«57 мың айлық алып, балабақшаны өз ақшамызға сырлаймыз»

0

Ақтөбеде балабақшадан шу шықты. Санаторлық типтегі мекеменің қызметкерлері жалақыларын даулап жүр. Айлықтың мәселесі былай тұрсын, тіпті балабақшаны сырлау үшін өз ақшаларын жұмсадық деп отыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Светлана Нұрғалиева мен Гүлмира Серікқызы – Ақтөбедегі санаторлық типтегі ясли-балабақшасында тәрбиешінің көмекшілері. Мекемеде еңбек еткендеріне де біраз болған. Бірі – 12, екіншісі – 20 жыл. Көтеріп жүргендері де бір мәселе, жалақымыз дұрыс төленбейді деп отыр.

Гүлмира Серікқызы, №5 «Жұлдыз» туберкулез ясли-балабақшасы тәрбиешісінің көмекшісі:

Бізде балабақшада 100 адам жұмыс істейді. Бәрі өзіміз сияқты жалақылары аз. Мен 57- 58 мың алам.

Светлана Нұрғалиева, №5 «Жұлдыз» туберкулез ясли-балабақшасы тәрбиешісінің көмекшісі:

Біздер жазып жатырмыз, мына екеуміз 5 жылдан бері жүрміз. Бізге ешкім қосылмайды, потому что қорқады. Полтора ставкамен төлеуі керек ғой, бізде бухгалтерге барсаң сендердің сағаттарың жетпейді дейді. Біздің сағатымыз неге жетпейді? Біз сағат алтыда кіреміз кешкі, ертеңгі 8-де шығамыз. Бізде даже 14 сағат, 12 сағаттан асып кетіп тұр.

Тәрбиешінің көмекшілері жалақыдан бөлек балабақша ғимаратының жағдайы мүшкіл екенін алға тартты. Қазіргі жай-күйін осы кадрлардан көруге болады. Төбесіндегі әк үгітіліп, бұрандалары ескіріп, едені қырық-жамау. 2009 жылы шатырын жөндеген. Ал 2014 жылы терезелерін жаңалаған.

Гүлмира Серікқызы, №5 «Жұлдыз» туберкулез ясли-балабақшасы тәрбиешісінің көмекшісі:

Ремонт болған кезде бір жетіге жабылады бізде, коридорды краскілейді, әктейді. Біз өз группларымызды жуамыз. Краска да бермейді бізге. Біз өзіміз дәретхананы краскалап аламыз, өз ақшамызға әкеліп. Квитанция бар менде. Менің талабым, біздің жалақымызды дұрыстап берсін, балалардың тамағын дұрыстасын,. Ремонт жасасын.

Айлықтарын даулаған балабақша қызметкерлері құзырлы мекемелердің барлығына шағымданған. Бірақ, одан жалақымыз көбейіп кетпеді деп қынжылады. Еңбек инспекциясындағылар шағым түскеннен кейін тексеріс жүргізген. Олар заң бойынша, тәрбиешінің көмекшісіне дезинфекциялау құралдарымен жұмыс үстегені үшін 30 процент және туберкеулезге қарсы мекемедегі жұмысы үшін 30 пайыз үстемақы бар екенін айтты. Ол базалық лауазымдық жалақыдан есептеледі екен.

Еркебұлан Алданов, облыстық еңбек инспекциясының мемлекеттік еңбек инспекторы:

Ол кісілерге заңда көзделген қаулыға сәйкес, барлығы төленіп жатыр. Тексеру барысында бұл мекемеде жұмыс жасайтын жұмысшыларға, яғни тәрбиешінің көмекшілеріне зиянды еңбек жағдайындағы 60 процент үстемақы қарастырылмаған.

Мән-жайды білмек болып, балабақшаға бардық. Бірақ, ішке кіруге рұқсат жоқ деп, қақпадан әрі өткізбеді. Өкпе дертіне шалдыққан ата-аналардың балаларын сауықтыру мақсатында жұмыс жасайды . 320 орындық балабақшаға 81 бала барып жүр.

Жұлдыз Шалабаева, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Үстемақыға қатысты айтсақ, «Жұлдыз» балабақшасында түнгі сменде де жұмыс жасайтын балабақша. Бірақ, қазіргі таңда бұл балабақшада түнгі сменге қалатын бала жоқ. Сондықтан, педагогтердің үстемақы төлеуі жүргізілуі алдағы уақытта тағы да қарап, нақтылатын болады.

Қалалық білім бөлімі басшының міндетін атқарушыдан балалардың ас мәзірін де сұрадық. «Жұп-жұқа бір тілім нан мен мынадай тамақ ішіп жүр» деген суретті де көрсеттік. Білім бөлімінің өкілі бұл жалған деді. Керек-жарақ құралдың бәрімен қамтып отырғандарын жеткізді. Шағымы барлар білім бөліміне келуін сұрады.