Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында 61 жастағы кәсіпкер Фрэнк Монстрейге іздеу жарияланғаны туралы ақпарат пайда болды. Іздестіру ісі 20 мамыр күні Астанада тіркелген. Істі бастаған орган ретінде Ұлттық қауіпсіздік қызметі көрсетілген, деп хабарлайды kznews.kz.
Фрэнк Монстрейдің есімі бұрын Nostrum Oil & Gas PLC компаниясымен байланысты болған. Ол 2016 жылы аталған мұнай-газ компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Nostrum Oil & Gas PLC Каспий маңы аймағында мұнай мен газ өндірумен, сондай-ақ кен орындарын барлау және игерумен айналысады. Компания Лондон қор биржасында тіркелген және Қазақстандағы қызметін «Жайықмұнай» ЖШС арқылы жүргізеді.
2023 жылы компания Батыс Қазақстан облысындағы Каменское және Каменско-Тепловско-Токаревское кен орындарын игеру құқығына ие «Позитив Инвест» ЖШС-нің 80 пайыз үлесін сатып алған.
Компания мәліметінше, 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына 2,5 млрд доллардан астам инвестиция құйып, 1 млрд доллардан аса салық төлеген.
Ал Активтерді қайтару жөніндегі Қазақстан бастамасының (KIAR) дерегінде Монстрейдің Бельгияда жылжымайтын мүлік және гольф саласындағы бизнестері бар екені айтылған. Ұйым оны «Қазақстандағы мұнай магнаты» деп атап, Мұхтар Әблязовпен байланысы болуы мүмкін екенін де көрсеткен.