АҚШ Венесуэлаға көмек ретінде 400 миллион доллар бермек
АҚШ конгресінің сенаты Венесуэлаға көмек ретінде 400 миллион доллар беріп, елдің қазіргі президенті Николас Мадуро үкіметіне санкцияларды күшейтпек. Арасында республикашыл да, демократ та бар 15 америкалық сенатор конгрестің жоғарғы палатасына Венесуэлаға төтенше көмек беру туралы заң жобасын ұсынды.
Сенатор Боб Менендестің сөзінше, заң жобасында көрсетілген шаралар Венесуэла халқына көмектесіп, елдегі саяси дағдарысты бейбіт жолмен шешуге септеседі. Ұсыныс аясында АҚШ Венесуэлаға қосымша гуманитарлық көмек ретінде 200 миллион доллар мен Колумбия сияқты Венесуэладан босқан адамдарды қабылдап жатқан көршілес елдерге қосымша 200 миллион доллар жәрдем береді. Заң жобасында «АҚШ мемлекеттік департаменті Еуропа елдерімен келіссөз жүргізіп, Мадуро режиміне қарсы Вашингтон сияқты санкция қоюды ұсынады» деп жазылған.
Заң жобасы қабылданса, Мадуро үкіметінің лауазымды шенеуніктерінің отбасына АҚШ визасын беруге шектеу қойылады.
Венесуэла билігі соңғы күндері өзін уақытша президент жариялаған Хуан Гуайдоға қысымды күшейткен. 2 сәуірде елдің құрылтай жиналысы — үкіметке қарайтын заң шығарушы орган — 35 жастағы оппозиция лидері Гуайдоны тиіспеушілік мәртебесінен айырды. Бұл шешім Гуайдоны қамауға алуға мүмкіндік береді.
Венесуэла саяси дағдарысты бастан кешіп жатыр. Ел парламенті оппозиция бақылауында. Жыл басында сол кезде ассамблея спикері болған Хуан Гуайдо өзін уақытша президент жариялап, Мадуро билігін заңсыз таныған.
Ресей, Қытай, Түркия мен Куба Мадуроны жақтайды. Ал Гуайдоны АҚШ пен Еуропа одағы, Латын Америка елдерінің шамамен барлығы, сондай-ақ басым бөлігі батыс елдерінен тұратын 50-ден аса мемлекет қолдайды.