Бүгін экономика мен бизнестің дамуына әсер ететін негізгі факторлар туралы айтып, брифингтер мен әлеуметтік желілерде жиі қойылатын сұрақтардың біріне тоқталғым келеді. Біріншіден, неліктен Қазақстанның ЖІӨ жоғары қарқынмен өсіп жатқанымен, өткен жылдың қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы төмендеді? Осы сұраққа жауап беру үшін экономиканың өсуі мен халық табысының арасындағы байланысты талдап көрейік.
НЕГЕ ЖІӨ ӨСІМІ ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНА БІРДЕН ӘСЕР ЕТПЕЙДІ?
Бұл көрсеткіштердің арасында тікелей байланыс бар екені сөзсіз. Бірақ оның әсері бірден байқалмайды. Ұзақ мерзімді перспективада экономикалық өсім мен халықтың нақты табысы әрдайым жақындай түседі. Мысалы, 2010–2024 жылдары Қазақстанның нақты ЖІӨ 78,9%-ға, ал халықтың нақты табысы 77,2%-ға өсті.
Жалпыға ортақ халықаралық әдістемеге сәйкес, ЖІӨ көлемі салалардың жалпы қосылған құнынан құралады және ағымдағы бағамен ақшалай түрде есептеледі, яғни экономикадағы баға өзгерістерін де қамтиды.
Экономикалық өсім ЖІӨ нақты көлем индексімен өлшенеді және тұрақты бағамен нақты өндіріс көлемінің өсуінен қалыптасады. Сондықтан салалардағы нақты қосылған құн өссе де, ақшалай түсім мен табыс көлемі әрдайым ұлғая бермейді.
Мұндай айырмашылық мұнай саласында айқын көрінеді: 2025 жылы мұнай өндіру көлемі 13,3%-ға артты, алайда әлемдік мұнай бағасы 14,4%-ға төмендеді. Яғни, физикалық өсім бар, бірақ ақшалай түсім азайды.
Мұндағы басты мәселе экономиканың құрылымына байланысты. Егер экономикалық өсім капиталды көп қажет ететін немесе шикізат салалары есебінен қалыптасса, оның халық табысына ықпалы уақыт өте келе (белгілі бір кезеңнен кейін) ғана байқалады. Ал құрылыс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты еңбек ресурстарына негізделген салалар дамыған тұста, бұл әсер халыққа әлдеқайда жылдам сезіледі.
Сонымен қатар экономикадағы тұтыну деңгейі тауарлар мен қызметтер ұсынысына қарағанда жылдамырақ өсіп жатыр. Басқаша айтқанда, өндіріс көлемі сұраныстың арту қарқынына әрдайым ілесе бермейді, бұл бағаға қосымша қысым тудырады. Белгілі бір деңгейде бұл – өсіп келе жатқан экономика үшін табиғи құбылыс, өйткені қысқа мерзім ішінде өндіріс көлемін күрт арттыру мүмкін емес.
Соңғы 15 жылда Қазақстан экономикасы айтарлықтай әртараптандырылды. ЖІӨ құрылымындағы мұнай саласының үлесі 2010 жылы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің үлесі (ЖІӨ-нің 13%-ы) тау-кен өндірісі саласының үлесінен (ЖІӨ-нің 11,9%-ы) асты. Алдағы уақытта өндіруші салалардың өсу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, өңдеу өнеркәсібінің басымдығы арта береді.
Халықтың әл-ауқатын сапалы арттыру жолындағы жүйелі кедергілердің бірі – «орта табыс тұзағы». Бұл – ел белгілі бір даму деңгейіне жеткенімен, сол қалыпта тұрақтап (тоқтап) қалатын құбылыс. Мұндай жағдайда бұрынғы өсім көздері (шикізат экспорты) тиімділігін жоғалтады, ал жаңа бағыттар (жоғары технологиялар) әлі жаппай дами қоймайды.
Қазақстанда жалақының ЖІӨ құрылымындағы үлесі шамамен 31%-ды құрайды (2024 жылғы дерек) және бұл көрсеткіш 2013 жылдан бері өзгеріссіз қалып келеді. Салыстырмалы түрде, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40%-ға дейін жетеді. Мұндай айырмашылық ең алдымен технологиялық даму деңгейіне байланысты. Елімізде бір жұмыспен қамтылған адамға шаққандағы еңбек өнімділігі шамамен 31 мың долларды құрайды, бұл бизнестің жоғары жалақы төлеу мүмкіндігін шектеп отыр. Айта кету керек, 2013–2024 жылдары еліміздің ЖІӨ-сі шамамен 1,5 есе өсті. Алайда, ЖІӨ-дегі жалақы үлесінің нақты артуына тек жоғары қосылған құн қалыптастыратын, өнімділігі жоғары жұмыс орындарының көбеюі ғана ықпал ете алады.
