Шоу-бизнес

Алматылық дәрігерлер науқастың өт қабынан 5 499 тас алған

Алматылық дәрігерлер науқастың өт қабынан 5 499 тас алған
Фото: gov.kz

Хирургтар үшін де бұл күтпеген жағдай болған.

«Осынша көлемдегі тастың алынуы – шын мәнінде ерекше оқиға. 20 жылдық тәжірибемде мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым», – деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың хирургия бойынша бас дәрігер орынбасары Фараби Стамқұлов.

Науқас ауруханаға шұғыл түрде оң жақ қабырға тұсындағы ауырсыну, жүрек айну, әлсіздік және жалпы жайсыздық белгілерімен жеткізілген. Ультрадыбыстық зерттеу кезінде өт қабында көптеген тастар анықталған.

Дәрігерлер лапароскопиялық холецистэктомия жасаған. Бұл – хирургтар күнделікті орындайтын стандартты операция. Алайда, өт қабының ішіндегі тас саны тәжірибелі мамандарды да таңғалдырды.

«Көп тас болатынын білдік, бірақ 5 500-ге жуық сан – шын мәнінде тосын жайт. Өт қабы толықтай тасқа толып, жентектелген бұрышқа ұқсап кеткен. Мұндай жағдай өмірде бір рет қана кездесетін шығар», – деді операцияны жасаған хирург Ілияс Сағиев.

Ота анестезиологтар мен хирургтардың үйлесімді жұмысының арқасында сәтті өтті. Науқас наркоздан асқынусыз оянып, жағдайы тұрақталған соң үйіне шығарылды.

Фараби Стамқұловтың айтуынша, өт тас ауруы ұзақ уақыт бойы еш белгі бермей, жасырын дамуы мүмкін. Бірақ емделмей, асқынып кетсе, ол қатерлі ісік, панкреонекроз, іріңді холангит, жыланкөз сияқты ауыр асқынуларға әкеледі.

«Қарапайым ультрадыбыстық тексеру мен уақтылы жасалған ота – денсаулықты, тіпті өмірді сақтап қалудың кілті», – дейді дәрігер.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz