Наурыз айының соңы мен сәуір айының басы отандық тұтыну нарығы үшін нағыз "ыстық кезең" болайын деп тұр.
Өйткені, баға мен тариф құнының қымбаттауына қатысты мораторий мерзімі аяқталуға жақын. Әсіресе, жанармай саудасында үлкен өзгеріс болуы мүмкін. Мысалы, халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензин бағасын Үкімет өткен жылдың қазан айынан бастап әкімшілік жолмен реттеп отыр. Ал бағаны өсіруге қойылған шектеудің уақыты 30-наурыз күні аяқталмақ. Атқарушы билік одан әрі бензин бағасын қолмен реттеп, мораторий мерзімін соза ма, әлде сауда-саттықтағы құнды еркіне қоя бере ме, әлі белгісіз. Дегенмен, екі жағдай да ел ішіне алаңдаушылық тудыратыны сөзсіз.
Ал АИ-92 бензиніне баға өсіміне қатысты шешім бастапқыда инфляцияны тежеу және халықтың әлеуметтік жүктемесін жеңілдету мақсатында қабылданған еді. Алайда уақытша шектеудің аяқталуы нарықтағы шынайы тепе-теңдікті қайта қалыптастыру мәселесін алға шығарып отыр.
Қазір ішкі нарықта АИ-92 бензинінің бағасы 213–239 теңге аралығында сақталып отыр. Яғни, бұл толыққанды нарықтық баға емес, мемлекеттік реттеу нәтижесі.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай "ұстап тұру" саясатының ұзақ мерзімге созылуы бірқатар тәуекелдерге әкеледі. Біріншіден, ішкі нарықтағы арзан баға көрші елдермен, әсіресе Ресеймен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық тудырып, жанармайдың сыртқа заңсыз жолмен ағылуына себеп болуы мүмкін. Екіншіден, отандық мұнай өңдеу зауыттарында өндіріс шығындарының өсуі байқалаған. Логистика, жөндеу жұмыстары, инфрақұрылымдық шығындардың барлығы түптеп келгенде жанармайдың өзіндік құнына әсер етеді. Яғни, бағаны ұзақ уақыт төмен деңгейде ұстап тұру зауыттардың инвестициялық мүмкіндіктерін шектеп, болашақта өндіріс көлемінің төмендеуіне немесе сапаның нашарлауына алып келуі ықтимал екен.
Демек, мораторий мерзімі аяқталуы мүмкін. Бұл жағдайда Үкімет әлеуметтік тұрақтылықты ескере отырып, нарықты кезең-кезеңімен реттеуі мүмкін. Болжам бойынша АИ-92 бензинінің бағасы алдымен 250–280 теңге аралығына дейін көтерілуі ықтимал. Мұнан кейін баға тағы өсіп, өсім 20-40 пайыз арасында құбылуы да ғажап емес. Ондай жағдайда қазіргі арзан бензиннің құны 300 теңгеге жуықтайды-мыс.
Жалпы, жанармай бағасы ішкі экономикаға ықпал ететін базалық индикаторлардың бірі. Бензиннің қымбаттауы ең алдымен көлік шығындарын арттырып, өз кезегінде азық-түлік пен қызмет көрсету бағасына да әсер етеді. Әсіресе, логистикаға тәуелді өңірлерде инфляциялық қысым күшеюі мүмкін. Мұнан бөлек, такси қызметі, жүк тасымалы, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар да баға өсімін бірінші болып сезінеді. Демек, бензин бағасының өсуі тек жүргізушілерге ғана емес, тұтынушылардың барлығына әсер ететін факторға айналады.
Айтпақшы, әлем және көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда бензин бағасы айтарлықтай арзан екен. Бұл туралы келесі тақырыпта кеңінен жазатын боламыз.