12%-ға қымбаттаған нан бағасының қашан төмендейтіні белгілі болды

0

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев нан бағасы қаңтар айында тұрақтанады деп уәде берді, — деп хабарлайды Kznews.kz порталы Time.kz сайтына сілтеме жасап.

«Нан бойынша жалпы баға 11,9%-ға қымбаттады. Барлығыңыз білесіздер, бізде ауыл шаруашылығы министрлігі мен азық-түлік-келісімшарт корпорациясы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 90 мыңнан арзандатылған астық жеткізеді. Қыркүйектен бастап жыл соңына дейін аймақтар өздері жаңа егіннен баға алады. (…)

Нан бірнеше себептерге байланысты қымбаттауы мүмкін. Біріншіден, бұл компоненттер, электр энергиясы қымбаттайды. Коммуналдық қызметтер қымбаттайды, сондықтан жалпы бағаның 11,9% өсуі байқалады, біз оны статистика бойынша көреміз. Қаңтар айынан бастап біз бірқатар өңірлер бойынша бағаны тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдаймыз», – деді Ербол Қарашөкеев сейсенбі күні Үкіметтің кулуарында.

Сондай-ақ, оның айтуынша, жаңадан құрылған аудандарда нан бағасына қатысты мәселелер бар, өйткені онда тұрақтандыру қорлары құрылуда.

«Жалпы, бағаның үлкен өсуіне негіз жоқ. Өйткені ұн былтырғыға қарағанда көбірек өндіріледі, бізде бидай көп, тіпті орташа жылдық өнім де жоғары. Тұрақтандыру қорына биыл миллион тонна астық жинауды жоспарлап отырмыз, оның 900 мың тоннасы бидай. Бар қорларды ескере отырып, біз барлық әлеуметтік маңызы бар өнімдердің, оның ішінде әлеуметтік ұнның бағасын толығымен сақтаймыз», – деп сендірді министр.

ҚазТАГ хабарламасы бойынша
Фото: egemen.kz