Үкіметтің міндеті – жеке сектордағы табыстың әділ бөлінуіне жағдай жасап, бизнестің пайданы еңбекақы төлеуге көбірек бағыттауына ықпал ету. Осы мақсатта Үкімет экономиканы жүйелі түрде әртараптандыруды жалғастыруда. Өткен жылдан бастап өнеркәсіп секторын нығайтуға және өндірістегі жалпы қосылған құнды арттыруға бағытталған экономикалық өсудің проактивті саясаты іске асырыла бастады. Сонымен қатар негізгі міндеттердің бірі – ішкі тауар ұсынысын арттыру, импортқа тәуелділікті азайту және орта әрі ұзақ мерзімді кезеңде инфляциялық тәуекелдерді төмендету.
Сонымен қатар сыртқы факторлардың әсерін де ескерген жөн. Соңғы төрт жыл бұрын-соңды болмаған инфляциялық күйзелістермен қатар жүрді. Бұл жағдай экономикалық өсімнің халықтың нақты табысына оң әсерін уақытша әлсіретті. Негізгі себептердің қатарында пандемиядан кейін азық-түлік пен энергия тасымалдаушылар бағасының жаһандық деңгейде өсуі, логистикалық тізбектердің үзілуі, өңірдегі геосаяси шиеленіс, көршілес елдер мен әлемдегі инфляцияның жеделдеуі, сондай-ақ импорттық инфляцияны күшейткен валюта бағамының құбылмалылығы бар.
НЕГЕ ҮКІМЕТ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІП ОТЫР
Жақында Ұлттық статистика бюросы төрт айдағы ЖІӨ өсімі бойынша жедел деректерді жариялады - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6% болды. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда өсім қарқыны айтарлықтай жақсарды (2026 жылғы қаңтар–наурызда - 3%).
Соңғы айларда мұнай-газ секторында болған белгілі оқиғалардан кейін, тау-кен өндірісіндегі төмендеу көрсеткіші әзірге сақталып отыр — 92,7%. Алайда бұл құлдыраудың тереңдігі бірінші тоқсанмен салыстырғанда (88,6% болған) едәуір азайды. Яғни, өндіріс көлемі біртіндеп қалпына келе бастады. Осы жағдайларға байланысты біз шамамен 5 млн тонна мұнай өндіре алмадық. Егер бұл фактор болмағанда, еліміздің ЖІӨ өсімі шамамен 6%-ды құрайтын еді.
Қазір экономиканың негізгі драйверлері – өңдеу өнеркәсібі (өсім шамамен 10%), құрылыс (114,5%), көлік және қоймалау (112%), сауда (105,1%), ауыл шаруашылығы (103,6%). Дәл осы салаларда шағын және орта бизнестің едәуір бөлігі шоғырланған әрі көптеген жұмыс орындары ашылуда.
Өңдеу секторында тек ауыр индустрия ғана емес, басқа бағыттар да жоғары белсенділік көрсетуде. Қарқынды өсіп жатқан салалар
• Машина жасау: +23,3%
• Құрылыс материалдарын өндіру: +27,7%
• Химия өнеркәсібі: +18,4%
• Жеңіл өнеркәсіп: +125,2%
• Азық-түлік пен сусын өндірісі: тиісінше +14,4% және +7,6%.
Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы зор сала ретінде жеңіл өнеркәсіпке ерекше назар аударылуда, өйткені бұл салада жұмыспен қамтылғандардың 60%-ын әйелдер құрайды. Үкіметте 2026–2030 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жаңа кешенді жоспар әзірленді. Ол толыққанды қосылған құн тізбегін қалыптастыруға бағытталған.
МЕТАЛЛУРГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ҚОЛДАУ
ЖІӨ-дегі үлесі 13%-ды құрайтын өңдеу өнеркәсібі құрылымының негізгі драйвері – шамамен 40% үлесі бар металлургия саласы. Алайда бұл сала бірнеше жылдан бері өз шикізат әлеуетінің шегінде жұмыс істеп келеді. Оның басты себептерінің бірі – табиғи шикізат қорының сарқылуы.
