Алматыда өткен КешYOU тобының мерейтойлық концертінде продюсер Баян Алагөзоваға табысталған жазуы бар футболка желіде жаңа дау тудырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Биылғы 29 мамырда Орталық стадионда 30 мың көрермен жинаған топтың 20 жылдық шоуы аншлагпен өтті. Кеш барысында белгілі визажист Нучи продюсерге арнайы тігілген футболка сыйлаған, ал оның сыртында қазнетте мемге айналған «Ұстазым» және «Моля, не нервируй меня!» деген сөздер жазылған.
Аталған жағдайға блогер әрі әнші Қанат Майлыбай теріс көзқарасын білдіріп, әрекетті сынға алды.
«Сөйтіп өзіне хайп жинап жатыр ғой, өйтіп жинаған хайптары құрсын, керісінше Мөлдір деген қара домбыраны арқалап, өз күнін өзі көріп жүрген жалғызбасты ана ғой. Иә, бір шалынды, айтарын айтты. Бұлар қоймайды ғой, қоя қойсаңдаршы. Анау Баянда бет жоқ, ол да күліп тұр, Баян сенікі ұяттау. Қоя қою керек қой. Концертің өтті, ел барды, алғысыңды алдың, енді өйтіп жерлей берудің қажеті жоқ қой», – деді Қанат Майлыбай.
Еске сала кетейік, екі арадағы жанжал Мөлдір Әуелбекованың мамыр айында өткен топтың мерейтойлық кешіне қатысудан бас тартуынан басталған болатын. Әнші желіде өмірінің бұл парағын жапқанын мәлімдегеннен кейін, продюсер оны сатқындық жасады деп айыптап, деректі фильмде қатаң сынға алды.
Баян Алагөзова экс-солистің тележоба арқылы емес, тек өзінің продакшенінің арқасында танымал болғанын айтып, оның бұрынғы гастрольдерді болдырмау үшін ауырған немесе аяғын қайырып алған кейіп танытқанын жеткізді. Сонымен қатар ол Мөлдірдің мансабының басында әпкесі Бағым Мұхитденованың үйінде ұзақ уақыт тұрып, кейін оның ту сыртынан пышақ сұққанын алға тартты.
Продюсер көп жылдық құрметпен айтылған сөзді екіжүзділікке теңеп, өзін «Ұстазым» деп атамауды талап еткен. Дәл осы сөз бен «Моля, не нервируй меня!» тіркесі ғаламторда лезде мемге айналып кеткен еді.