Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 9 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 64 адам әлі ауруханада жатыр. Оның тоғызы (төртеуі – бала) қазір жан сақтау бөлімінде. Бұл туралы 28 маусымда Азаттыққа Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Арыстағы жарылыстан кейін 409 адам дәрігерге қаралғанын, оның 329-ы алғашқы көмек алған соң жіберілген. 80 адам ауруханаға түскен. Бір адам ауруханада қайтыс болған.
24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Қазақстан үкіметі жарылыстан үш адам мерт болғанын хабарлады. Түркістан облысы әкімдігінің дерегінше, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Билік 24-28 маусымда қалада жарылмаған снарядтар бар деп, тұрғындарды қалаға кіргізбеген. 500-дей сапер үш-төрт күн бойы қаланы снарядтардан тазартқан.
27 маусымда Арыс тұрғындары Шымкенттегі «Ақмешіт» мешіті алдындағы Темірлан көшесін жапқан. Наразылар «өздерін төрт рет жарылыс болған Арыс қаласынан басқа жаққа көшіруді, Түркістан, Шымкенттен үй не жер беруді» деп талап етті. Кейін Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев наразылар талабы «қисынсыз» деді. Ал Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкентте беретін үй жоқ» деген.
28 маусымда Шымкентте болған Арыс тұрғындары қалаға қайта оралған.
Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.
Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.
2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.
Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.