Саланың тиімділігін арттыру үшін Үкімет жанынан экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штаб жұмыс істейді. Оның қызметі саланың жалпы қосылған құнының елеулі бөлігін қалыптастыратын нақты кәсіпорындардың мәселелерін жедел шешу қағидатына негізделген. Штаб іс жүзінде жедел басқару режимінде жұмыс істейді: өндірістің төмендеу себептері, қуаттардың жүктелуі, шикізатпен қамтылуы, логистика, өткізу нарықтары, тарифтер, айналым қаражаты және мемлекеттік қолдау шаралары талданады. Мұндай тәсіл отандық өндірушілердің мәселелерін уақытылы көріп, шешуге және олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Металлургия саласында қандай жұмыстар атқарылды?
Біріншіден, «қызыл дәліз» режиміне қатысты мәселе шешілді, бұл Өскемендегі «Қазцинк» ЖШС металлургия зауытына импорттық шикізатты жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік берді.
Екіншіден, шикізат ағындарының бір бөлігі экспорттан ішкі нарыққа бағытталуда. Атап айтқанда, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС мен KAZ Minerals тобының мыс концентраты Балқаш мыс балқыту зауытына, ал мырыш концентраты «Казцинк» кәсіпорындарына жеткізіледі.
Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын тиімдірек жүктеу үшін Жәйрем тау-кен байыту комбинатынан (ЖКБК) жеткізілімдердің орнына, Алмалық ТКМК-дан Зарнисор шикізатын «Казцинкке» бағыттау схемасы қарастырылуда.
Қосымша ретінде, алтын өндірісінің көлемін арттыру мақсатында Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және Моңғолиядан алтын құрамды шикізат жеткізу мәселесі пысықталуда.
Үшіншіден, Васильков кен орны қорының сарқылуына байланысты жер қойнауын пайдалану келісімшартына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл кен орнын пайдалану мерзімін 2033 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл кен орны Қазақстандағы алтын өндірісінің шамамен 20%-ын қамтамасыз етеді.
ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСУІНДЕГІ САЛЫҚ-БЮДЖЕТ РЕФОРМАСЫНЫҢ РӨЛІ
Салық-бюджет реформасының өзі экономикалық өсімді тікелей қалыптастырмайды. Оның міндеті – инвестиция тартуға, бизнесті дамытуға және инфрақұрылымды тұрақты қаржыландыруға жағдай жасау.
Соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды салық өзгерістері жүзеге асырылды: ШОБ үшін арнайы салық режимдерін кеңейту, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, бөлшек салық режимін қолдану шарттарын өзгерту, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен платформалық жұмыспен қамту режимдерін реформалау, сондай-ақ жаңа Салық кодексін әзірлеу.
Алайда кез келген салық реформасы еңбек өнімділігі, инвестициялар, мемлекеттік шығындардың тиімділігі қатар өсіп, көлеңкелі экономика қысқарған жағдайда ғана нәтиже береді. Әйтпесе реформа тек фискалдық жүктемені күшейту ретінде қабылдануы мүмкін.
Көпшілік салық-бюджет реформасын тек салықты көтеру деп қабылдайды. Шын мәнінде оның негізгі мақсаты – фискалдық шоғырландыру: бюджет тапшылығын азайту және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік борышты тиімді басқару. Ол үшін бюджет шығыстарын оңтайландыру қажет.
Республикалық бюджет шығыстарының ең үлкен бөлігі әлеуметтік салаға тиесілі – 2026 жылы 10,8 трлн теңге немесе барлық шығындардың 39%-ы, ал мемлекеттік бюджетте – 19,088 трлн теңге немесе 50%. Үкімет оларды оңтайландыру бойынша шаралар пакетін дайындады, қазір ол салалық мемлекеттік органдармен пысықталуда.
Әңгіме тиімсіз әлеуметтік шығындарды қысқарту арқылы босайтын қаражатты жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың нақты секторын дамытуға бағыттау туралы болып отыр. Атап айтқанда, салық-бюджет реформасынан түсетін қосымша кірістің бір трлн теңгесі «Бәйтерек» арқылы өңдеу өнеркәсібі, көлік, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және туризм жобаларын қаржыландыруға бағытталады. Қалған қаражат өңірлердегі өндірістерге қызмет көрсететін инфрақұрылымды дамытуға, мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және мемлекет үшін басым салаларды қолдауға жұмсалады. Жалпы алғанда, 2026 жылы шамамен 1,8 трлн теңге, 2027 жылы – 3 трлн теңгеден астам, ал 2028 жылы 4 трлн теңгеден астам қаражатты өңірлерді дамытуға бағыттау жоспарлануда.
ӨҢІРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ТУРАЛЫ
Сонымен қатар, бюджет тәртібі де күшейтіліп келеді. Мысалы, 2026 жылғы бюджетте біз Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттерден бас тарттық. Енді өңірлердің шығыстары Өңірлік стандарттар жүйесіне қатаң түрде байланысты болады.
