Алматыға ұшпақ болған: Ресейде үстінен қылмыстық іс қозғалған танымал блогер Елена Блиновская ұсталды
Ресейлік блогер, лайф-коуч Елена Блиновская қылмыстық іс қозғалғаннан кейін елден қашуға тырысқан деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.
Ресей Федерациясының тергеу комитеті Елена Блиновскаяның аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарды деп күдікке ілінгенін мәлімдеді.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Елена Блиновская Ресей шекарасынан өтпек болған кезде ұстады, ол басқа мемлекетке ұшып кетпек болды», – делінген ведомство хабарламасында.
Блогер жалға алынған көлігімен шекарадан өткісі келген, қолында әуе билеттері болды.
Блиновская 2019-2021 жылдары жалпы сомасы 918 миллион рубльден асатын салық төлемеген деп күдікке ілінді. Ол бизнесті «Бөлшектеу» схемасымен Интернет арқылы ақпараттық қызметтер көрсеткен, марафондар өткізді.
Қылмыстық іс шеңберінде кеңседе және күдіктінің тұрғылықты жерінде тінту жүргізілуде. Тергеу жалғасып жатыр.
Елена Блиновскаяға қарсы қылмыстық іс 26 сәуірде қозғалған.
Армандар марафонын» өткізетін коуч Алматыға ұшуға ниеттеніп, билет алған. Ол Қазақстанға 27 сәуір таңғы 5-те ұшу керек еді. Қауіпсіздік қызметкерлері блогерді ұшайын деп жатқанында ұстамақ болған. Бірақ Блиновская мұны естіп, маршрутын өзгертті.
Бүгін түнгі сағат бірде марафон авторы «Майбах» көлігімен Беларуссияға қарай жол тартты. Блиновская Смоленск ауданындағы шекараға жақын жерде ұсталды.
Елена Блиновская «Армандар марафоны» арқылы танылды. 2020 жылы оның бизнесіне негізделіп, фильм прокатқа шықты.