ИМАН ІЗДЕ!..
«Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ» (Абай)
Жұмыр басты пенденің 99 пайызы ас үй мен әжетхананың арасында жүріп қартаяды екен. Өкінішті. Өкініштісі сол. Білмейді. Білсе түсінер еді. Кімге қызмет етіп жүргенін. Сонда біз кімге қызмет қылып жүрміз? Жоқ. Кімге емес. Неге? Мәселен, 11 жыл мектепте оқыдық. Не үшін? Жоғарғы оқу орнына түсу үшін. 4 жылды жоғарғы оқу орнына сарп етіп, тәмамдадық. Не үшін? Қызмет қылып, нәпақа табу үшін. Ендігі қалған өмір сол құрғырдың тояттауы үшін «Алыстың, жұлыстың, айтыстың, тартыстың». Ол ол ма…
Орташа есеппен өмірде бір тәуліктің:
• 8 сағаты ұйқыға;
• 8 сағаты жұмысқа;
• 1 сағаты жұмыс уақытындағы түскі асқа;
• 1 сағаты жұмысқа барар жолға;
• 1 сағаты жұмыстан қайтар жолға;
• 1 сағаты келесі күнгі жұмысқа дайындыққа (таңертең, кешке);
• 4 сағаты теледидар көруге немесе компьютер қарауға кетеді екен.
Сонда, бір тәулікте 24 сағат болса, осы уақыттың ішінде біздің өміріміз қайсы?
Ал енді демалыс күндеріндегі уақытты есептесек (екі күн):
• 10 сағаты ұйқыға;
• 7 сағаты теледидар көруге немесе компьютер қарауға;
• 7 сағаты әлдебір нәрселермен шұғылдануға кетеді.
Енді айтыңызшы? Өміріңіздегі ең құнды нәрсені қайда жұмсадыңыз? Біз сұрақты дұрыс қойған жоқпыз. Өйткені сіз не істеп, не қоятыныңыз-ды өзіңіз білесіз. Ал шын мәнінде көп адамдар не істеп, не қоятынын өздері де білмейді.
– Дүниеге келмей тұрып, мына жалған дүниенің есігін ашып, жарық дүниені көрейінші деп ойладыңыз ба?
– Жоқ.
– Демек сізді біреу мына дүниеге әкелді. Сол дүниеге әкелген құдіреттен дүниеге керекті көз, құлақ, мұрын бер деп сұрадыңыз ба?
– Жоқ.
– Сұрамасақ та шексіз нығметтерді берді. Енді жарық дүниеге, Абайдың пайымдауынша айтсақ, «кейіс дү-ниеге» келген адамның жалғанның жалғандығына анық көзі жетіп тұрса да, көз ұшында мөлдіреп тұрған мына жарықпен қоштасайын деп ойлай ма?
– Жоқ.
«Әурешілікті көре-көре» тіршілік еттің, бәрі де көрген түстей болып кейін қалды. Енді өкін мейлі, өкінбе мейлі, бәрі қайыра қалпына келмейді. Түптеп келгенде, мәселе онда емес, мәселе: дүниеге келейін деп келмейсің, кетейін деп кетпейсің. Бір құдірет әкеледі, қалауымен әкетеді. Абайдың пайымдауынша, «Өлейін деп өлмейді өлерлік жан». Енді бұл жерде қандай еркіндік, қандай азаттық бар? Не істесем де, қалай өмір сүрсем де өзім білемін деп қалай айта аламыз?
Ендеше, «қырық жамау» жүрегіңе азық боларлық жалғыз-ақ жол бар, ол – сол «кейіс дүниеден» мағына іздеу. Басқа басар тауың, панаң жоқ.
Сонымен ол мағынаны қайдан іздейміз?
Қайтіп іздейміз?
Бар мақсатымыз бұл сауалды қою арқылы сіздермен де сырласқымыз келеді. Табар пайдамыз шындық болсын.
Тіршіліктің көкпарынан, дүниенің додасынан қайтқан Абай: «Қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлау-сызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?», – деп толғана келгендегі түйгені, «көңілін бекіткен, буынын қатырған, жүрегін орнықтырған» тірегі біреу, ол – ИМАН.
«Мүмін болсаң әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол», – деп Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ақ жолын көрсетеді.
Өйткені, иманнан айырылсаң, дінің өзгереді. Дінің өзгерсе, дүниетанымың өзгереді. Таныммен қоса сенім де, сеніммен бірге дәстүр де, дәстүрге сай тәрбие де өзгереді. Ғылым мен өнер де жат арнаға түседі. Соның ықпалымен адамдар арасындағы қарым-қатынас, бауырмалдық сезім, қадір-қасиет те өзгереді. Мұның бәрі жинақталып келіп ұлтты кәдімгі мәңгүрт қылып, бейшара тіршілік иесіне айналдырады. Кемеңгер қарт сана ағысын сарқып, «Әуелі иман түзет», – деп, иманды қорғаштап, жүрегіне жүк артуының себебі сол. «Иман түзеткен» адам өмірі ізгі амалдармен біте қайнасып, әрбір әрекеті құлшылыққа айналып кетпек.
Қазіргі қоғамның санасы әлеу-меттік сараптаулар бойынша үш тармаққа қызмет етеді екен:
1) Ақша табу;
2) Тамақ ішу;
3) Киіну және қыдыру.
Өмір сүрудің екі нұсқасы бар:
– Бірінші, инстинктімен (хайуани түйсікпен).
– Екінші, иман нұрына бөленген сеніммен.
Бұлардан бөлек, өкінішке орай, үшінші таңдау берілмеген.
Егер адамда сенім мен имани ізгілік болмаса, ол өмірін хайуани түйсікпен өткізуді қалайды.
Ал Сіз өміріңізді қай нұсқада қалап жүрсіз?
Әсет БЕКТҰР