Дипломдық жұмыс: Политология | Қазақстандағы соғыс коммунизм саясатының мәні мен ерекшелігі

0

Мазмұны

КІРІСПЕ…………………………………………………………………………………………………….

1 «ӘСКЕРИ СОҒЫС КОММУНИЗМ» САЯСАТЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ЖҮРГІЗІЛУІ
1.1 Азық-түлік диктатурасы мен ауылшаруашылық өнімдерін даярлаудың жоспарлы жүйесінің ендірілуі……………………………………………………………………….
1.2 «Әскери коммунизмнің» өнеркәсіп пен еңбек саясатындағы көрінісі…………………………………………………………………………………………………………

2 «ӘСКЕРИКОММУНИСТІК» ЖҮЙЕНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК- ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ САЛДАРЛАРЫ
2.1 Әлеуметтік және экономикалық дағдарыс………………………………………………..
2.2 «Әскерикоммунистік» жүйенің саяси дағдарысы……………………………………..

ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………………………………………………..
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ…………………………………………….
Диплом жұмысының өзектілігі. Егеменді Республикамызды дамытуда бүгінгі таңда нарықтық экономика мен қоғамдағы қайта құрулар мәселесінің өзектілігі арта түсуде. Әлемдік өркениеттің тарихи даму сатысында экономиканы нарықтық басқару үлгісі мен демократия негізгі жетістікке айналды. Бүгінде қазақ қоғамы стратегиялық таңдау жасап, демократиялық реформалар мен нарықтық қайта құрулар арқылы даму жолына түсті. Алайда әлеуметтік бағдарланған экономиканы қайта құруда қоғамдық дағдарыстар мен қайшылықтардың алдын алу мәселесінің туындайтыны заңдылық. Өтпелі кезеңнің қиындықтары мен нарықтық қатынастарға өту үрдісінің заңдылықтарын игеруде өткен тарихымызға жүгінетініміз сөзсіз.
Осындай мәселелердің дүниетанымдық, идеологиялық бастауларын қарастыруда Қазақстан тарихындағы «әскери коммунизм» деп аталатын кезеңнің маңызы зор. «Әскери коммунизм» саясаты қоғамдық дамуға айтарлықтай ықпал етті. Себебі сталинизм мен «әміршіл-әкімшіл жүйенің» идеялық бастаулары «әскери коммунизмнен» басталды. Қазақстандағы «соғыс коммунизмі» саясатының тарихы толықтай қайта қарауды қажет етеді. Ол үшін осы саясаттың қалыптасуының идеологиялық, әлеуметтік-мәдени және құқықтық негіздерін талдау, «соғыс коммунизм» терминінің мәнін айқындау қажет.
«Әскери коммунизм» терминін алғаш рет ғылыми айналымға Қазан төңкерісіне дейін ресейлік марксист А. А. Богданов енгізген болатын. Богданов «әскери коммунизм» түсінігін әскермен байланыстырды. Ол «капитализм жүйесіне енген әскери-коммунистік ұйымдастырудың дамуы мен майданнан тылға таралуына назар аударды. Әскер – авторитарлық типтегі тұтынушы коммуна, ал «әскери коммунизм» – «авторитарлы реттелетін бұқаралық паразитизм мен жоюды ұйымдастыру» деп түсіндірді [1;335].
Ресейлік большевиктер «соғыс коммунизм» жүйесін өткір азаматтық күресте жеңіске жету мен билікті сақтап қалудың құралы ретінде пайдаланды. Белгілі бір кезеңде халық комиссарларының мәскеулік үкіметі осы жүйе арқылы негізгі мақсатқа жетудің жолдарын іздестіре бастады. Осылайша, халық шаруашылығы мәселелерін әскери әдістер арқылы шешу жолдары енгізіледі. Қазақ халқы еркінен тыс осы тәжірибенің құрбанына айналды. Ауыл шаруашылығы мен экономикада қайшылықтарға әкеліп, 1920-шы жылдардың соңы — 30-шы жылдардың соңында «әскери коммунизм» идеясы жаңа сталиндік идеямен алмастырылады.
Мәселенің өзектілігі «соғыс коммунизм» саясатының тарихи үрдістегі орны мен маңызын қайта қарау қажеттілігінен туындайды. Бүгінгі таңда түбегейлі саяси өзгерістер нәтижесінде тарихи шындықты қалпына келтіру мүмкіндігі туып отыр. Кеңестік кезеңде жалған тарихнамалық тұжырым түбірлі социалистік қайта құрулар үрдісінің тек жағымды тұстарын насихаттап, Кеңес үкіметінің Қазақстан мен Орталық Азияда жүргізген саясатының отарлық сипатын бүркемеледі. Сонымен қатар, «соғыс коммунизм» саясатының тәжірибесі бүгінгі нарықтық экономиканы қалыптастыру, дамудың реформалық жолын дамытудың маңыздылығын айқындауда мәні зор. Осы саясаттың Қазақстанда жүргізілу себебі мен барысын айқындау қажеттілігі туындап отыр. «Соғыс коммунизм» саясатының өлкедегі ықпалы мәселесінің толық зерттелмегендігі оның өзектілігін арттыра түседі.
Диплом жұмысының зерттелу деңгейі. Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясатының жүргізілуі мәселесі толық зерттелген жоқ. Дегенмен, мәселенің бірқатар тұстары қазақстандық және ресейлік зерттеушілер еңбектерінде жарық көрді. Тарихнамалық талдау көрсеткендей, еңбектердің басым көпшілігін кеңестік мектеп өкілдерінің зерттеулері құрайды. Мәселеге қатысты ғылыми әдебиеттерді зерттеуші Е. Медеубаев өзінің «Қазақстандағы «соғыс коммунизм» саясаты (1918-1921 жж.)» атты диссертациялық еңбегінде төрт кезеңге топтастырады. Бұл кеңестік тарих ғылымының дамуына ықпал етіп, көрініс тапқан елдегі қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістермен байланысты. Бірінші кезең 1920-шы жылдарды, екінші кезең 1930-шы 50-ші жылдардың басы, үшінші кезең 1950-ші жылдардың ортасынан 80-ші жылдардың ортасына дейін және төртінші кезең 1985-ші жылдан Қазақстанның саяси тәуелсіздігін алғанға дейінгі уақытта жарық көрген еңбектерді қамтиды [2; 5]. Жалпы алғанда, «соғыс коммунизм» мәселесіне қатысты еңбектерді ХХ ғ. 20-шы жылдарынан 50-ші жылдарға дейін, 50-80 жж. және тәуелсіздік жылдарындағы еңбектер деп үш кезеңге топтастыруға болады.
«Соғыс коммунизм» мәселесіне байланысты алғашқы еңбектер В. И. Ленин есімімен байланысты. Алайда олардың тек методологиялық маңызы бар. Зерттеуде Лениннің РК(б)П-ның Х съезінде жасаған баяндамасында «соғыс коммунизміне» берген ретроспективті бағасы қолданылады [3; 57]. Өз еңбектерінде автор «соғыс коммунизм» саясатының Кеңес билігін нығайтудағы рөліне баса назар аударды [3; 220]. Дегенмен, кез-келген саясаткер секілді өзі басқарған үкіметтің жүргізген іс-шараларын ақтауға тырысты.
Экономикалық бағыттың күрт өзгеруі мен жаңа экономикалық саясатқа көшу «соғыс коммунизм» саясатының мәнін толықтай ашу қажеттілігін туғызды. Л. Н. Крицман өз еңбегінде «соғыс коммунизм» кезеңіндегі халық шаруашылығы салаларының жағдайына сипаттама беріп, Кеңес үкіметінің азамат соғысы жылдарындағы материалдық ресурстарды мобилизациялауының әдістері мен тетіктерін ашып көрсетеді [4; 96]. Зерттеуші тұжырымдары утопиялық сипатта болғанымен, еңбек «соғыс коммунизм» мәселесі бойынша алғашқы және негізгі зерттеулердің бірі болып табылады.
Ю. Ларин [5], Д. Кузовков [6], Э. Квиринг [7], В. Милютин [8], В.Сарабьянова [9], М. Фрумкин [10], секілді экономист ғалымдардың еңбектері партиялық идеологиялық ұстанымдар толық орнамаған кезеңде жарық көрді. Бұл автордың еңбектерінің ерекшелігі – зерттеушілер «әскерикоммунистік» шаруашылық жүйенің әртүрлі тұстарын ашық талдап, жағымсыз тұстарын көрсетті. Осы кезеңде отандық тарихнамада Түркістандағы азамат соғысы жылдарындағы шаруашылық құрылыс мәселелері туралы еңбектер жарық көре бастады. Кеңес үкіметінің Түркістанда 1918-20 жж. жүргізген шаруашылық саясатының ерекшеліктері алғаш рет Г. Сафаровтың «Отарлық революция» (1921 ж.) еңбегінде көрсетілді. Автор тарихи материалдар негізінде «Түркістанда орыс революциясының отарлық сипат алғандығын» дәлелдейді [11; 101]. Бұл еңбекті оқуға кеңестік кезеңде тыйым салынған еді.
ТАКСР-ның экономикасының 1920 ж. жағдайы «Түркістан республикасының шаруашылық өмірінің очерктерінде» беріледі [12]. Мәселенің жекелеген тұстары Т. Рысқұлов [13], Н. Төреқұлов [14], С. Брайнин мен Ш. Шафиро [15] еңбектерінде көрсетіледі. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси тарих туралы мол мәлімет беретін еңбектер авторларының бірі М. Шоқай Кеңес үкіметінің сауда саясаты туралы жазады [16]. «Соғыс коммунизм» тақырыбына кеңестік Ресей ғалымдары да тоқталды. Тарихшы М. Н. Покровский «Пролетарлық диктатураның жеті жылы» еңбегінде «соғыс коммунизм» туралы өз көзқарасын білдіреді [17]. «Соғыс коммунизмінің рөлі мен мәнін түсінуде тарихи үрдісте Мәскеуде өткен Коминтерннің алтыншы конгресіндегі пікір-таластың «Правда» беттерінде жарияланған материалдарының маңызы зор. Экономист Е. Варга «Капитализмнен социализмге өту кезеңі» мақаласында «Пролетариат диктатурасының КСРО-дан тыс пайда болған барлық жағдайында әскери коммунизм – ереже, ЖЭС – ерекшелік болып табылады» деп тұжырым жасайды [2; 9]. Ресми билік мұндай идеяларды дер кезінде жоюға тырысты. Себебі бұл «соғыс коммунизмінің» Кеңестік Ресейдегі тәжірибесіне қызығушылық туғызатын еді.
И. В. Сталиннің жеке басына табыну культі мен тоталитарлық жүйенің күшеюіне байланысты тарих ғылымында партиялық догмалар арта түседі. И. В. Сталин 1928 ж. БК(б)П-ның шілде Пленумында: «Соғыс коммунизм» пролетариат диктатурасының соғыс жағдайы мен интервенцияға байланысты жүргізген саясаты» [18; 146-147] деп баяндайды. 1938 ж. жарық көрген «БК(б)П тарихы. Қысқаша курсында» Кеңес үкіметі «соғыс коммунизмін» соғыс жағдайына байланысты жүргізді және уақытша сипатта болды деп қорытындылайды [19; 260]. «Соғыс коммунизмінің» мәжбүрлілігі мен уақытша жүргізілу сипаты туралы тезис бұл мәселені толық талдап, белгілі бір баға беруге кедергі жасады [20; 140].
1950 жылдың ортасында партияның ХХ съезінен кейін қоғамдық танымда бірқатар өзгерістер орын алғаны белгілі. Осы кезеңде П. И. Лященко [21], И.А. Гладков [22], И. Челяпов [23], Ю. К. Авдаков [24], Д. Баевский [25], т. б. еңбектері жарық көрді. «КОКП тарихы», «КСРО-дағы азамат соғысының тарихы», т. б. көптомдықтар мен оқулықтарда Кеңес үкіметі мен партияның Азамат соғысы жылдарындағы ресурстарды мобилизациялауға қатысты жүргізген экономикалық іс-шаралары жан-жақты баяндалады. Дегенмен, идеологиялық ұстанымдар мәселеге объективті баға беруге кедергі келтірді. Г. Ф. Дахшлейгер өз мақаласында Түркістанның аудандарында барлық ұмтылыстарға қарамастан азық-түлік салғырты принципі бойынша сауда өнімдерін даярлау толықтай жүзеге аспағандығы туралы дұрыс қорытынды жасаса [26; 25], зерттеуші П. Тугов азық-түлік салғыртының Қазақстанда 1918 ж. енгізілгендігі және кедейшілік комитетінің белсенді жұмыс істегендігі туралы қате тұжырымдар жасайды. Автор «өнеркәсіпті национализациялаудың лениндік жоспары Қазақстандағы отарлық экономиканың аяқталуына нүкте қойды» – деп жазады. Дегенмен, П. Тугов өз кезегінде көп мөлшердегі тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізді [27; 58].
1960-80 жж. «соғыс коммунизм» тарихнамасы жаңа зерттеулермен толықты. Т. Елеуов «Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауы мен нығаюы» [28] еңбегінде өлкедегі социалистік қайта құрулар жөнінде беймәлім деректерді қолдана отырып, Қазақстандағы 1918 жылға дейінгі өнеркәсіпті национализациялаудың жүзеге асуы туралы баяндайды.
