Денистің өнер көрсеткенін теледидардан тамашалайтынмын

0

Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген Жанар Толыбаева сот алдына келді. Аяғы ауыр бойжеткен қайғылы оқиға күні не болғанын егжейлі-тегжейлі айтып, жауап берді. Бұл туралы NUR.KZ сайты жазды.

— 15 шілде күні Алматыға ақша табу үшін келдім. Өзімнің тұрақты жұмысымда жазғы демалыс болған соң, қосымша ақша табуды мақсат еткенмін. Жазда кафелерде даяшы болып қызмет етемін.

Жайна Ізтелеуова деген құрбыммен хабарласып, соның інісімен тұрып жатқан жеріне бардым. Сол жерде біреулермен келісе алмағандықтан, ол үйден кетіп қалдым. Жайна менімен бірге кететінін айтты.

Ол өзінің Нұралы деген танысына хабарласып, ол бізді ағасының үйіне уақытша тұра тұруға «Домиллион» сауда үйінен алып кетті. Біз оның ағасы мен жеңгесі тұрып жатқан үйге бардық. Ертесіне өзімізге пәтер іздемек болдық.

17-сі күні мен кешке дейін өз жұмыстарыммен жүрдім. Жұмыс, пәтер іздеп, кешке таман келдім. Ол кезде Арман Астанадан келген болатын.

Содан кейін Нұралының жеңгесі оның қызы келейін деп жатқанын айтты. Ол жүкті болып қалыпты. Сол себепті үйде біраз ұрыс-жанжал орын алды.

18-і күні таңертең Нұралы мен Арман екеуін қызбен бірге келген учаскелік полицейлер алып кеткен болатын. Мен болсам моншаға кетіп қалдым. Маған Арман хабарласып, мені шыққан соң алып кететінін айтты.

Біз ас ішіп, Нұралының қызына дәрі іздеуге аттандық. Жатырдағы ұрықты түсіретін дәрі рецептсіз сатылмайтын болып шықты.

Нұралы ағасымен ұрысып қалған соң үйіне барғысы келмеді. Арман екеуі мені жалдамалы пәтерге апарып тастады. Өздері болса, таңға жуық келді» , — деп мән-жайды баяндады Толыбаева.

Денис Теннің өліміне қатысы бар деп күдіктеліп отырған ару қайғылы жағдаймен аяқталған ұрлыққа қатысқысы келмегенін айтты.

— Пәтерді босатып шыққан соң, біз көлікпен жүріп келе жаттық. Менің қолымда ұялы телефон болды. Олардың сөйлесіп жатқанын байқап қалып, «не істегелі жатсыңдар?» дегенде «тыныш, сен осында отыра бер» деп жауап қайтарды, — деді Толыбаева.

Күдікті бойжеткен әрі қарай не көргенін баяндап берді.

— Бір жағынан маған Арман мен Нұралының не істеп жатқаны қызық болды. Мен телефонға, сосын оларға қарадым. Бір кезде Арманның жүгіріп бара жатқанын көрдім. Оның артынан екі-үш метрдей азиат нәсілді жігіт қуып бара жатты.

Одан жеті-сегіз метрдей қашықтықта Нұралы жүгіріп бара жатты. Мен тез шетке кетіп қалдым. Мен кімнің кіммен төбелесіп жатқанын көрмедім.

Бір уақытта ақ футболкадағы жігіттің жерге отырып қалғанын көрдім. Сосын Нұралы мен Арман парк жаққа қарай қашып кетті. Біршама уақыттан соң, Арман хабарласып, көлікке қарай келуімді айтты, — деді Жанар.

Осы оқиғадан кейін Нұралының ағасының үйінде тағы жанжал болыпты.

— Көлікте мен Нұралының қолындағы жараны байқадым. Арман екеуі бір нәрсе жайлы сөйлесіп, талқылап жатты.

Не екенін нақты білмеймін, бірақ Нұралы «өліп қалмайтын шығар» деп айтқандай болды.

Сосын біз Шаңырақтағы үйге қарай бет алдық. Ол жерде Нұралының ағасы Сұлтан оған айқайлай бастады. Үйде қонбай, көлікті рұқсатсыз алып кеткені үшін Нұралыны қамшымен соқты.

Сосын Сұлтан аға маған да ұрысып, олармен кетіп қалғаным үшін айқайлады. Нәтижесінде маған өзіме басқа үй тауып, пәтерден кетуімді сұрады, — деді Толыбаева.

Оқиғадан соң, Жанар құрбысы Жайнамен Қапшағайға демалуға кеткен.

— Мен достарыммен Қапшағайға барған кезімде маған түнгі уақытта Арман қоңырау шалып, ана жігіттің қайтыс болып кеткенін хабарлады.

Маған «ауылға қайт» деп айтты. Мен оған «кетпеймін» дедім. Мен кінәлі емеспін, не үшін кетуім керек еді?!

Арман маған «біз таныс емеспіз» деп айтты. Таңертең мен Арман мен Нұралының іздестіріліп жатқанын білдім.Кейін Сұлтан ағаның үйіне киім-кешектерімді алып кетуге бардым.

Сол сәтте мен Арманға хабарласқанымда ол қаладан кетіп бара жатқанын айтып, ұялы телефонын сөндіріп тастады.

Сосын Нұралының ағасы келіп, бізді алып кетті. Рысқұлов көшесіне жеткенде бізді тоқтатты. Сол жерде ұстады, — деді ол.

Оның мәлімдеуінше, бойжеткен полицейлерге Арманды ұстауға көмектесуге келісімін берген.

— Ол маған қайта хабарласты. Сосын қоңырау шалу арқылы тәртіп сақшылары оның қайда екенін анықтап, тұтқындады. Келесі күні мені тағы да полицияға қол қоюға шақырды. Ол жерге келгенімде, мені жібермей қойды.

Мен аса ауыр қылмысты көрдім деп айта алмаймын. Мен тек қана ұрлықты көрдім.

Оны тәртіп сақшыларына хабарламағаныма өкінемін. Мен кімнің нақты пышақ сұққанын көрмедім, — деді Толыбаева.

Оған қоса, күдікті қыз марқұм спортшының анасынан кешірім сұрады.

— Мен бұл оқиғаға қатысты болып қалғаныма қатты өкінемін. Денистің ата-анасынан кешірім сұраймын. Қайтыс болған баланың Денис екенін білгенде көңілім түсті. Мен оның чемпионаттарда өнер көрсеткенін теледидардан тамашалайтынмын, — деп қорытындылады ол сөзін.



prosports.kz