Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әйелін шәкірттерінің біріне сыйлағанын айтқан "имам" Құрбанәлі Ахметке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мүфтияттың хабарлауынша, Құрбанәлі Ахмет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымында қызмет етпейді, Діни басқармамен ешқандай қызметтік немесе ресми байланысы жоқ.
"Осыған байланысты оның тарапынан айтылған пікірлер, жеке көзқарастар мен мәлімдемелер ҚМДБ-ның ресми ұстанымы болып табылмайтындығын хабарлаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дінге қатысты мәселелерде тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады. Қоғам арасында түрлі түсінбеушілік пен жалған ақпараттың таралуына жол бермеу – баршамызға ортақ жауапкершілік", - делінген хабарламада.
ҚМДБ еліміздегі діни тұрақтылықты сақтау, қоғам бірлігін нығайту және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береді.
Еске сала кетейік, қазақстандық имам Құрбанәлі Ахмет Жанар Байсемізге берген сұхбатында екінші әйелін өзінің сұрауымен шәкіртіне қосқанын айтқан еді. Сондай-ақ ол әйелін қайын атасы «сыйлағанын» және оны бірінші әйелінің рұқсатынсыз алғанын мәлімдеген. Екінші әйелінен бес баласы бар.