Бұдан былай қаржыландыру кезінде базалық инфрақұрылым тапшылығы қатты сезіліп отырған өңірлер мен жобаларға басымдық беріледі. Олардың қатарында: жылу және сумен жабдықтау, жолдар, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар бар.
Қазіргі уақытта біз Өңірлік стандарттар жүйесінің рейтингінде төменгі орында тұрған аймақтарды аралап, жаңа бюджеттік жоспарлау тәсілдерінің іс жүзінде қалай қолданылып жатқанын бағалаудамыз. Қазірдің өзінде Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында болдық. Салалық мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының мамандарын тарта отырып, инфрақұрылымның қазіргі жай-күйіне және өңірлердің дамуын тежейтін факторларға бастапқы талдау жүргіздік.
Барлық жерде дерлік мәселелер ұқсас: инженерлік инфрақұрылымның тозуы, көлік байланысының әлсіздігі және халықтың көшуі. Сондықтан бюджет қаражаты ең алдымен өмір сапасы мен экономикалық белсенділікке тікелей әсер ететін базалық жобаларға шоғырлануы тиіс.
Мәселен, Ұлытау облысы үшін басты басымдық - жылу нысандары мен су тазарту құрылыстарын жаңғырту болса, Ақмола және Ақтөбе облыстары үшін - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТКШ) жаңарту маңызды. Ал Батыс Қазақстан облысында негізгі назар газдандыру және су тарту нысандарын қайта жаңарту жобаларына аударылады.
Алғашқы жазбамда атап өткенімдей, жақын арада Үкіметте 2029 жылға дейінгі Халық табысын арттыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі жаңартылған кешенді жоспарды таныстырамыз. Оның негізгі мақсаты - жалақыны жай ғана көтеру емес, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарын ашу, адами капиталды дамыту және халықты жұмыспен қамту аясын кеңейту. Халықтың нақты табысын тұрақты өсірудің басты негізі де - осы іс-шаралар.
Сөзімнің соңында, дәстүр бойынша пікірлерде қойылған сұрақтардың біріне жауап берейін. Мысалы, Алматы көшелерінде жалға беру туралы хабарландырулардың көбейгенін және әрбір бесінші жеке кәсіпкердің (ЖК) жабылып жатқаны айтылуда.
Біз республикалық маңызы бар үш қаладағы - Алматы, Астана және Шымкенттегі бизнестің жабылу динамикасына талдау жасадық. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, бұл үш ірі қалада барлығы 76 445 ЖК қызметін тоқтатқан.
Жағдайды тереңірек түсіну үшін мына салыстырмалы деректерге назар аударайық:
2025 жылдың бірінші тоқсанында — 29 748 ЖК;
2024 жылдың бірінші тоқсанында — 43 089 ЖК.
Қызметін тоқтатқан кәсіпкерлер саны ең көп тіркелген қалалар:
• Алматыда — 38 574 ЖК;
• Астанада — 24 461 ЖК;
• Шымкентте — 13 410 ЖК.
Сонымен қатар, жүргізілген талдау көрсеткендей, кәсіпкерлік қызметтің тоқтатылуы көп жағдайда бизнестің біржола жабылуын білдірмейді. Бұл көбінесе жұмыс форматының өзгеруіне немесе бұрыннан белсенді емес жеке кәсіпкерлерді ресми жабу процесіне байланысты. Қызметін тоқтатқан кәсіпкерлердің төрттен бірінен астамы кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде қайта тіркелген. Тағы бір бөлігі басқа компаниялардың құрылтайшысы немесе басшысы ретінде қызметін жалғастырған. Бұдан бөлек, жабылғандардың елеулі бөлігінде 2025 жыл бойы табыс болмаған немесе олардың жылдық айналымы 1 млн теңгеден аспаған.
Сонымен қатар, биылғы бірінші тоқсанда осы үш қалада 38 890 жаңа ШОБ субъектісі ашылды. Оның ішінде 32 183-і - жеке кәсіпкер (ЖК) болса, 6 707-сі - заңды тұлғалар.
Иә, 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жабылу динамикасы 2024–2025 жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Алайда бұл көрсеткіш тек бизнестің біржола тоқтауын білдірмейді. Бұл жабылулардың құрылымы кәсіпкерлердің салық режимдері арасында ауысуын, бұрыннан белсенді емес жеке кәсіпкерлердің жабылуын және бизнестің шоғырлану процестерін көрсетеді.