1941-1970 жж. кеңес мектебі мен педагогикасы — Тарих
1941-1970 жж. кеңес мектебі мен педагогикасы.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы мектеп және педагогика.
Кеңес халқының фашистік Германияға қарсы соғысы көптеген материалдық күшті керек етті. Еңбекке жарайтын миллиондаған адамдарды бейбіт еңбектен бөлді. Соғыстың ауыр зардабы еліміздегі халық ағарту ісіне кеңес мектебінің өміріне әсер етпей қойған жоқ.
Сан мыңдаған жоғары сынып оқушылары, мұғалімдер мен студенттер Кеңес Армиясы қатарына, халық жасақшыларына, партизандық күреске аттанды. Мұғалімдер мен оқушылар, колхоз бен совхоздағы ауыл шаруашылық жұмыстарына, металл сынықтарын, дәрі-дәрмектер жию ауруханадағы жаралыларға дәрігерлік жәрдем беру, әскер жанұяларына қамқорлық жасау жұмыстарына белсене араласты. Соғысқа жақын жерлердегі балалар тылға көшірілді. Жергілікті жерлерде ол балалар үшін үлкен қамқорлық жасалды. Мектеп-интернаттар ұйымдастырылды. Немістер уақытша басып алған жерлерде ондаған мың мектептер қиратылды және тоналды. Тек ғана РСФСР территориясында неміс басқыншылары 17 мыңдай, Украинада 20 мыңға жуық мектеп үйлерін қиратты. Онымен қатар мектептерде мұғалімдер жетіспеді.
Соғыстың алғашқы айларында мектеп мұғалімдері мен оқушылар қолына қару алып, өз Отанын қорғауға аттанды, олар өздері тәрбиеленген идеалына беріктігін, соғыста да, тылда да ержүректік пен ұйымшылдықтың және тәртіптің үлгісін көрсете білді.
Көптеген жасырын жастар ұйымдарды, олардың ішінде ерекше белгілі болған краснодондық «Жас гвардияны” ерекше атауға болады, олар фашист басқыншыларына жанқиярлықпен қарсы күресе отырып, ерліктің үлгісін көрсетті. Ондаған мың мұғалімдер мен оқушылар партизан отрядтарында күресті. Мысалы, бір ғана Беларуссияның партизан отрядтарында басқыншыларға қарсы 7 мыңнан астам мұғалімдер мен 30 мыңдай оқушылар қарсы күресті. Уақытша неміс фашистерінің басып алған жерлерінде Украинаның, Белоруссияның, Брянск, Псков және басқа облыстардың партизандық аудандарында мектептер кеңестік оқу бағдарламалары бойынша жұмыс істеуді жалғастырды.
Соғыстың алғашқы жылдарында шалғай тылдағы республика ретінде Қазақстанға күнбе-күн дерлік балаларды тиеген эшелондар келіп жатты. Бұлар майдан шебіндегі аудандардың балалары еді.
Соғыстың және экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан, партия мен үкімет-мектептер мен тәрбие мекемелерінің дұрыс жұмыс істеуі үшін ерекше қамқорлық жасалды. Мектеп үйлерінің, оқулықтар мен оқу құралдарының жетіспеуіне, мұғалімдердің жүктемелерінің ауырлығына байланысты туындаған көптеген мәселелер шешіліп отырылды. Соғыстың алғашқы жылдары ер мұғалімдердің негізгі бөлігі әскерге алынды. 1941 жылдың өзінде Белоруссиядан 10 мың мүғалімдер, Грузиядан 7 мыңнан астам мқғалімдер армия қатарына алынды. Соғыс астындағы аудандар мен тылдағы көптеген мектептер госпитальдерге, казармаларға, әскери-шақыру бөлімдеріне айналды.
Соғыс жылдарында ұйымдастыру бағытындағы көптеген кешенді шаралар алынды: сабақтың ұзақтығы, 35-40 минутқа дейін, үзіліс 5 минут қысқартылды, көптеген мектептер 3 кезеңмен оқыды.
Партия мен үкімет ата-аналарынан айырылған және еліміздің шығыс аудандарына көшірілген жүздеген мың балаларға қолайлы жағдайлар жасау, оқыту мен тәрбиелеуді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлді.
1942 жылдың басында Халық Комиссарлар Кеңесі панасыз балалармен жұмыс туралы арнаулы қаулы қабылдады. Қаулы бойынша, облыстық атқару комитетінің ерекше комиссиялар ұйымдасты, ол аудандық оқу бөлімдерінде панасыз және бақылаусыз балалармен жұмыспен айналысатын инспекторлар лауазымы енгізілді. Балаларды қабылдау және балалар үйлерінің жүйесі ұйымдасты, ересек жеткіншектерді жұмысқа орналастыру шаралары іске асырылды. Елімізде балаларды жаппай оқыту міндеттері біржүйелі шешіліп отырды. Батыс аудандардан 63 мың оқушылары бар. 600 ге тарта мектеп көшірілді. Мәселен, өндірісте жұмыс істейтін жеткіншектері жалпыға бірдей оқытумен қамту үшін 1943 жылы жұмысшылар үшін кешкі-сменалық мектептер, ашу туралы қаулы қабылданды, ал 1944 жылы ауыл жастарына арналған мектептер ашу туралы қаулы қабылданды. Бұл тептегі мектептер кейіннен кең өріс алды.
1943 жылы желтоқсан айында Халық Комиссарлары Кеңесінің балаларды 7 жастан бастап, жалпыға бірдей міндетті оқытуды енгізу туралы өте маңызды қаулысы қабылданды. Жалпыға бірдей міндетті оқытуды іске асыру мақсатында мектептерді мұғалімдермен қамтамасыз ету шаралары белгіленді. Мамандығы бойынша жұмыс істемей, басқа жұмыс істеп жүрген мұғалімдер мектепке қайтарылды, сырттай педагогикалық білім беру жүйесін дамыту туралы арнаулы шешім алынды, қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды.
Партия мен үкімет мұғалімдерді материалдық жағынан қамтамасыз етуге бағытталған әртүрлі шараларды белгіледі. 1943 жылы мұғалімдердің жалақысын арттыру туралы үкіметтің қаулысы қабылданды. Жоғары Кеңестің Президиумының жарлығымен 1944 жылы 5 мыңнан астам мұғалімдер мен халыққа білім беру ісінің басқа да қызметкерлері балаларды оқыту және тәрбилеудегі ерен еңбектері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды.
Соғыс жылдарында мектептің оқу-тәрбие жұмысының мазмұнына кейбір өзгерістер енгізілді. Әртүрлі оқу пәндеріне әскери-қорғаныс тақырыптары енгізілді: физика курсында қазіргі әскери техника оқытылды; химия курсында улы заттар және одан қорғанудың тәсклдері; жағырафиядан «Жастар және карта” тақырыбын оқыту кеңейтілді; онда карта бойынша және жергілікті жерлер бағдарлай білу ептілігіне ерекше көңіл бөлінді. Шет тілі және орыс тілі сабақтарында әскери терминология оқытылды; 1941-42 оқу жылынан бастап, тарих және әдебиетті оқытуда патриоттық тәрбиеге ерекше мән берілді. Тарих сабағында біздің халқымыздың қаһармандық өткен тарихына және оның шетел шапқыншыларына қарсы күресіне ерекше көңіл бөлінді.
Соғыс жыларында тимуровшылар қозғалысы мен госпитальдерге қамқорлық көмек беру ісі кеңінен дамыды. 1943 жылдың тамыз айында тәрбие жұмысын жақсарту мақсатында РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Оқушыларға арналған ережені” бекітті, онда оқушылардың мектепке, ұстаздарға, ата-аналарға қатысы туралы міндеттері анықталды, мектептегі және мектептен тыс жерлердегі мәдени мінез-құлық ережелері бекітіледі.
Мектептегі оқу жұмысының тиімділігін арттыру және оқушылардың үлгерімін бағалау үшін бес балдық жүйені енгізудің үлкен мәні болды (қаңтар 1944 ж.( 1943 жылы ер балалар мен қыз балаларды бөлек мектептерде енгізу туралы шешім қабылданды, балаларды бөлек оқыту 1954 жылы қате шешім ретінде өзгертілді. 1944 жылы Халық Комиссарлары Кеңесі «Мектептегі оқу жұмысының сапасын жаңарту шаралары туралы” қаулы қабылдады. Ол қаулыда орта мектепті үздік бітіргендерді алтын және күміс медальдармен марапаттау туралы шешім қабылданды.
Соғыстың қиын жағдайына қарамастан педагогика ғылымы саласында ғылыми-зерттеу жұмысы бір сәт тоқтаған жоқ. Оқу-тәрбие жұмысының теориялық және әдістемелік мәселелері талданылды, оның ішінде білім берудің мазмұнын жетілдіруге, патриоттық, еңбек және интернационалдық тәрбиеге ерекше мән берілді. Кеңес мектебін одан әрі жетілдіру және дамыту мақсатында педагогика, психология және жекеленген пәндерді оқыту әдістемесі саласында ғылыми-зерттеу жұмысына басшылық және реттеп отыру үшін 1943 жылдың қазан айында үкіметтің қаулысымен Москвада РСФСР педагогика ғылымдарының акакдемиясы құрылды, Педагогика ғылымдарының академиясы педагогика ғылымының маман қызметкерлерін біріктіреді.
Сонымен, Ұлы Отан соғысы біздің құрылысымыздың мызғымас беріктігімен халықтар достығына сын болуымен қатар, кеңес мектебіне де сын болды. Бұл сыннан мүдірмей өтті. Оған кеңес мектебінен тәрбие алған мыңдаған ұл-қыздарымыздың жанқиярлық өшпес ерлігі дәлел бола алады. Ұлы Отан соғысы аяқталғалы 60 жылдан астам уаұыт өтсе де, біздің қоғамымыз оның сабақтарын толық та, терең түсінуге бет алып келеді. Ұлы Жеңіс халқымыздың тарапында тағылымы мол елеулі оқиғалардың бірі болып табылады.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы мектеп
және педагогика (1946-1958 ж.ж)
Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Кеңес халқы көптен күткен жеңіс жолында барлық қиыншылықтардан мүдірмей өтті. Кеңес мектебінде тәрбиеленген көптеген біздің түлек. Ұлы Отан соғысы майданында ерлікпен, жанқиярлықпен күресіп, тылда ерен еңбектің үлгісін көрсете білді.
Соғыстан кейінгі жылдарда республика еңбекшілерінің алдында орасан зор міндеттер тұрды. Ең алдымен, тез арада соғыстың зардаптарын жою, халық шаруашылығы мен мәдениетімізді тез арадан қалпына келтіру, еліміздің экономикалық және мәдени дамуын қамтамасыз ету. Отанымыздың қорғаныс қуатын одан әрі нығайту. Бұл міндеттерді орындауда еліміздің зиялы кадрлары ерекше роль атқарды.
Ұлы Отан соғысында жауды жеңгеннен кейін кеңес халқы соғыстың халық шаруашылығына келтірген зиянын қайдан қалпына келтіруге ерекше өрлеу жағдайында жігерлене кірісті.
1946-1950 ж.ж арналған халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту туралы соғыстан кейінгі бесжылдық жоспарда соғыс кезінде қираған мектеп үйлерін тек ғана құрылыстар салу, мектептердің жүйелерін одан әрі дамыту, балаларды міндетті жетіжылдық оқытумен толық қамту үшін соған сәйкес жағдайлар жасау және орта мектептердің жоғары сыныптарында оқитындардың санын 31,8 млн.адамға жеткізу көзделді.
Соғыс жылдарында қиратылған мектептерді қалпына келтіру және жаңа мектеп үйлерін салуда, олар үшін оқу-шығармашылық жабдықтарын даярлауда мектептерді қамқорлыққа алған өндірістік мекемелер белсене қатысты, ал ауылдық жерлерде – кеңшарлар мен ұжымшарлар, сонымен қатар еңбекшілердің өкілдері мұғалімдер, мектеп оқушылар кеңінен қатыстырылды.
Осындай шараларды іске асырудың нәтижесінде 1949 ж.жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білім беруді барлық жерде енгізу үшін толықтай мүмкіншілігі жасалды. Партияның ХІХ съезі халық шаруашылығын дамытудың 1951-1955 жж. арналған бесжылдық жоспарында төмендегі міндеттерді қойды: жалпыға бірдей жетіжылдық білім беруден жалпыға бірдей орта білім беруге көшуді аяқтау (республика орталықтарында, республикаға, облыстық, өлкелік және ірі өндіріс орталықтарында). Өткен бесжылдықпен салыстырғанда съез қалалық және ауылдық мектептер үшін мектеп үйлерінің құрылысын 70 пайызға арттыруды белгіледі. Осының нәтижесінде бұл жылдары біршама жетіжылдық мектептердің жүйесі артты, сонымен қатар орта мектептердің әсіресе ауыл мектептерінің жүйесі өсті.
1955-56 оқу жылы ауылдық жерлерде еліміздің орта мектептерінің жалпы санының жартысынан астамы орналасты. 1959-1960 оқу жылы жалпы білім беретін мектептерде 33361 мың, ал 1964-1965 оқу жылында – 46700 мың адам оқыды. 1964 жылы сегіз жылдық мектепті 4 млн.адам бітірді, орта білім беретін мектепті – 1 млн 400 мың адам тамамдады. Соңғы 5 жылда 7 мыңнан астам жаңа сегізжылдық мектептер ашылды. Жалпыға бірдей міндетті білім беруді іске асыруда ерекше жетістіктерге қарамастан, ауылдық мектептердің әлі де көптеген мектеп жасындағы балалар оқытумен қамтылмаған.
Ұлы Отан соғысына дейінгі қалыптасқан халыққа білім беру жүйесі, оның ішінде жалпы білім беретін орта мектептің құрылысы соғыстан кейінгі жылдарда да ешқандай елеулі өзгеріссіз сақталды. Директивтік құжаттарда айтылғандай, мектептің жұмысында кейбір өмірмен, тәжірибемен байланыс болмады, оқытудың сөздік сипаты берік орын тепті.
Партияның ХІХ съезі өзінің шешімдерінде жалпы білім беретін политехникалық мектепті құрудың қажеттігін атап көрсетті, бірақ ол партияның ХХ съезінде де күн тәртібіне қойылғанмен, бұл шешімдер іске асырылмады. 1956-1960 жж.арналған халық шаруашылығын дамытудың жоспарында жалпы білім беретін мектепте политехникалық оқытуды одан әрі дамытудың міндеттері қойылды.
50-жылдары орта мектептің жоғары мынып оқушыларының саны біршама артты. Егер де 1950-1951 оқу жылында ҮІІІ-Х сыныптарда 2 млн.адам оқыса, 1955-56 оқу жылында олардың саны 6 млн.адамға жетті. Орта мектептердің санының өсуіне байланысты пән мұғалімдерінің қажеттілігі артты. Егер де 1950-51 оқу жылында олардың саны 1330 мың болса, ал 1958-59 оқу жылында олар 1813 мың адамға жетті.
50-жылдардың екінші жартысында, ХХ съезден кейін оның шешімдеріне сәйкес оқу орындарының жаңа түрлері мектеп-интернаттар ашылды, оларға негізінен жалғыз басты аналардың, еңбек және соғыс ардагерлерінің, сонымен қатар жанұясында бала тәрбиелеуге қажетті жағдайы жоқардың балалары қабылданды. Соғыстан кейінгі жылдарда мектептің өмірімен байланысына, оның ішінде мектептегі политехникалық оқытуға ерекше мән берілді. Мәселен, 1954-55 оқу жылынан бастап, РСФСР мектептерінде оқу жоспарына төмендегі пәндер енгізілді: І-ІҮ сыныптарда – еңбек, Ү-ҮІІ сыныптарда – шеберханадағы және оқу-тәжірибе алаңдарындағы практикалық сабақтар, ҮІІІ-Х сыныптарда машинатану, электротехника және ауыл шаруашылығынан практикумдар. Осындай пәндер одақтас республикалардың мектеп бағдарламаларына да енгізілді. Оқушыларды қоғамдық пайдалы еңбекке баулудың өте қажетті түрлерінің бірі оқушылардың өндірістік бригадаларын ұйымдастыру болып табылады. Алғашқы рет осындай бригадалар 1955 ж. Ставрополь өлкесінде ұйымдасты, ал содан кейін басқа облыстар мен республикада кең өріс алды.
40-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың бас кезінде педагогика ғылымы мектептің оқу-тәрбие жұмысының идеялық-саяси деңгейін арттыру мәселелерін зерттеуге және практикалық іс-әрекетке оқушыларды даярлауға ерекше мән берді. Бұл кезеңде педагогика теориясы мен тарихынан монографиялар мен оқулықтар жарық көрді: Н.К.Гончаровтың «Педагогика негіздері” (1947), И.А.Кайровтың педагогикалық институттар мен универсиеттерге арналған «Педагогика” оқулықтар (1948), И.Т.Огородников пен П.Н.Шимбиревтің «Педагогика” оқулығы (1950), Б.П.Есипов пен Н.К.Гончаровтың педагогикалық училищелерге арналған «Педагогика” оқулығы (1950).
Партияның ХХ съезі (1956) педагогика ғылымының алдына көптеген жаңа өзекті мәселелерді қойды және мектептің оқу-тәрбие жұмысының деңгейін арттыру, политехникалық білім беруді дамыту, мектептің өмірден алшақтығын жоюдың қажеттігін атап көрсетті.
Осыған байланысты Педагогикалық ғылымдар академиясының және педагогикалық институттардың педагогикалық кафедрасының ғылыми бағыты мектептердің өзекті мәселелерін зерттеуге біріктірілді: орта мектептегі жалпы және политехникалық білім беруді оқытуды ұйымдастыру және әдістері, мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастырудың ғылыми негіздері, балалардың жас және дара ерекшеліктерін ғылыми жаратылыстану және психологиялық тұрғыдан зерттеу. 50-жылдардың аяғында мектептегі білім берудің мазмұнын жетілдірудің жолдарын теориялық және экспериментальдық ізденістер басталды. Осыған байланысты жан-жақты мәселелер зерттелді: білім берудің мазмұнының, ғылымның, техниканың және мәдениеттің деңгейі мен сипатына тәуелділігі, жас өспірімдерді тәрбиелеу мен білім беруге қойылатын жаңа талаптар; оқушылардың оқытудың әртүрлі тәрбие жұмысының бағдарламаларын құрудың қағидалары және т.б.
Педагог-теоретиктер 7-10 жастағы балалардың бастауыш мектепте оқыту үрдісінде жалпы дамуының мәселелері зерттелді.
Профессор Л.В.Занковтың басшылығымен «Оқыту және даму” атты өте күрделі және болашағы зор мәселе бастап зерттеліне бастады, сонымен қатар орыс тілі және арифметиканы оқыту мәселелері, алты жасар балалардың сауат ашу, санау, жазу дағдыларын қалыптастыруда тәжірибе жұмыстары жүргізілді.
Қарастырып отырылған кезеңде педагогика тарихынан зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізіле бастады. Оның нәтижесінде педагогикалық институттарға арналған «Педагогика тарихы” (1955) оқу құралы жарық көрді. Сонымен қатар Е.Н.Медынскийдің «Украина мен Белоруссиядағы ХҮІ-ХҮІІ ғғ. Туысқан мектептері” (1954), Н.А.Константинов және В.Я.Струминскийдің «Ресейдегі бастауыш білім берудің тарихы очерктері” (1949), М.Ф.Шабаеваның «Орыс прогрессивті – демократиялық, педагогикасының қалыптасу тарихынан” (1951), Н.А.Константинов және Е.Н.Медынскийдің «РСФСР кеңес мектебі тарихының очерктері” (1948) және т.б.
Аса көрнекті орыс педагогтары К.Д.Ушинскийдің, Д.Д.Семеновтың, В.Я.Стоюниннің, В.И.Водовозовтың, Н.И.Пироговтың, Л.Н.Толстойдың, П.Ф.Лесгафтының еңбектері кеңестік тарихи-педагогика ғылымын байытты.
Жалпыға бірдей орта білім беруді жүзеге асыру.
1958 жылы 24 қыркүйекте СССР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Мектептің өмірмен байланысын нығайту және СССР-де халық ағарту жүйесін одан әрі дамыту туралы” заң жалпыға бірдей міндетті сегіз білім беруді енгізу туралы шешім қабылдады. 1962 – 1963 оқу жылы барлық жетіжылдық мектептер сегіз жылдық мектептерге айналды. Халық ағарту органдары мектеп жүйесін қайта құруды және педагогикалық кадрларды орналастыруда біршама жұмыстар атқарды.
ХХІІ съезде қабылданған партия бағдарламасында бүкіл кеңес халқының мәдени деңгейі мен ғылыми білім беруді арттыру мақсатында жалпыға бірдей орта білім берудің қажеттігін жариялады. Бұл талаптар 10 қараша 1966 жылы қабылданған «Жалпы білім беретін орта мектептің жұмысын одан әрі жақсарту шаралары туралы”қаулысында көрініс тапты. Бұл қаулыда мектептердің материалдық-техникалық бағасын нығайту үшін ынталандыратын шараларды белгіледі (мектеп құрылысы, оқу жабыдықтары, мектеп жиһаздарын және оқу құралдарын шығару, мектеп бөлмелері мен зертханаларды жабдықтау және т.б.) Бұл шешімдерді іске асыруда негізгі ұйымдастыру шараларының ішінде РСФСР Педагогикалық ғылымдар академиясын СССР Педагогикалық ғылымдар академиясына айналдыру және одақтық-республикалық министрлікті құру болды.
Бастауыш мектепте төртжылдықтан алынатын білімнің деңгейін түсірместен үшжылдық бастауыш оқытуға көшу іске асырылды.
Жетіжылдық толық емес орта мектеп сегізжылдық жаппай міндетті оқытуға айналды.
Сегізжылдық мектеп оқушыларды ғылыми білімнің, ептіліктің және дағдының жан-жақты көлемімен қаруландыру және олардың жан-жақты даму мүмкіншілігін қамтамасыз ету болып табысады. Ол шәкірттерді толық орта мектепте білімін жалғастыруға даярлайды және сонымен қатар болашақ еңбек іс-әрекетіне дайындық береді. Оқушылар жалпы білім алумен қатар, политехникалық даярлықты алады, техника саласында кейбір мәліметтер алады, қарапайым жалпы техникалық дағдыларды және еңбектің элементарлық мәдениетін меңгерді.
Сонымен, сегізжылдық мектепті бітіргендер төмендегі оқу орындарында орта білімді жалғастыра алады:
1) Жалпы білім беретін толық орта мектептерде (ІХ-Х сыныптар оның ішінде кейбір пәндерді тереңдете оқытумен).
2) 3-4 жылдық оқу мерзімді техникумдарда олар жалпы білім беретін даярықты және техник мамандығын алып шығады.
3) кәсіби және жалпы білім беретін даярлықты ұштастыратын кәсіптік-техникалық училищелерде
4) жұмысшы және ауыл жастары мектептерінде өндірісте жұмыс істейтін жастар оқиды.
Ғылым мен техниканың дамуының өскелең деңгейі, әрбір оқушыға оның қабілеттілігі мен қызығуын дамытуда жағдайды жасаудың қажеттілігі орта мектептің ІХ-Х сыныптарында даралап оқытуды енгізу туралы мәселе қойылды. Кейбір мектептерде жекеленген пәндерді тереңдетіп оқыту енгізілді.
Мектеп туралы заң бойынша елімізде халыққа білім беру жүйесінің жалпы білім беретін мектептің жаңа құрылымы қалыптасты. Елімізде толық жалпы орта білім алу үшін онбіржылдық мерзім енгізілді орта білім беру екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде балалар 7-ден 15-16 жасқа дейін сегізжылдық жалпы білім беретін еңбек политехникалық мектепте толық емес орта білім алады. Сегізжылдық мектептегі білім беру белгілі дәрежеде аяқталған сипатқа ие.
Екінші кезеңінде 15-16 жастан бастап, жастар толық орта білім алады және бірінші кезеңнен айырмашылығы бір ғана мектепте емес, мектептердің бірнеше түрінде білім алады:
а) жұмысшы және ауыл жастарының кешкі (кезекті) орта жалпы білім беретін мектептері (3 жылдық оқу мерзімі);
ә) өндірістік оқытумен орта жалпы білім беретін еңбек политехникалық мектептерде. Онда сегізжылдық мектептерді бітіргендер 3 жыл ішінде толық орта білім мен кәсіби даярлық алады.
б) техникумдарда және орта арнаулы оқу орындарында онда жалпы орта және арнаулы орта білім алады.
Мектеп туралы заң мектеп-интернаттарды одан әрі жетілдіру және қалалық және ауылдық жерлерде ұзартылған күн мектептері мен топтарын құру қарастырылған.
Арнаулы білім беру жүйесіне төмендегідей өзгерістер енгізілді: фабрика-зауыт оқыту мектептері, кәсіптік-техникалық мектептер, фабрика-зауыт оқушыларының мектептері және басқа да кәсіптік оқу орындары күндізгі және кешкі қалалық кәсіптік-техникалық училищелерге және ауылдық кәсіптік-техникалық училищелерге айналды. Кәсіптік-техникалық училищелер өз жұмысын сегізжылдық мектептердің негізінде құрды.
Жалпыға бірдей орта білімді іске асыру-кеңес үкіметінің ерекше жетістіктерінің бірі: Қоғамның әрбір мүшесіне жалпы және кәсіптік орта білім берумен қамтамасыз ету үшін жалпы білім беретін мектептің негізгі буыны білім беру жүйесінде ерекше орын алатын сегізжылдық мектепті нығайту қажет. Сегізжылдық мектептің алдына жеткіншектерді ғылым негіздері мен берік қаруландыру, олардың жалпы еңбек ептіліктері мен дағдыларын меңгеру, көзқарасы мен дүниетанымын, сенімдерін қалыптастыру бейімділіктері мен қабілеттіліктерін анықтау және дамыту. Сонымен, барлық жастардың жалпы орта және кәсіптік білім алу үшін берік негіз қаланды.
Мектептердің оқу-материалдық базасын нығайтуда 60 жылдары және 70 жылдардың басында алынған шаралар, атап айтқанда, оқытудың сапасын арттыру, осының негізінде екінші жылға қалушылықты болдырмау жағымды нәтижелер берді. Жалпы орта білім беруге көшу сегізжылдық мектепке талаптарды күшейтті, себебі оның түлектерін даярлаудың сапасына білім берудің кейінгі сатыларында жастарды оқытудың жетістігі тәуелді болып табылады.
60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың бас кезінде сегізжылдықты бітіргендердің көбі өз білімдерін жалғастырғандығы өте қажет болды. 1970 жылы, мысалы, сегіз жылдықты бітірген түлектердің жалпы санының орта мектептің ІХ сыныбына 2555,7 мың адам түсті (60,2 пайыз), күндізгі орта арнаулы оқу орындарына – 495 мың (11,7 пайыз), орта кәсіптік-техникалық училищелерге – 99,5 мың (2,3 пайыз), орта білім бермейтін кәіптік-техникалық оқу орындарына – 552 мың (13 пайыз), сыртқы және кешкі мектептердің, сырттай арнаулы оқу орындарының – 305,8 мың (7,2 пайыз)
Жалпыға бірдей орта білім беру жастардың арасында білімнің мәртебесін көтерді. Өзінің білімін жалғастыруға көптеген жастар ұмтылғандығын аңғару қиын емес. Ленинград социологтарының 50 қала мектептерінің 5 мың түлектерін 5 жыл бойы өмір жолын зерттеудің нәтижесінде орта мектепті бітіргеннен кейін 5-6 жылда жұмысқа орналасқандардың көпшілігі жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіргендігін немесе оқуларын жалғастырғандығын дәлелдеді.
Білім беру мазмұнын жетілдіру мен оқытудың белсенді әдістерінің дамуы.
Ұлы Отан соғысынан кейін жалпыға бірдей міндетті жетіжылдықты іске асыру, ал одан кейінсегізжылдық білімді және орта мектептердің жүйесін дамыту шараларымен қатар жалпы білім берудің берудің мазмұнын жетілдіру жұмыстары жүргізілді.
Соғыстан кейінгі жылдарда партия идеология мәселелер бойынша қаулылар қабылдады. Идеологиялық майданда 1946 жылғы тамыздың 14-сіндегі «Звезда” және «Ленинград” журналдары туралы қаулысы ерекше дәріптеліп, бүкіл еліміз оқу орындары мен мектептерінде өз жұмыстарын қайта құруда «бағдарламалық құжат” ретінде ұсынылды.
