін бас тартып, әпкесінің қамқорлығына берген? Бұл жерде анасының өлді деген құжатынсыз балалар қалайша бөтен адамның қамқорлығына кетіп қап тұр? Бұл өз алдына тергеуді қажет ететін дүние. Тамыр-таныс, заңды белден басу деген осы емес пе? Әйелі табылмай тұрып мұндай қадамға бару келіншегінің өлі екеніне сенімді және өзінің жақын күндері ұсталатынын сезген адамның әрекеті болса керек.
Жоғалған келіндерін қайын жұрт, ауыл неге жаппай іздемеді? Неліктен 70 шақырым жердегі төркіні жиылып кеп іздеп жүр?
Қарағандыдан арнайы топ барып, үй ішінде экспертиза жасай бастаған кезде келген қоңырау иесі кім? Бұл сөзді маған марқұм келіншектің туған әпкесі айтты. Сол кісі үйдегі жұмыстардың жарты сағат ішінде аяқталып қалғанына қапалы.
Кісі өлтіргенін мойындап тұрған адамды үйіне жібере салу қаншалықты заңды? Бұған видео соңында облыстық ІІБ баспасөз хатшысы жауап береді. Дегенмен, сіздер де өз пікірлеріңізді айта отырыңыздар.
Ел-жұрт Бота атап кеткен (құжаттағы есімі Октябрь) келіншек жоғалғанда небір жел-сөз есті. Біреулер Сирияға кетті десе, келесілер басқа бір адаммен көңіл жарастырған ғой деді. Ол қаңқудың шығуына кімдер себеп болғаны видеода айтылады. Ал, оның күйеуі өз-өзіне қол салған кезде «Ішкі істер органы» қысым жасады» деген нұсқа да айтылды. Мен бұл нұсқаны жоққа шығарар едім. Себебі, ол жігіт бір күнде қамауда отырмаған. Тергеуге белгілі уақытта туыстарымен барып, белгілі уақытта қайтып отырған.
Қызметіне салғырт қараған Бұқар жырау ауданына қарасты ІІБ екі лауазымды қызметкері өз орнынан кеткен. Аты-жөндерін қазір білмей отырмын(Баспасөз қызметі оқыса растап, жаза жатар)» деп жазды қоғам белсендісі.