Қазақтың ардақты аналары / Жанар ЕЛЕШОВА
Бір шаңырақтың ғана емес, үлкен бір әулеттің, тайпа мен елдің берекесін келтіріп, несібесін тасытқан асыл аналарымыз қазақта баршылық. Оның бірі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі – Домалақ ана. Ол кісі Бәйдібек бидің жары болған. Ел ішінде ол кісіні «Дихнат мама» деп атап кеткен. Қазақ тілінде «Әулие ана» дегенді білдіреді. Уақыт өте «Дихнат мама» сөзі дыбыстық өзгерістерге ұшырап Домалақ анаға айналған. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Өзі де жас кезінде-ақ парасаттылығы мен даналығымен танымал болған. Оның ақылы мен көрегендігі хақында аңыз әңгімелер әлі күнге дейін ел арасында айтылып жүреді.
Әлпеш ана
Найман әулетіне дұшпан жолын тауып елге жойқын шабуыл жасапты. Тұтқиылдан тиген жау еркек кіндіктіні қырғындай қырып, қарт Найманның төрт ұлын көз алдында өлтіріп кетіпті. Найманның Тоқбан ұлынан Әлпеш (Ақсұлу, Мәзбура деп те айтылады) деген келіншегі жесір қалады. Әлпеш үйсін Дулат бидің қызы болса керек. Шабылған әулет пен қорғансыз қарт Найманның ауыртпалығы енді Әлпештің иығына түседі. Сол үміт жетегімен Әлпеш төркін жұртына барып, туысқан сіңлісі Гүлшені Найманға айттырып алып қайтады. Гүлше бір ұл табады. Бұл кезде Найман шаңырағының бас иесі болып отырған Әлпеш алты алаштың басын қосып, ақ түйенің қарынын жарып, ұлан-асыр той жасайды. Осы тойда үйсін Дулат би: «Найман − қаны араласқан қадірлес құдам еді, мына нәресте артында қалған белгі ғой, атын Белгібай қояйық» дейді. «Балаға ат қою жолы біздікі еді, Найман атамыздың Тәңірден өкіріп жылап жүріп тілеген баласы ғой, атын Өкіреш қоямыз»,− деп арғындар да тілек білдіреді.
Қазақтың бүгінгі қалың рулы елінің болашағына осылайша Әлпеш ана сеп болып, әулетіне ұйытқы болыпты. Найманның кіндігінен тараған ұрпақ жиырмашақты ауыл болғанша «жат болып кетпесін» деп, енші бермей, мал-жанын ортақ ұстатыпты дейді. «Байдың малы ортақ болсын, батырдың жаны ортақ болсын, шебердің қолы ортақ болсын, шешеннің тілі ортақ болсын, балуанның күші ортақ болсын, біреуге біреу зорлық жасамасын!» деген өсиет осы Әлпеш анадан қалыпты деген сөз бар (Дерек беруші Қожбанұлы Шайхыбасар (1905-?), Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы).
Ақбикеш Ару
Есім ханның шолғыншы батырларының бірі. ХVII ғасырда өмір сүрген. Есім хан жасақтарының Бұхараға, Қашғарға Қалмақ жеріне жасаған жорықтарына қатысқан ержүрек қыз. Ол негізінен алыстағы жау жасақтарының орналасқан тұсын дәл болжау арқылы Қазақ жасақтарына көп көмектескен. Аңыз бойынша оның көргіштік және болжағыштық қасиеті ерекше болған екен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, сол мұнарадан төңіректі шолып тұратын болған. Және сол аңыз бойынша Ақбикешті жоңғарлар қапыда қолға түсіріп, өшікеннен оның көздерін ойып алған дейді.
Бопай ханшайым
Әбілқайыр ханның зайыбы. Қазақ халқы бастан кешкен аса күрделі кезеңдердің бірі ХVШ ғасыр болса, сол кездің саяси-әлеуметтік істеріне белсене араласқан көрнекті қайраткерлердің бірі Бопай болған. Сол кездегі қазақ халқының басына ел болу немесе елдігін мүлде жоғалту қауіпі төнгенде Әбілқайыр ұстанған саяси бағытты Бопай жалтақсыз қолдап, шешуші кезеңдерде айырықша икемділік-тапқырлық танытып отырған. Мұны Бопай ханымның орыс патшайымдары Анна Ивановнаға, Елизавета Петровнаға, бригадалық генерал А.И.Тевкелевке, Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке, канцлер А.П.Бестужев-Рюминге жазған хаттарынан және ол хаттардағы ел мүддесіне қатысты ұстанған әрекет-ниеттерінен айқын аңғаруға болады. Тарихшы А.И.Левшин: «Бопай… өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті»,− деп жазды (А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. − Алматы, 1996. 217-бет).
Гауһар
Қазақ пен қалмақ арасындағы ұлы сүргін соғыс кезінде (ХVШ ғ.) ерлік істерімен ел есінде қалған аяулы арулардың бірі − Гаухар. Ол әйгілі Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Саны мол, қауіп-қатері көп жорық жолдарында Гаухар айырықша табандылық көрсетіп, Қабанбай батырмен тізе қосып талай рет қанды шайқастарға қатысқан. Гаухар қылышын қынапқа салмаған батыр атанған. Қабанбай мен Гаухардың тұла бойы тұңғышы − Назым қыз да ерлік істерімен танылған.
Сапура (Көктемір) батыр
Орыс дерек көздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласындағы «ұстатпайтын ұстын», «көзге көрінбейтін жан» деп аталған Сапура Мәтенқызы да жұмбақ жағдайда өмірден өтеді. Алайда азаттықтың ақ таңы үшін арпалысып, жанын құрбандыққа шалғандардың арқасында армандай бостандық жолы бізге жақындай түсті.
Көктемір Сапура қыз туралы ғалым Наиля Бекмаханова «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты зерттеу еңбегін жазған. Көктемір (Сапура) батыр туралы Әбіш Кекілбаев, Аян Нысаналин т.б. жазушылардың мақалалары жарық көрген.
Ұлбике ақын
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Ұлбикенің қара түсірмес дүлдүл ақын екенін аңғарып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың сөз өнерінде ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы ақын ретінде даралайды. Ұлбике – ойы ұшқыр, өлеңі сұлу, кісілік – парасаты өрелі ақын. Ұлбике тәрбиелік тағылымы мол жырлардың небір тамаша үлгілерін жүрген жерлерінде маржандай шашып отырған. Сол мол мұрадан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең.
Ақын Сара
Тастанбекқызы Сара – қазақтың әйгілі айтыскер ақын қызы. Өзінің қысқа ғұмырында қиын да ауыр тауқыметті бастан кешіріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшырайды. Ол үш жасында әкесінен айырылып, содан бері жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі.
Айғыз Көшкінбайқызы
Айғыз – елдегі 1916-1918 жылдардағы көтерілістерге және ел ішіндегі азамат соғысына қатысқан, Семей облысы Аягөз ауданында туған. Сермопольдегі қорғанысқа қатысып, жаралы жауынгерлерге көмек көрсеткен, тамақ тасыған. Ақ казактардың атаманы Колчактың әскерлері Айғызды азаптап өлтірген. Батыл арудың өмірі мен ерлік істері туралы жазушы Қалмұқан Исабаевтың «Айғыз» атты романы бар.
Нұрпейіс келіні Дина
Тарихта ақыл-парасатымен, тапқырлығы мен батылдығымен, дуалы сөзі мен дара өнерімен көзге түсіп, бүгінгі күнге дейін ел жадында қалған асыл аналарымыз бен дана қыздарымыз өте көп болған. Бұл жолы біз басылымдарда жиі жариялана бермейтін өткен уақыт белестеріндегі ардақтады аналардың қасиеттері хақында паш етуді жөн көрдік. Ал, газет бетіне сыймай қалған өр тұлғалы аяулы жандарымыз өте көп екенін ескертеміз.
Түйін. Шежірені парақтап отырсаңыз ақылымен ел билеген, айбатымен жауға қарсы тұрған аналарымыздың атымен бүтіндей ру мен ел аталып кеткен оқиғалар жиі кездесіп жатады. Бір ананың ақыл-парасаты бір рулы елдің өсуіне жол салған. Гендрлік саясат деп еркек пен әйел болып жауласып жатқан бүгінгі күні бір сәт ертеректе өткен қасиетті аналарымыздың өмірін өнеге еткеніміз абзал. Олар сонау қиын-қыстау жаугершілік заманында елін қорғаса да, бір әулеттің киелі отын сөндірмеуді бәрінен маңыз тұтқан. Бұл да қазақ әйелдерінің отбасындағы білгір саясаткерлігі мен бойына сіңген болмысы. «Еркекті ер қылатын да, ез қылатын да әйел», дейді данагөй қазақ. Бұл нақыл сөз бойжеткендерімізге ақыл сөз болып жүрегіне жатталсын деген ниетте ойымызды түйіндейік.
islam.kz