Қоғамдық ғылымдар сталиндік дәуірде жаппай орын алған партия комитеттерінің қатаң қадағалауы жағдайында дамыды. Еліміздің жоғары оқу орындары мен мектептері идеология саласындағы жұмысын аталған қаулысының бағытында ғана жүргізілетін болды. Мектептердің бүкіл оқу-тәрбие жұмысының негізіне бұл тікелей нұсқау беріп, міндетті орындау аталып өтілді. Қаулы мәдениет, өнер, ғылым салаларымен қатар ағарту ісіне де өрескел нұсқан келтірді. Себебі оқу орындарының, мектептердің оқу-тәрбие ісін орынсыз осы құжаттың міндеттерін мүлтіксіз орындауға бағындырды.
Бүгінгі күні бұл идеология мәселелері туралы қаулыларға баға бергенде осы кезеңе орын алған кемшіліктерді ескере отырып, тарихқа жаңа көзқарас тұрғысынан баға беруіміз керек.
1956 жылы Педагогика ғылымдарының акадеимясы мен РСФСР оқу министрлігі экспериментальдық оқу жоспарын жасады және 1956-1957 оқу жылынан бастап, Ресей Федерациясының 500 тарта мектептерінде оны тәжірибелік байқауға кірісті. Тәжірибелік мектептерде оқу-өндірістік шеберханалар, машинатану және электротехника кабинеттері ұйымдасты.
1959 жылы 29 тамызда бекітілген оқу жоспарлары мен бағдарламалардың кейінгі өзгертулерінде тәжірибе жұмысының материалдары қолданылды. Осы жоспар бойынша сегізжылдық мектепте жалпы білім беретін және политехникалық пәндерге жетіжылдық мектепте берілген 6256 сағаттың орнына 7296 сағат берілді. Барлығы еңбек сабағына сегізжылдық мектепте 1315 сағат бөлінді. Сурет сабақтары Ү-ҮІІ сыныптарда енгізілді, ал аз және ән-күй сегізжылдықтың барлық сыныптарында. Дене тәрбиесіне 566 сағат берілді.
Бұл оқу жоспарында әр циклдердің арасында сағаттар төмендегіше бөлінді: гуманитарлық пәндерге барлық оқу уақытының 39,5 пайызы (оның ішінде орыс тілінде – 25,3 пайыз); жаратылыстану-математикалық – 32,5 пайыз; еңбек сабағы және қоғамдық пайдалы жұмыс – 15,3 пайыз; сурет, саз және ән-күй – 6,2 пайыз, дене тәрбиесі – 6,5 пайыз.
1959 жылғы бағдарламаның негізгі ерекшелігі практикалық бағыттылығында, мектептің өмірімен, еңбекпен, оқушылардың қоғамдық пайдалы жұмысымен берік байланысында болып есептеледі.
50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың бас кезінде жалпы білім беретін мектептің оқу жоспары мен бағдарламасын тиімді жасаудың белсенді ізденістері байқалды. РФСР педагогикалық ғылымдар академиясы (жетекшілер Л.Б.Занков және Д.Б.Эльконин) ғылыми қызметкерлерінің ұжымдары жүргізген теориялық зерттеулер мен экспериментальдық жұмыстар бастауыш оқыту жүйесінде оқу уақытының біршама резервінің барлығын және бастауыш мектепте білім берудің мазмұнының ғылыми деңгейін арттырудың қажеттілігін негіздеді. 1959-1960 оқу жылы енгізілген осы идеялардың негізінде құрылған бастауыш сыныптардың бағдарламалары мектепті дамыта оқытуға бағыттайды, оқушылардың оқу еңбегінің белсенді әдістеріне ерекше мән беріледі (бақылаулар, практикалық сабақтар, экскурсиялар және т.б).
Жалпы орта білім берудің мазмұнын және оның теориялық негіздері жетілдірудің мәселелерін шешуде, жалпы, политехникалық және кәсіби білім берудің арақатынасының мәселелерін шешуде «Мектептің өмірімен берік байланысы және СССР-да халыққа білім беру жүйесін одан әрі дамыту туралы заң” (1958) көптеген жаңалықтар енгізді.
Орта мектептің барлық сыныптары үшін жаңа бағдарламалар жасау 50-60 жж. барлық одақтас республикаларда жүргізілген психологиялық-педагогикалы, дидактикалық және жеке әдістемелік зерттеулермен даярланған болатын-ды.
Жаңартылған бағдарламалар эксперимент түрінде байқап көру іске асырылды. Нәтижесінде жаңа оқу жоспары мен бағдарламалардың жобасын теориялық және экспериментальдық жаңарту дайындалды. Әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогресстің талаптарына сәйкес жалпы білім беретін мектепте оқытудың мазмұны мен әдістерін одан әрі жетілдірумен байланысты мәселелердің көлемі (жалпы және жеке) анықталды.
Төмендегі мәселелер ең негізгі мәнге ие болып табылады:
— мектепте оқыту үшін міндетті оқу материалын іріктеп алудың ғылыми-теориялық негіздерін жасау, жалпы дидактикалық сипатта екі мәселені шешумен байланысты: оқу пәндерінің және негізгі меңгеруге тиісті дәйектердің, ұғымдардың, заңдардың, теориялық анық логикалық құрылымын орнату;
— жалпы білім берудің, еңбек және политехникалық оқытудың және оқушыларды кәсіптік даярлаудың арақатынасы мен өзара байланысының ғылыми негізделеген шешімі;
— оқытудың дамытушылық сипатының күшейтілген жолдарын іздестіру және материалдық және формальдық білім берудің бірлігіне жету;
— оқушылардың оқу жұмысы мен еңбегінің тәрбиелік мәнін арттырудың тиімді шарттары мен тәсілдерін анықтау.
