10 айда салынған әуежай: Арқалық үлкен өзгерістерге қадам басты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

10 айда салынған әуежай: Арқалық үлкен өзгерістерге қадам басты

10 айда салынған әуежай: Арқалық үлкен өзгерістерге қадам басты
Фото: "Жаңа адамдар" баспасөз қызметі

Арқалық әуежайы 30 жылдан астам үзілістен кейін жолаушылар рейстерін қайта қабылдай бастады. Қалада жаңа аэровокзал кешені салынып, 136 тұрақты жұмыс орны ашылды. Арқалықтағы өзгерістер туралы «Жаңа адамдар» қозғалысының QALA жобасының жаңа шығарылымында айтылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Әуежай құрылысына 20 млрд теңге жұмсалған. Оның 5 млрд теңгеден астамы заңсыз шығарылып, елге қайтарылған активтер есебінен қалыптасатын Арнайы мемлекеттік қордан бөлінді.Құрылыс жұмыстары 10 айда аяқталды. Жұмыс қызған кезеңде нысан құрылысына шамамен 800 адам тартылған.

Жобаның жүзеге асуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арқалық әуежайын қайта жандандырып, жаңа аэровокзал кешенін салу жөніндегі тапсырмасы негіз болған. Мемлекет басшысы әуе қатынасын қалпына келтіру елдің көлік байланысын нығайтып қана қоймай, Орталық Қазақстандағы ауыл шаруашылығы алқаптарын игеруге және мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретінін айтқан еді.

Арқалықта тағы не өзгерді?

Қаладағы жаңғырту жұмыстары әуежаймен ғана шектелмейді. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Танжариковтың айтуынша, Арқалықтың 70 жылдығына орай теміржол вокзалы жаңартылған. Сонымен қатар ескі ғимараттар қалпына келтіріліп, тұрғындардың бастамасымен жаңа кәсіпкерлік нысандар ашылып жатыр.

Алдағы маңызды жобалардың бірі – «Орталық – Батыс» автомагистралін қайта жаңарту. Жоба жүзеге асса, Астана мен Арқалық арасындағы жол шамамен 350 шақырымға дейін қысқарады.

«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Алихан Сарсеновтің айтуынша, өңірлерде жол салынып, вокзал жаңарып, әуе қатынасының қалпына келуі — қалалар үшін жаңа мүмкіндіктердің пайда болғанын көрсетеді.

– Алда әлі атқарылатын жұмыс көп. Бірақ 30 жылдан кейін алғашқы ұшақтың қонуы Арқалық тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіретін жақсы белгі, – деді ол.

Арқалықтың бүгінгі тынысы мен қалада жүзеге асырылып жатқан жобалар QALA жобасының толық шығарылымында көрсетілген.

Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.