Қазақстан тау туризмін дамытуға қолайлы елдердің қатарына жатады. Ел аумағында Тянь-Шань, Іле Алатауы, Жетісу Алатауы, Алтай және Тарбағатай секілді ірі тау жүйелері орналасқан. Алайда, табиғи әлеуетке қарамастан тау туризмінің экономикалық тиімділігі мен халықаралық танымалдығы әзірге толық деңгейде пайдаланылмай отыр.
Жалпы, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тау кластерін дамыту өңірге келетін туристер ағынын арттырып қана қоймай, өңірлік экономиканың өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және шағын бизнестің дамуына ықпал етеді. Мысалы, қазір Австрия, Швейцария, Франция және Италия секілді мемлекеттер тау туризмін ұлттық экономиканың маңызды саласына айналдырып үлгерген. Яғни, бүгінде әлемдегі жетекші тау курорттары орналасқан өңірлердің экономикасында туризм негізгі кіріс көздерінің бірі ретінде бағалануда. Мысалы, Австрия мен Швейцарияда тау туризмі миллиардтаған доллар табыс әкеліп, жүздеген мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді екен.
Дәл осы тұрғыдан алғанда, Алматы қаласы отандық туризмнің тау кластерін дамытуға таптырмайтын қолайлы орта болып отыр. Есептеулер бойынша, Алматы тауларына бағытталған жобалар бірнеше миллиард доллар көлеміндегі жеке және институционалдық инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді деген болжамдар да бар.
Рас, Алматы қаласы қазірдің өзінде Қазақстандағы ең ірі туристік орталық саналады. Алайда, халықаралық туристердің басым бөлігі қалада қысқа уақыт қана аялдайды екен. Заманауи тау инфрақұрылымы қалыптасқан жағдайда туристердің демалыс мерзімі ұзарып, олардың шығаратын қаржысының көлемі де артады деген нақты болжам жасалған. Бұл өз кезегінде жергілікті бизнестің қаржылай кірісінің өсуіне де ықпал етеді. Екіншіден, тау туризмінің дамуына серпін беретін екі жақты жобалардың жүзеге асуына кепілдік бар. Бұл жерде Үкімет қаржысы жұмсалмайды. Мемлекет негізгі инфрақұрылымды, яғни, жол, коммуникация, кабельдік жүйелер сияқты қажетті міндетті мойнына алады. Ал жеке инвесторлар қонақүй, сервис, туризм нысандарына қаржы салады. Экономикалық тұрғыдан алғанда тау кластерін дамытуға салынған 1 доллар мемлекеттік инвестиция шамамен 2 доллар жеке капиталды тартуы мүмкін екен. Жәнеи әлемдік тәжірибе тау туризміне салынған инвестицияның ұзақ мерзімде өңір экономикасына елеулі мультипликативтік әсер беретінін көрсеткен.
Деп келгенде, қазір Алматы тауларындағы туристік кластерді дамытуға мемлекет мүдделі екенін айтуымыз керек. Әлбетте, таулы аймақты игеру оңай іс емес. Мұның тәуекелі де жоғары. Әсіресе, тұмса табиғаттың келбетін бұзбай, экологиялық қауіпке ұрынбай экономикалық тиімді жоба жасау үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл тұрғыдан алғанда қоғам назарын аударып отырған "Almaty Superski" жобасының өз ерекшелігі бар екен.
Жалпы, "Almaty Superski" жобасы төңірегіндегі талқылаулар көбіне экология мен инфрақұрылым мәселелеріне қатысты өрбігенімен, оның экономикалық әлеуеті де назар аударуға тұрарлық. Жоба авторларының мәліметінше, "Almaty Superski" бағдарламасы тау кластерін кешенді дамытуға бағытталған. Бұл тек аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларын салу емес, сонымен қатар көлік, сервис, қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына жол ашады дейді.
- Бүгінде таулар формалды түрде баршаға ашық болғанымен, іс жүзінде әркім үшін қолжетімді емес. Жоба осы жағдайды өзгертуді көздейді. Аспалы жолдар, қауіпсіз маршруттар, визит-орталықтар мен бақылау алаңдары мыңдаған адамға Алматы тауларының сұлулығын жақыннан көруге мүмкіндік береді, – дейді бастамашылар өз уәжін айта келгенде.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға арналған екен. Бастамашылардың пікірінше, жаңа инфрақұрылым мектеп оқушылары арасында қысқы спорт түрлерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жоба әзірлеушілері Көкжайлау аумағының ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі сақталатынын, ал құрылыс жұмыстары ғылыми сараптама мен экологиялық мониторинг негізінде жүргізілетінін мәлімдеп отыр.
Жалпы алғанда, "Almaty Superski" жобасы тек Алматы үшін емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды бастама ретінде қарастырылуда. Егер жоба табысты жүзеге асса, ол еліміздің тау туризмін жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Демек, қазір Алматы қаласы әкімдігінің алдында тауларды аласартпай, туризмді асқақтату міндеті тұр. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 2025 жылғы Жолдауында Алматы тау кластерін дамыту мен заманауи туристік инфрақұрылым құрудың маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Ал Президент тапсырмасы орындалуымен құнды.