Бұл мәселенің тарихнамасына 1966 ж. жарық көрген А. С. Елагиннің «Қазақстандағы азамат соғысы жылдарындағы социалистік құрылыс» атты монографиясы айтарлықтай үлес қосты. Автор мұрағат және сол кезеңдегі мерзімді баспасөз деректері негізінде Кеңес үкіметінің шаруашылық саласында жүргізген саясатын талдауға тырысады. Зерттеудегі: «Нан және ет салғырты қоныстанушы орыс-украин және егін шаруашылығымен айналысатын отырықшы қазақ шаруаларына салынды, көшпелі қазақ ауылында жүргізілмеді» деп жазғанмен, құжаттық деректер қарама-қайшы мәлімет береді. Әскери бюрократиялық жүйе көшпелі шаруаларға шаруашылық түрінің ерекшелігіне қарамастан, астық салғыртын салды. Автор азық-түлікті даярлауда тауар айналымының рөлін негізсіз асыра бағалайды [29; 278]. 1921 ж. ауыл шаруашылығының дағдарыстық жағдайын көрсеткенімен, оның негізгі себептерін айқындамайды. Басқа да кеңестік әдебиеттердегідей Елагин еңбегінде де «соғыс коммунизміне» қатысты оқиғалар біркелкі жоспармен баяндалады. Қазақстан халқының басым бөлігінің қолдауына ие болған Кеңес үкіметі жекеленген тап жауларының қарсылығына төтеп бере отырып, экономика мен мәдени құрылыста социалистік қайта құруды ойдағыдай жүргізеді.
А. Нүсіпбеков[30] пен К. Нүрпейісов [31] монографияларында бай мұрағат деректері негізінде Қазақстандағы 1917-1918 жж. жұмысшылар бақылауын ұйымдастыру мен өнеркәсіпті национализациялауға байланысты үрдістер баяндалады. Бұл мәселе Б. Қадиевтің [32] диссертациялық зерттеуінде кең талқыланады. Автор статистикалық деректер негізінде көптеген фактілер келтіреді. Алайда Қазақстан экономикасын дамытуда национализациялаудың маңызына бір жақты баға береді.
Осы кезеңде «соғыс коммунизм» саясатының бірқатар мәселелерін қамтыған Қазақстан мен Орталық Азиядағы Азамат соғысы тарихына байланысты ұжымдық еңбектер жарық көреді. Осы жылдары аталмыш мәселеге байланысты ортаазиялық республикалар зерттеушілерінің еңбектері жарияланады. Жалпыодақтық тарихи әдебиетте «соғыс коммунизм» тарихына байланысты жазылған Е. Г. Гимпельсон еңбектерінің маңызы зор. Зерттеуші ресми идеологияның шеңберінде «соғыс коммунизм» саясатының большевиктік партия идеологиясымен жоспарлы түрде немесе табиғи түрде орын алғандығын анықтауға тырысады [33]. Зерттеуші Е. А. Амбарцумов 1921 ж. көктемде орын алған саяси дағдарыстың себебін аша отырып, «ескі әдістер мен даму тұжырымдамасының жарамсыздығы – үкімет дағдарыстың негізгі себебі болып табылады, «соғыс коммунизмінің» басты тәжірибелік кемшілігі – сауда салғырты жүйесінің шаруалардың өндірісті дамытуға қызығушылығын жойып қана қоймай, әділетті қарсылығын туғызуда» деп жазады [34; 18].
«Әскери коммунизм» мәселесі батыс тарихнамасы өкілдерінің еңбектерінде көтеріледі. Зерттеуші Р. Пайпс еңбегі тарихи публицистика жанрында жазылған деректік, тарихнамалық негізінің көлемділігімен ерекшеленеді [35]. Ағылшын тарихшысы Э. Карр «соғыс коммунизм» мәселесіне байланысты тарауында осы саясаттың негізінде халық шаруашылығын басқару ерекшеліктеріне тоқталады [36]. Жалпы батыс тарихнамасында «соғыс коммунизм» мәселесі Кеңестік мемлекет тарихының кешенді бөлігі ретінде қарастырылады. 1980 жылдың аяғы — 90 жылдың басында қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы орын алған демократияландыру үрдісіне байланысты тарих ғылымында сапалы өзгерістерге бастама болған жаңа еңбектер жарық көре бастады. Ш. Мұхамединаның мақаласында Қазақ АКСР-ның халық шаруашылығының жағдайы Кеңес үкіметінің экономикалық саясатын талдау негізінде көрсетіледі. Автор 1921-1922 жж. аштық пен Қазақ АКСР-дағы шаруашылық құлдыраудың нақты «соғыс коммунизм» саясатының салдары болғандығын дәлелдейді. Ғылыми мақалада дәйекті фактілер мен құнды статистикалық мәліметтер келтіріледі [37; 130].
Қазақстан саяси дербестікке қол жеткізгеннен кейін өз тарихы мен өткеніне жаңаша көзқараспен қарай бастады. «Ақиқат», «Қазақ тарихы» т. б. отандық басылымдарда жаңа көзқарастағы мақалалар жариялана бастады. Тарихшы О. Қоңыратбаевтың «Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» зерттеуінде Кеңес үкіметінің сауда саясаты егжей-тегжейлі талданады [38]. Аталмыш мәселеге байланысты зерттеуші Ж. Б. …

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!