Үшжылдық бастауыш оқытуға көшу мәселелері өте күрделі және қарама-қайшылықты болып табылады. Бастауыш мектептің жаңа бағдарламаларға көшуді тиімді ұйымдастыру мәселесінің шешуші мәні болды.
Халық ағарту органдары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің жүргізген І-ІІІ сыныптардың жаңа бағдарламаға көшуді талдау бастауыш мектептің курсын оқытудың теориялық деңгейін арттыру тенденциясымен байланысты елеулі қиындықтарды анықтаған болатын-ды. Мұғалімдер бұл бағдарламаларды іске асыруға жеткіліксіз даярланған болды, теориялық материалды ашудың әдістемесін меңгермеді.
Бағдарламалардың негізгі кемшілігі, әсіресе бірінші сынып оқушыларының оқу жүктемелерінің ауырлығы болып табылады. Сөзсіз бастауыш оқытудың үшжылдық циклі қазіргі педагогиканың, психология және әдістеменің мәліметтеріне негізделді, кіші мектеп оқушыларының таным белсенділігі мен дербестігін дамытуда белгілі роль атқарды. Бастауыш және орта сыныптардың арасындағы сабақтастық үшін қолайлы алғышарттар жасалды. 70-жылдардың аяғында математикадан мектеп бағдарламасы қатты сынға алынды. Ондай сын тек ғана мұғалімдердің, педагог-әдіскерлердің тарапынан көп айтылып қойған жоқ, сонымен қатар белгілі ғалымдардың да тарапынан сынға ұшырады.
Оқушылардың таным қызметінің тиімділігін арттырудың, оқытудың әдістері мен ұйымдастыру түрлерін жетілдірудің теориялық негіздерінің бірі дамыта оқытудың тұжырымдамасы болып табылады.
Дамыта оқытуға көшу оқытудың әдістері мен ұйымдастыру түрлерін қолданудың аясы кеңейе түседі, оқушылардың танымдық қызметінің белсенділігін арттырады.
60-жылдары дидактикаға психологтар негіздеген білімді кезеңмен қалыптастыру теориясы ерекше ықпал етті (П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина, Д.Б.Эльконин және басқалар).
60-жылдардың бас кезінен бастап, оқушылардың оқытудағы белсенділігі мен дербестігін дамытуда проблемалық оқытудың ролі туралы мәселе ерекше қызығушылық туғызды. Проблемалық оқыту мәселелері көптеген дидактикалық және психологиялық зерттеулерде (И.Я.Лернер, А.М.Мартюшин, М.И.Махмутов, М.Н.Скаткин және т.б) оқушылардың таным қызметі мен оқыту әдістерінің ішкі мәнін түсінуде жан-жақты қарастырылды.
60-жылдардың бас кезінде сабақты одан әрі жетілдіруде алдыңғы қатарлы педагогтардың қозғалысы кең өріс алды. Бұл кезеңде педагог-практиктер мен ғалымдардың оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыру саласында шығармашылық ізденістері біршама белсенділік танытты.
Липецкінің мұғалімдерінің тәжірибесіне қызығушылықтың себебі мұғалімдер мен оқушылардың шығармашылық белсенділігін тежейтін, оқыту үрдісінің тиімділігін арттырудың міндеттерін жемісті шешуді қиындататын сабақтың шаблондық сипатына қарсы бағытталған алдыңғы қатарлы педагогтардың қозғалысына жауап берді. Липецк облысының мұғалімдері екінші жылға қалуды болдырмауда ерекше табыстарға жетті.
Липецкінің мұғалімдерінің тәжірибесі мұғалімдердің шығармашылық ізденістеріне жаңа импульс берді. Сабақты жетілдіру мәселесіне Татарияның, Ростовтың және Новосибирскінің мұғалімдері ерекше үлес қосты. Тиімді сабақ үшін қозғалыс бүкілодақтық мәнге ие болды.60-жылдардың аяғына алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибенің әсерімен сабақтың құрылымында елеулі өзгерістер байқалды.
Отандық ғалымдардың ғылыми-педагогикалық
зерттеулерінің негізгі бағыттары.
Кеңестік педагогика өзінің өмір сүрген алғашқы жылдарынан бастап жас өспірімдерді оқыту және тәрбиелеудің өзекті мәселелерін шешу ізденістерін жүргізді.
Ғылыми-педагогикалық мекемелердің қызметінің басты қағидасы мұғалімдермен, мектептің практикалық жұмысымен тығыз байланыс болды. Жаңа педагогиканың теориялық қағидалары мен идеяларын насихаттауды байқау мақсатында үлгі-тәжірибе мектептері мен станцияларының жүйесі құрылды, олар ғылыми-педагогикалық қызметтің экпериментальдық базасы болды. 60-70 жылдары жүргізілген педагогикалық зерттеулер жүйесінде партияның «СССР педагогикалық ғылымдар академиясы қызметінің негізгі бағыттары туралы” қаулысында (1969) айқындалып берілген бірнеше басты бағыттар көрсетіліп берілді.
Бұл жылдары әдіснамалық жалпытеориялық сипаттағы зерттеулер орындалды. (Ф.Ф.Королевтің және В.Е.Гмурманның ред.басқаруымен «Педагогиканың жалпы негіздері”, М.А.Даниловтың, Н.И.Болдыревтің «Дидактика негіздері”, А.И.Пискуновтің, Г.В.Воробьевтің ред.басқаруымен «Педагогикалық эксперименттің теориясы мен практикасы”, Б.П.Есиповтың ред.басқаруымен «Педагогикалық зерттеулердің әдістері”).
Ғылыми-техникалық және әлекметтік прогресс педагогика ғылымы дамуының негізі мен бағыттары анықталды, оның ұғымдық жүйесі реттелді.
Педагогиканың теориялық терең зерттеудің қажеттілігі олардың зерттелмегендігі көп жағдайда нақтылы теориялық-әдіснамалық зерттеулердің әлсіз әдіснамалық қаруланғандығына байланысты анықталады.
