Курстық жұмыс: Қылмыстық құқық | Қылмыстық құқықтағы жаза тағайындау
Мазмұны
КІРІСПЕ………………………………………………………………………………………………….3
І ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ……………………5
1.1 Жаза тағайындаудың жалпы негіздері………………………………………………..5
1.2 Жаза тағайындау түрлері……………………………………………………………………13
1.2.1 Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау…………………….13
1.2.2 Бірнеше қылмыс бойынша жаза тағайындау………………………………………..16
1.2.3 Белгілі бір қылмыс үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза тағайындау…………………………………17
1.2.4 Аяқталмаған қылмыс үшін, қатысып жасалған қылмыс үшін және қылмыстардың қайталануы жағдайында жаза тағайындау…………..18
ҚОРЫТЫНДЫ……………………………………………………………………………………….28
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ……………………………………………..30
КІРІСПЕ
Заңдылық пен құқық тәртібіне байланысты практикалық міндеттерді шешуде мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің бір тармағы болып табылатын қылмыстық заңның рөлі едәуір, ол – заң бұзушылықтың қылмыс сияқты аса қауіпті түрімен күресуге бағытталған. Бұл күресте қылмыс жасаған адамға, оның жасаған қылмысына сәйке жаза тағайындалады. Жаза дегеніміз – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және Қылмыстық Кодексте көзделгендей адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Оны қылмыс жасаған адамға мемлекеттік ерекше орган – сот ғана үкім негізінде қолдана алады.
Қылмыс пен жаза — өзара тығыз байланысты құқықтық түсінік. Мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде жаза тек қылмыс үшін қолданылады.
Жазаға тән ерекшелік – міндетті түрде жазалаудың болуы. Жазалау дегеніміз – жазаның мәжбүрлеу, зорлау сипаты. Олар күш көрсету, моральдық, материалдық және басқадай ықпал ету арқылы жүзеге асырылады.
Тағайындалған жазаның ауыр-жеңілдігі жасалынған қылмыстың сипатына және қаншалықты ауыр екендігіне, айыпкердің жеке басына және басқа мән-жайларға байланысты.
Әрбір мемлекеттік мәжбүрлеу шарасының өз міндеті, өзіне тән мақсаты болады. Жазаның мақсаты — жаза тағайындау, оны қолдану және іске асыру арқылы мемлекет қол жеткізуге ұмтылатын әлеуметтік нәтиже.
Жазаның нақты мақсаты Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарының алдында тұрған міндеттерден туындайды (ҚК-тің 2-бабы).
Жазаның мақсатын анықтаудың, бәрінен бұрын, соттың заң қолдану қызметінде маңызы зор. Нақты адамға қатысты жазаның түрін, мөлшерін анықтай отырып сот жазаның заңда белгіленген мақсаттарын басшылыққа алуға тиіс. Бұл талапты елемеу – заңсыз, дәлелсіз жаза тағайындауға, әділетті емес үкім шығаруға әкеп соғуы мүмкін.
Жазаның мақсаты ҚК-тің 38 бабында былай көрсетілген: «Жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады».
Яғни жазаның мақсаты:
а) әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру;
б) сотталғанды түзеу;
в) сотталған тарапынан жаңа қылмыстың жасалуын болдырмау (арнайы, жеке сақтандырудың мақсаты);
г) басқа адамдар тарапынан қылмысты болдырмау (жалпы сақтандырудың мақсаты).
Жаза тағайындалған әрбір жағдайда осы мақсаттар бірге қарастырылуы тиіс.
Айыпкерге жаза тағайындағанда сот тек жәбір шеккен адамға ғана емес, жалпы қоғамға қатысты әлеуметтік әділеттілікті біршама болса да қалпына келтіруге єрект жасауға тиіс.
Жалпы жазаның барлық түрлері үш топқа бөлінеді: негізгі, қосымша және балама, яғни олар негізгі болып та, қосымша болып та қолданыла алады. (ҚК-тің 39 бабы).
Жазаның негізгі түрлеріне тек өзінше бөлек тағайындалатын жазалар жатады, олармен басқаларды толықтыруға болмайды. ҚК-тің 39 бабына сәйкес, жазаның мұндай негізгі түрлеріне мыналар жатады: қоғамдық жұмыстарға тарту; әскери қызмет бойынша шектеу; бас бостандығын шектеу; қамау; тәртіптік әскери бөлімде ұстау; бас бостандығынан айыру; өлім жазасы.
Қосымша жаза – негізгі жазамен салыстырғанда қосалқы сипаттағы жаза, ол тек негізгі жазаны қолдану жазалаудағы мақсатты қамтамасыз ете алмайтын жағдайда қолданылады.
Жазаның екі түрі ғана қосымша жазаларға жатады: арнаулы, єскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дєрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекттік наградалардан айыру және мүлікті тәркілеу.
Балама жазалар қатарына айппұл салу және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жатады, яғни бұл жазаларды тек өзінше ғана қолданбай, ҚР ҚК-нің 40,41-баптарында көрсетілген жағдайларда, оларды жазаның басқа түрлерімен де бірге қолдануға болады.
Жаза – мемлекет қолындағы маңызды құрал, ол арқылы мемлекет адамды, оның құқын, бостандығын, заңды мүддесін, меншікті ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, конституциялық құрылысты, еліміздің аумақтық бүтіндігін, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін, адамзаттың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қылмыстық қастандықтан қорғайды. Ол қылмыстық жауаптылықтыжүзеге асырудың басты формасы және қылмыскерліктің алдын алу шараларының бірі болып табылады.
Еліміздің тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет болып қалыптасу кезеңдерінде көптеген заңнамаларымыз жарық көрді. Осы курстық жұмыста заңдар негізінде қылымыстың қоғамға қауіптілігіне, қауіптілік сипаты мен дәрежесіне, қылмыскерге жаза тағайындау барысында қолданылатын заң нормаларына, жаза тағайындаудың түрлеріне, қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларға тоқталамын.
І ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ
1.1 Жаза тағайындаудың жалпы негіздері
Жаза тағайындау — жасалған қылмыста айыпты деп танылған адамға айыптау үкімін шығарарда қылмыстық ықпал жасаудың нақты шарасын соттың таңдауы.
Жаза тағайындау қылмыстық заңды қолдану барысындағы ең жауапты және маңызды саты болып табылады. Өйткені, жаза тағайындау, оны жүзеге асыру сотталған адамды түзеуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, қылмыстың алдын алуға ықпал етеді. Жазаның осы мақсаттарына қол жеткізу көбіне қылмыстық жазаны әділ әрі негізді тағайындау арқылы мүмкін болады.
Қылмыстық құқық жаза тағайындағанда кінәлінің жеке-дара жауапкершілік принципін негізгі басшылыққа алады. Осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумьшың 1999 жылғы 30 сәуірдегі «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» № 1 қаулысында былай делінген:
Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкімінсіз қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген қағидаларын басшылыққа ала отырып, соттар қылмыстың түрі мен ауырлығына, айыптының қызметтегі және коғамдағы орнына қарамастан, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне жете назар аударуға тиіс. Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-тің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы кағидаларын бұлжытпай сақтауы, сондай-ақ сотталушы жасаған қылмыс ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын; рецидивтің болуын және оның түрін; сотталушының кылмыстық әрекеті қай сатыда тоқтатылғанын; қылмысты топ, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған жағдайда сотталушының қатысу дәрежесін; қылмыстық мақсатқа жету үшін оның әрекеттерінің мағынасын және келтірген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен көлеміне ықпалын; қылмыстар жиынтығын; жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды; сол қылмыс үшін көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындау немесе шартты соттау негіздерін ескеруі тиіс. Сондай-ақ, қылмыстық заңда қылмыс жасаған адамдардың жасы кәмелетке толмағандарына, жасы 65-тен асқан ер адамдарға, сондай-ақ әйелдерге қылмыстық жаза тағайындаудың ерекшеліктері көзделгенін ескере отырып, соттар сотталушылардың жынысын және жасын ескеруі қажет. Сотталушының нақты қылмыс істеудегі кінәсі анықталған жағдайда сот оған жазаны, істеген қылмысы үшін жауаптылық қаралған заңның тиісті баптарында көрсетілген шектен шықпай тағайындайды. Мұндай ретте, сөз жоқ, істелген қылмыстың ерекшелігі және кінәлінің жеке тұлғасы жан-жақты еске алынады. Тек қана осы мәселелерді есепке алған жаза ғана әділ әрі заңға сай деп танылады.
Қылмыс жасаған адамға белгілі бір жазаны жеке дара тағайындау «Жаза тағайынаудың жалпы негіздері» деп аталатын арнайы ережелерге сәйкес жүргізіледі. Қылмыстық кодекстің 52-бабында жаза тағайындаудың жалпы негіздері көрсетілген.
Жаза тағайындаудың жалпы негіздері дегеніміз — әрбір нақты іс бойынша жаза тағайындау кезінде сот басшылыққа алуы тиіс заңмен бекітілген белгілер. Қылмыстық заңда жаза тағайындаудың жалпы негіздері ретінде жазаның әділеттілігі, мақсатқа лайықтылығы, тиімділігі айтылады. Қылмыстық кодекстің 52-бабы 1-бөлігінде «Қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабында белгіленген шекте және ҚК-нің Жалпы бөлімінің ережелері ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалады» делінген.
Жаза егер ол жасалған қылмыстың ауырлығына, қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесіне, кінәлінің жеке тұлғасына және қылмысты жасау жағдайларына сәйкес тағайындалатын болса әділетті деп танылады. Мұнда «сәйкес» термині бір ғана ұқсастық емес, тепе-теңдік деген мағынада қолданылады, яғни жаза қылмысқа сыртқы формальды жағынан емес, әлеуметтік жағынан және арифметикалық жағынан емес, заңдық жағынан тең болуы керек дегенді білдіреді. Сонымен бірге, жаза және негізді болуы керек. Егер оны барлығы, сотталғаннан бастап қоғамның барлық мүшелері заңды, негізді және көз жетерлік жаза ретінде қабылдаса ғана ол әділетті деп танылады. Тағайындалатын жазаның заңға сәйкестік талаптары ерекше маңызды. Жасалған қылмыстың қауіптілігін бағалай отырып, сот ең алдымен, аталған қылмыстың түріне ҚК-нің Ерекше бөліміндегі заң шығарушының берген бағасын ескеруі керек. Сондықтан, әділетті жаза тағайындаудың міндетті алғышарты ретінде қылмыстың нақты заңдық саралануы саналады. Қылмысты саралаудағы қате әділетсіз жаза тағайындауға әкеп соғады.
Жазаның мақсатқа лайықтылығы дегеніміз — соттың тағайындаған мәжбүрлеу шарасының сотталған адамға оң ықпал етуге сәйкес келу талабын білдіреді. Соттың таңдаған жазасы оның жалпы мақсаттарына қол жеткізудің жеткілікті құралы болуы керек. Осыған байланысты ҚК-нің 52-бабы 2-бөлігінде «Қылмыс жасаған адамға оның түзелуі және жаңа қылмыстардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуы тиіс…» деп көрсетілген. Қылмыстық заң сотты жаза тағайындау кезінде жаза мақсаттарының біреуіне қол жеткізу болып саналатын — жазаның сотталған адамның түзелуіне әсер ететіндігін көре білуді және жасалған қылмыс пен қылмыскерді сипаттайтын барлық мән-жайларды ескере отырып, жазаның мүмкіндігінше ең қатаң емес түрін дұрыс тағайындай білуді, оның мөлшерін анықтауды міндеттейді. Сот жазаны ҚК-нің Жалпы бөлімінің ережелерін ескере отырып тағайындайды.
Жаза тағайындау кезінде сот мына жағдайларды міндетті түрде ескеруі тиіс:
1). Жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесі;
2). Кінәлінің жеке басы;
3). Кінәлінің қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-қ±лқы;
4). Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар;
5). Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар;
6). Тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы.
Қылмыстың қоғамға қауіптілігі — бұл ҚК-нен қарастырылған іс-әрекеттің қылмыстық заңмен қорғалатын объектілерге нақты зиян келтіру немесе нақты зиян келтіру қаупін тудыруының объективті қасиеті. Әрбір қылмыстың қоғамға қауіптілігі қылмыстық қ±қық теориясында екі категория: қоғамға қауіптілік сипаты (сапалық белгі) және қоғамға қауіптілік дәрежесі (сандық белгі) арқылы ашылады.
Қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты — қылмыстың сапалық категориясы, ол ең алдымен, қол сұғушылық объектісінің ерекшелігімен, яғни объектінің қоғам мен мемлекет үшін құндылығымен, қылмыс нәтижесінде келтірілген зиянның мөлшерімен және т.б. жағдайлармен анықталады. Барлық қылмыстар бір-бірінен осы қоғамға қауіптілік сипаты бойынша ерекшеленеді.
Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі — қылмыстың сандық категориясы. Бұл жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты шешіледі. Ол ең алдымен қылмыс құрамының белгілерімен, объектіге келтірілген зардаптың мөлшері мен сипаты; кінәнің нысаны, мақсат пен ниет; қылмыстың жасалу тәсілі; субъектінің ерекшелігі және т.б. жағдайлармен анықталады. Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі көбінесе қылмыстың объективтік жағымен, ал қоғамға кауіптілік сипаты — қылмыстың объектісімен және субъективтік жағымен сипатталады. ҚР Жоғарғы соты Пленумының 1999 жылғы 30 сәуірдегі «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» қаулысының 2-тармағына сәйкес «жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтағанда, соттар қылмыстың ауырлығын анықтау тәртібін реттейтін ҚК-нің 10-бабы талаптарын, сондай-ақ нақты қылмыстық әрекет (кінәнің түрі, себебі, тәсілі, жасаған қылмыстық жағдай мен кезеңі, одан болған ауыртпалық, сотталушылардың әрқайсысының қылмысқа қатыстылығының дәрежесі мен сипаты т.б.) жағдайының барлығын ескеруі тиіс». Жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесін анықтау кезінде нақты іс бойынша жинақталған барлық объективтік және субъективтік белгілерін есепке алу қажет.
Соттар жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу үшін елеулі мәні бар сотталушының жеке басының мәліметтерін жан-жақты, толық және объективті түрде тексеруі тиіс. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, еңбекке қабілеттілігімен қатыстылығын, білімін, сотталғандығы туралы мәліметтерді, сонымен бірге сотталушының отбасы анықталғаннан кейін тағайындалған жаза оның отбасы немесе оның асырауындағы адамдардың жағдайына қандай әсер ететінін ескеруі қажет.
Жаза тағайындау, яғни айыптау үкімін шығарарда жаза таңдау сот қызметіндегі маңызды, жауапты сәт.
Жазаның тағайындалуы әлеуметтік әділеттіліктің қалпына келуіне, сотталған адамның түзелуіне, сотталғанның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыс жасауын болдырмауға көмегін тигізеді.
Бұл мақсатқа қол жету үшін жаза дәлелді де әділ болуға тиіс. Қылмыс жасаған адамға, делінген ҚК-тің 52-бабында, оның түзелуі және жаңа қылмыстың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс.
Соттың жаза тағайындауға осы тұрғыдан қарауы ҚР ҚК-нің 52-бабында келтірілген жаза тағайындаудың жалпы негіздерін (ережесін) қамтамасыз етеді. Бұл бап сот үшін жаза тағайындаудың нақты емес, жалпы ережесін белгілейді, ол бір жағынан соттың заңды қатаң бағдарға алуын көздейді, екінші жағынан жаза тағайындағанда оның өзінше ынта көрсетуіне мүмкіндік береді.
Жаза тағайындау белгілі бір принциптерге негізделеді, олар қылмыстық заңның жалпы құқықтық және салалық арнаулы принциптерінің нақты көрінісі болып табылады. Жаза тағайындаудың негізінде жатқан принциптер мыналар: заңдылық, адамгершілік, жазаның әділеттілігі, жазаның дәлелділігі және үкімде оның себебінің міндетті түрде көрсетілуі, жазаны жеке даралау, қылмыстық қудалау шараларын үнемдеу. Бұл принциптер ҚК нормаларында өз көрінісін табады.
Жаза тағайындаудың жалпы негіздері — заңда белгіленген критерийлер, сүйенетін ережелер, әрбір нақты іс бойынша жаза тағайындағанда сот оларды басшылыкқа алады.
Басқа сөзбен айтқанда, қандай қылмыстық іс қаралмасын, айыпкерге кандай жаза қолданылмасын, сот осы жалпы критерийлерге сүйенуі керек.
ҚК-тің 52-бабына сәйкес жаза тағайындаудың жалпы негіздері мынадай үш критерийден тұрады. Сот жазаны:
1) ҚК-тің Ерекше бөліміндегі сол қылмыс үшін жауаптылық көзделген баптар шегінде;
2) ҚК-тің Жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды ескеріп;
3) қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыпкердің жеке басын, қылмысқа дейінгі және оны жасағаннан кейінгі оның мінез-құлқын, жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасысының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалын ескеріп белгілейді.
Осы критерийлерді қарастырайық:
1. Сот жазаны ҚК-тің тиісті баптарында белгіленген шекте тағайындайды. Бұл — сот жазаны ҚК-тің Ерекше бөлімінің айыпкер жасаған қылмыс сараланатын баптың санкциясы шегінде ғана тағайындай алады деген ұғым. Мысалы, ҚК-тің 264-бабының 2 бөлігінің санкциясы екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. ҚК-тің осы нормасы бойынша соттағанда сот бұл баптың санкциясы бойынша белгіленген ең көп және ең аз мерзімдер шегінде жаза тағайындауға тиіс.
Нақты жағдайға байланысты жаза тағайындауда санкция түрінің маңыздылығы бар. Өзінің түріне қарай қылмыстық кодекстегі санкциялардың көбі салыстырмалы-анықталған, яғни жазаның түрі, оның жоғарғы және төменгі шектері көрсетілген. Мұндай санкциялар жазаны жеке даралау үшін үлкен мүмкіндіктер береді.
Балама санкцияларда екі және одан көп негізгі жазалар көрсетіледі, сот оның кез-келгенін таңдай алады. ҚК-тегі санкциялардың көпшілігі балама. Олар жазаны жеке даралауға, оның мерзімі мен түрін анықтауға көп мүмкіндік береді.
Қандай жағдай болса да, сот Ерекше бөлімнің бабындағы санкцияда белгіленген ең жоғарғыдан (жоғарғы шектен) жоғары жаза тағайындай алмайды (мысалы, ҚК-тің 264-бабының 2 бөлігі бойынша жеті жыл).
Егер сот оған жол берсе, онда жаза тағайындаудағы принцип бұзылады. Бірақ, ҚК-тің 55-бабында көзделген мән-жайлар болса, сот ҚК-тің Ерекше бөлімінің бабындағы санкцияда көзделген ең төменгіден (төменгі шектен) төмен жаза тағайындай алады. Бұл жаза тағайындаудағы адамгершілік принципінің өзінше көрінісі.
2. Сот жазаны ҚК-тің Жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды ескеріп тағайындайды. Бұл жазаның кейбір түрлерін қолданудың мақсатына, түрлеріне, шарттарына, сондай-ақ жаза тағайындау тәртібіне қатысы бар ҚК-тің жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды соттың басшылыққа алуы тиіс екендігін көрсетеді. Мысалы, ҚК-тің 359-бабындағы санкцияда екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Бұл бап бойынша бас бостандығынан айырудың ең аз мерзімі, ҚК-тің 48-бабындағы жағдайларды ескергенде, алты ай деп белгіленген. ҚК-тің осы нормасы бойынша соттағанда сот алты айдан екі жылға дейінгі мерзімді тағайындау керек.
Жаза тағайындай отырып сот қаралған іс бойынша толық тұжырым жасайды, жазалаудағы мақсатқа жету үшін жазаның қандай түрі және мерзімі жеткілікті екендігін анықтайды.
Мысалы, аяқталмаған қылмысты жасағаны үшін айыпталған адамға жаза тағайындағанда сот қылмыстың ақырына дейін жетпеуіне себеп болған мән-жайларды есепке алу жөніндегі ҚК-тің 56-бабының 1 бөлігінің талаптарын ескереді.
Қатысып жасалған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, оны жасауға адамның іс жүзінде қатысу сипаты мен дәрежесі, оның келтірген немесе келтіруі мүмкін зиянының сипаты мен мөлшері жөніндегі 57-баптың 1 бөлігіндегі жағдайды соттың ескеруі тиіс.
Егер адам бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұсталса, онда үкім заңды күшіне енгенше қамауда ұсталған уақытты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзіміне жатқызу жөніндегі 62-баптың 3 бөлігінің талабын соттың ескеруі қажет.
Жаза тағайындай отырып, сот ҚК-тің 38-бабында белгіленген мақсаттарды көздейді. Егер қылмыстардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы орын алса, онда сот ҚК-тің 58, 60, 61-баптарында белгіленген тәртіп бойынша, ал кайталанған қылмыс болса — ҚК-тің 59-бабында белгіленген тәртіп бойынша жаза тағайындайды. Соттың ҚК-тің Жалпы бөлімінде қарастырылған басқа жағдайларды да ескеруі қажет. Атап айтқанда, шартты түрде соттау немесе жаза өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндіктерін қарастырады (ҚК-тің 63, 72,74-баптары).
Жаза тағайындау кезінде қылмыстық заңның жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды соттың елемеуі әділқазылық жасағанда заңдылықтың өрескел бұзылуы болып табылады, ол дәлелсіз үкім шығаруға әкеп соғады.
3. Жаза тағайындаған кезде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыпкердің жеке басын, сондай-ақ жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды соттың ескеруі қажет. Жаңа қылмыстық заң, осы аталғандардан басқа, айыпкердің қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалын ескеруді міндеттейді.
Жаза тағайындаудың және қылмыстың қайталануының алдын алудың тиімділігі қылмыстың жан-жақты, дұрыс бағалануына тікелей байланысты.
Жасаған қылмысы қоғамға онша қауіп төндірмейтін адамдарға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолданған дұрыс, және керісінше, ауыр қылмыс жасаған адамға сот қатаң жаза тағайындау керек, себебі ондай әрекет жасаған адамның бойын қоғамға жат қылық жайлап алған, одан арылту үшін оны ұзақ уақыт көзден таса қылмай тәрбиелеу қажет.
Қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты, бәрінен бұрын, қастандық жасалған нысан бойынша анықталады жасалған қылмыстан қандай қоғамдық қатынастар бұзылады немесе бұзылу қаупі туады, яғни бұл қоғамға қауіптіліктің сапалық сипаттамасы (6, 407 б.). Осы тұрғыдан алғанда қандай да болсын адам өлтірудің ар-ұждан мен қадір-қасиетке қастандық жасаудан айырмашылығы бар, денсаулыққа қарсы қылмыстың мүліктік қылмыстан айырмашылығы бар.
Қоғамға қауіптілігі тұрғысынан қылмыс жасаудың себептері де, тәсілдері де, басқа мән-жайлар да маңызды рөл атқарады. Мысалы, аса қатыгездікпен, бұзақылық ниетпен немесе жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатында қасақана адам өлтіру (ҚК-тің 96-бабының «д», «и», «м» тармақтары) қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіруге қарағанда (ҚК-тің 99-бабы) ауыр қылмыс болып табылады.
Қоғамға қауіптілік сипатына қарай қылмыс түрлерінің бір-бірінен айырмашылығы бар. Мысалы, ұрлыққа қарағанда тонау қауіптірек, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуден адам өлтіру қауіптірек. Әрине, бұл қылмыстар үшін жазалар да әртүрлі болуы керек. Қылмыс ауыр болған сайын жаза да қатаң болуы тиіс, және керісінше, кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыстарды жасағаны үшін, басқа мән-жайларды да ескеріп, жазаның жеңілірек түрін қолдану керек.
Сонымен қатар соттар жасалған қылмыстың тек коғамға қауіптілік сипатын ғана емес, оның қоғамға қауіптілік дәрежесін де ескеруге тиіс, егер қоғамға қауіптілік сипаты — сапалық көрсеткіш болса, қоғамға қауіптілік дәрежесі — сандық көрсеткіш.
Жаза тағайындаған кезде сот ескеруге тиісті қоғамдық қауіптілік дәрежесі нақты қылмыстың ауырлығын анықтайды, ол сол қылмыстық әрекеттің жеке ерекшеліктеріне байланысты.
Мысалы, ҚК-тің 175-бабының 1 бөлігі бойынша жауаптылық көзделген ұрлықтың ірі мөлшердегі ұрлыққа қарағанда (ҚК-тің 175-бабының 3 бөлігі) қауіптілігі аз. Қару қолданған теңіз қарақшылығы (КҚ-тің 240-бабының 2 бөлігі) ҚК-тің 240-бабының 1 бөлігі бойынша жауаптылық көзделген теңіз қарақшылығынан қауіптірек.
Қылмыстың бір түрінің өзіндегі қоғамға қауіптілік дәреже келген зиянның мөлшеріне, сондай-ақ қылмыс жасаудағы көптеген басқа мән-жайлардың жиынтығына байланысты (әрбір қатысушының қатысу сипаты мен дәрежесіне, айыптың формасына, қылмыс жасау жағдайына және кезеңіне). Сондықтан да жаза тағайындаған кезде, тек жасалған қылмыстың сипатын ғана емес, оның қоғамға қауіптілік дәрежесін де есепке алу жөніндегі заң талабы әділ жаза тағайындаудың бірден бір алғы шарты болып табылады.
Егер сот қылмысты кімнің жасағанын, жазаны кімге қолданатынын дұрыс анықтап білсе, жазалаудағы мақсатқа да қол жетеді. Нақты қылмыс жасалғанда жалпы қылмыскер деген ұғым болмайды, өзіне тән қасиеттері бар белгілі бір адам болады. Сол қасиеттер жаза шарасын таңдағанда оң не теріс ықпал жасауы мүмкін. Сондықтан да сот жаза тағайындау кезінде айыпкердің жеке басына қатысты мәліметтерді жан-жақты, мұқият талдауы тиіс.
Әдебиеттерде «адамның жеке басы» деген ұғымға адамды әлеуметтік тұлға ретінде көрсететін, оның өзіндік қасиеттері мен қайталанбас ерекшеліктерін неғұрлым толық ашатын өзгешеліктер деген түсініктеме берілген (8, 6-36 б).
Адамның жеке басы деген ұғым — оның қоғамдық мәнін, адамның әлеуметтік-психологиялық және дара биологиялық ерекшеліктерін қамтиды.
Арнаулы алдын алу, қылмыскерді түзеу сияқты жазаның мақсаттарына қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесін анықтағанда ғана қол жеткізуге болады.
Кімнің жазаланатынын, сотталушының қоғамға қаншалықты қауіпті екендігін, оны түзеудің және қайта тәрбиелеудің қандай мүмкіндігі бар екендігін білу өте қажет. Анықтама, тергеу органдары, сот қылмыскердің мына жақтарын мұқият зерттеп білуге тиіс: әлеуметтік бейнесін, тұрмыс салтын, үйде, тұрмыста оны қоршаған ортаны, әдептілік принциптерін, рухани байлығын, идеалын, немен айналысатынын, психологиялық ерекшеліктерін, жауаптылық қабілетінен айырмайтын психикалық өзгешеліктерін, жасаған ұнамды немесе ұнамсыз әрекеттерін, еңбек ұжымындағы беделін, т.б.
Заң және қылмыстық заң теориясы қылмыс жасаған адамға тән белгілер жиынтығын екі топқа бөледі: бірінші топты қылмыс субъектісінің белгілері құрайды, екінші топ қылмыскердің жеке басын сипаттайтын белгілерді біріктіреді.
Субъектінің есі дұрыстығы, ең төменгі жасы, арнаулы субъекті туралы мәліметтер қылмыс құрамының міндетті түрдегі белгілері болып табылады, олар әрекеттің қоғамдық қауіптілігін сипаттайтын көрсеткіштер.
ҚР Жоғарғы сотының практикасында заңның бұл талабына баса назар аударылған. Сотталушының жеке басы туралы мәліметтерді жан-жақты есепке алу қажеттігіне соттар әрқашан да мән береді. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, отбасы жағдайын,…..