21 мамыр күні Алматыда өткен ресейлік әнші Моттың концертінде жанжал туындады, деп хабарлайды kznews.kz.
Белгілі хореограф әрі әнші Калифарнияның жұбайы Анель Қалиева мен бірқатар бишілердің айтуынша, келіспеушілік ұйымдастырушылар мен әртіс командасының дөрекі қарым-қатынасынан шыққан. Өнерпаздар көмекшілер мен менеджерлер тарапынан қысым көріп, сыйластықтың болмағанын айтты.
«Біздің команда Моттың концертінде билеуі керек еді. Бірақ адамдарға құрметсіздік көрсетілгенін байқап, өнер көрсетуден бас тарттық», – деп жазды Анель Қалиева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның пікірінше, кез келген шетелдік әртіс басқа елге келгенде жергілікті адамдарға құрметпен қарауы тиіс. Сонымен қатар ол мәселе әншінің өзінен емес, оның командасынан туындаған болуы мүмкін екенін айтты.
Анель Қалиеваның сөзінше, Моттың хореографы жағдайды түсінуге тырысудың орнына, мұндай мүмкіндік сирек берілетінін айтып, бишілерді сахнаға шығуға көндірмек болған.
Алайда жанжалдың нақты неден басталғаны толық айтылмағандықтан, әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі оқиғаның мән-жайын ашық түсіндіруді талап етсе, енді бірі бишілерді қолдап отыр.
Әзірге Мот та, концерт ұйымдастырушылары да бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірмеді.