Ит төбелестіру мен оған ақша тігудің діндегі үкімі қандай?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Шафиғи ғалымы Имам Нәуәуи (р.а.) былай деген:
«Хайуандарды бір-біріне айтақтап төбелестіру - харам саналады. Өйткені, Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте: «Хайуандарды бір-біріне айтақтап, өшіктіруден Алла елшісі тыйды»[1].
Ал, харам болуының мәнін хадисші ғалымдар былай деп түсіндіреді:
«Тыйымның себебі – құр ермекке жануарларға жапа шектіріп, оларды бостан-босқа қалжырату болып табылады»[2].
Ендеше, иттерді ермек үшін бір-біріне талаттырып қою, осылайша оларға азап шектірудің күнә екендігі даусыз. Ал, оған ақша тігу немесе өз-ара ақшаға төбелестіру – құмар ойыны болып есептеледі. Сондықтан, ол да харам[3]. Ханафи ғалымы Халил Ахмәд әс-Сәһәринфури жоғарыдағы хадиске жасаған түсіндірмесінде былай деп өткен:
«Хайуандарды төбелестіру – еріккендік болғандықтан әрі жануарларға жапа шектіріп, олардың өліміне алып келетіндіктен тыйым салынып отыр. Бұнымен қатар, екі жақты ақша тігілетін болса, онысы құмар болмақ»[4].
Абдусамат Қасым