Жаңа транзит жолы: Қазақстан Қырғызстанға 35 мың тонна мұнай жөнелтті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Көшпенділердің нағыз мұрагері – қырғыздар: ойын барысынан түйген ой

Көшпенділердің нағыз мұрагері – қырғыздар: ойын барысынан түйген ой
ЖИ

Әрине, қазақ та, қырғыз да – Ұлы даланың көшпелі өркениетінен тамыр тартқан халық. Сондықтан бұл жерде тарихты бөлісудің қажеті жоқ. Бірақ тарихқа ие болу бір бөлек те, оны бүгінгі әлемге көрсете білу бір бөлек, деп хабарлайды kznews.kz.

Қырғыздар дәл қазір екіншісін өте сәтті жасап жатыр.

Ойындардың ашылуы үшін таңдалған «Бішкек Арена» соның бір ғана мысалы. 51 мың көрерменге арналған жаңа стадионның өзі алып киіз үйді еске түсіреді. Яғни ұлттық болмыс ойын басталған кезде декорация ретінде пайда болмайды. Ол ғимараттың өзінен басталады.

Оның үстіне арена Көшпенділер ойындары қарсаңында ашылды. Сөйтіп, Қырғызстан әлемге бір мезетте екі нәрсені көрсетті, заманауи мемлекет болуға болады және сол заманауилықтың ішінде өзіңнің кім екеніңді жоғалтпауға болады.

Ашылу салтанаты да осы идеяны жалғастырды. Ат үстіндегі көшпенділер, ұлттық киім, тау суын бір ыдысқа біріктіру рәсімі, музыка, алып барыс пен құс бейнесі, заманауи технология, бәрі бір-бірінен бөлек эффект емес, бір оқиғаның бөлшегі болып көрінді. Ашылуға 104 елдің 3 мыңнан астам спортшысы қатысты. Reuters оны Олимпиадаға ұқсас ұлттық құрамалар шеруі бар ауқымды мәдени шара ретінде сипаттады.

Бірақ қырғыздардың басты артықшылығы әдемі шоуда ғана емес.

Олар Көшпенділер ойындарын стадионның ішіне қамап қойған жоқ.

Бішкектегі ашылудан кейін ойындардың негізгі бөлігі Ыстықкөлге көшті. Жабылу салтанаты да көл жағасында өтеді. Яғни көрермен көшпенділер мәдениетін LED-экраннан ғана емес, оның табиғи ортасына барынша жақын кеңістіктен көреді. Тау, көл, ат, киіз үй, ұлттық ойын, мұның бәрі бір визуалға бірігеді.

Осы жерде екі жыл бұрынғы Астана еске түседі.

Қазақстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жаман өткізді деуге болмайды. Керісінше, ауқымы үлкен болды: 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы келді, 21 спорт түрінен жарыс өтті. «Қазанат» маңында 10 гектарлық этноауыл құрылып, Астананың тағы төрт жерінде этноауылдар жұмыс істеді. Ашылу салтанатының ұйымдастырылуын сол кезде көрермендер мен блогерлер де жоғары бағалаған.

Бірақ қоғамдық пікірде «Мұның бәрі қаншаға түсті?» деген басқа сұрақ та қатар жүрді.

Ойындарды өткізуге бюджеттен 5,7 млрд теңге жұмсалды. Кейін Туризм және спорт министрлігінің дерегіне сүйенген БАҚ қатысушылардың ел экономикасына шамамен 300 млн теңге ғана әкелгенін жазды. Ұйымдастырушылар мұндай шарадан бірден қаржылық пайда күтудің дұрыс еместігін түсіндіруге мәжбүр болды.

Сондықтан Қазақстандағы ойындардың айналасындағы әңгіменің бір бөлігі «көшпенділер мәдениетін қалай көрсеттік?» дегеннен гөрі «қанша ақша жұмсадық?» деген талқыға ауысып кетті.

Қырғызстанда әзірге әсер басқаша.

Олар Көшпенділер ойындарын спорттық жарыстан ұлттық имидж жобасына айналдырып жатқандай көрінеді. Тіпті биылғы ойындардың визуалдық айдентикасының өзіне ұрпақ сабақтастығы, тарихи жады, жартастағы көне суреттер және көшпенділерге жол көрсеткен Құс жолы идеясы енгізілген.

Бір қызығы, Бішкектегі керемет ашылудың ішінде Қазақстанның да қолтаңбасы бар. Шоуды дайындауға қазақстандық Wakeuphana шығармашылық агенттігі, Upstage және Filmotion компаниялары қатысқан. Дайындық шамамен бір жыл жүрген. Демек, мәселе бізде талант немесе технология жоқтығында емес.

Мәселе басқа болуы мүмкін.

Қырғыздар Көшпенділер ойындарына халықаралық жарыс ретінде ғана қарамайтын сияқты. Бұл олардың өздерін әлемге таныстыру тәсілі.

Сондықтан стадионы да киіз үйге ұқсайды. Жарысы да таудың етегі мен Ыстықкөлдің жағасына шығады. Визуалы да, музыкасы да, ұлттық киімі де бір идеяға қызмет етеді.

Сөйтіп, сырттан қараған адамға «Көшпенділер деген кім?» деген сұрақтың жауабы өздігінен Қырғызстан болып көріне бастайды.

Міне, Қазақстан үшін ойланатын тұс осы.

Бізде Ұлы дала бар. Көкпар да, бәйге де, саятшылық та бар. Киіз үй де, домбыра да, мыңдаған жылдық көшпелі мәдениет те бізге бөтен емес.

Бірақ XXI ғасырда тарихи мұраның болғаны жеткіліксіз.

Оны әлем сенетіндей етіп көрсете білу керек.

Қырғызстандағы Көшпенділер ойындары әзірге осының жақсы үлгісін көрсетіп жатыр.

Сондықтан «көшпенділердің нағыз ұрпағы кім?» деген сұрақтың тарихи жауабы біреу болмауы мүмкін.

Ал бүгін өз көшпелі болмысын әлемге кім сенімдірек көрсетіп жатыр деген сұраққа жауап сәл айқынырақ.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.