Оқыту мен тәрбиенің мазмұнын, әдістерін, түрлерін және тәсілдерін одан әрі жетілдірудің мәселелері педагогика ғылымында өзектілері.
Кеңес мектебінің тарихында оның дамуының әрбір кезеңі бағдарламалық-әдістемелік қайта құрумен органикалық ұштасады. Жалпыға бірдей орта білім беруге көшуді аяқтау мектепте білім берудің мазмұнын модернизациялаумен және оқу-тәрбие үрдісін одан әрі жетілдірумен бірлікте іске асты.
Педагогика ғылымының қайраткерлері мұғалімдермен ынтымақта мектепте оқу-тәрбие үрдісін қайта құруды негіздеді, практикалық тұрғыдан қамтамасыз етті.
Оқытудың мазмұны және әдістері ғылыми-зерттеу институтының алдына ғылымның, техниканың және мәдениеттің қол жеткен даму деңгейіне сәйкес мектептегі білім берудің мазмұнын келтіру міндеті қойылды.
Дидактиканың жетістіктеріне негіздей отырып, ең алдымен дамыта оқытудың теориялық негіздеріне сүйене отырып, әдіскерлер 60-70 жж. мектеп бағдарламалары үшін оқу материалын іріктеу қағидасын талдады, оларды ғылыми-техникалық жетістіктермен және қоғамның қоғамдық-саяси өмірінің дамуымен сәйкестендіруге алып келді, ғылымдардың ғылыми-жаратылыстану және гуманитарлық арақатынасын орнатты, орта оқу орындарының әртүрлі типтерінде жалпы білімдік даярлықтың бірыңғай деңгейінің жалпы негіздерін анықтады.
Оқытудың мазмұны мен әдістері мәселелерін іргелі және қолданбалы зерттеулерді одан әрі дамыту үшін жан-жақты тәжірибелік-экспериментальдық материал жинақталды. Дидактикалық-әдістемелік мәселелерді зерттеуге ерекше үлес қосқан М.Н.Скаткинді, И.Д.Зверевті, Ю.К.Бабанскийді, М.П.Кашинді, В.В.Краевскийді, И.Я.Лернерді, В.М.Монаховты, Б.Г.Разумовскийді, Г.И.Беленькийді, Н.М.Шанскийді және басқа ғаымдарды ерекше атауға болады.
60-70-жылдары негізделген әдістерін түсінуге және оқу-тәрбие үрдісіне енгізуге көмектесетін ұйымдастыру-педагогикалық шаралар мен әрекеттер жүйесі белсенді талданылды (И.Я.Лернер, М.И.Махмутов, А.М.Матюшкин), оқытудың жаңа техникалық құралдарын кешенді қолданудың әдістемесі (С.Г.Шаповаленко) және оқыту әдістерінің тиімді ұштасуын таңдау (Ю.К.Бабанский).
Тәрбие саласында зерттеу жұмысын қорытындылай келіп, бұл жылдары оқытудың тәрбиелік қағидасы теориялық және практикалық жағынан дами түсті (В.М.Коротов); тәрбие әдістерін кешенді қолдану идеясы дами түсті (Б.Т.Лихачев, Г.Н.Филонов); тәрбие үрдісін тиімді басқару туралы қағида талданылды (Ю.К.Бабанский); педагогикалық ынталаландыру мен түрткілер теориясы мен әдістері (Л.Ю.Гордин, З.И.Равкин); адамгершілік тәрбиесінің әдістері одан әрі талданылды (Н.И.Болдырев, И.С.Марьенко, О.С.Богданова).
Еңбек тәрибесі және кәсіптік бағдар беру мәселелері өте терең талданылды. П.А.Атутовтың, С.Я.Батышевтің, К.А.Ивановичтің, М.Н.Скаткиннің, Д.А.Эпштейннің және басқа да ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, зерттеушілер оқушылардың еңбегінің мазмұны мен ұйымдастыру проблемаларын шешудің ерекше тиімді жолдарын анықтады.
Оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін арттыру жас және педагогикалық психологияның проблемаларын зерттеуге тікелей тәуелді болып табылады.
60-жылдары мектептегі оқытудың тәсілдері мен оқушының дамуының арасындағы байланысы анықтады. Бұл зерттеулердің нәтижелері Л.В.Занковтың басшылығымен жүргізілді ІҮ сыныптан бастап, ғылым негіздерінбір жүйелі зерттеуге көшуді қамтамасыз ете отырып, тәжірибеге белсенді енгізілді.
Бұл жылдары оқыту мен тәрбиелеудің оздыру сипаты туралы идеяға ерекше мән берілді. В.В.Давыдов пен Д.Б.Элькониннің жетекшілігімен оқушылардың білімді меңгеру мүмкіншіліктерін ашып көрсететін теориялық зерттеулер жүргізілді. «Бастауыш оқытудың психологиясы” атты монография (В.В.Давыдовтың, Д.Б.Элькониннің жетекшілігімен) жарық көрді, В.В.Давыдовтың «Оқытудағы жинақтаудың түрлері” атты кітабы басылып шықты. Педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі, композитор Д.Б.Кобалевский мектепте музыкалық білім берудің жаңа мазмұны мен жаңа әдістемесін анықтау мақсатында жан-жақты эксперимент жүргізді. Бұл жұмысқа 50 мыңға тарата оқушылар мен мыңнан астам мұғалімдер қатыстырылды.
Белгілі суретші Б.Н.Неменский мектептегі сурет пәнін жетілдіру бағытында кешенді ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеу нәтижелері төмендегі тақырыптар бойынша «Оқушыларды эстетикалық тәрбиелеу және дамыту жүйесі”, «Көркемдік-эстетикалық тәрбие – оқушыларды жан-жақты дамытудың факторы” нақтылы ұсыныстар жасалды.