Алматыда 12 жастағы оқушының өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қайғылы оқиға бойынша күдікке ілінген кәмелетке толмаған жасөспірім арнайы мамандандырылған мекемеге орналастырылды, деп kznews.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, Түрксіб ауданында болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тәжірибелі тергеушілер мен жедел уәкілдерден құралған арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Қазір оқиға орны мен оған жақын аумақтардағы бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп, іске қатысы болуы мүмкін цифрлық деректер зерттелуде. Жиналған материалдар қылмыстық іске тіркелген.
Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, тергеу барысында барлық болжамдар қаралып жатыр.
"Оқиға орны мен жақын маңдағы бейнежазбалар, сондай-ақ жағдайдың нақты көрінісін анықтауға көмектесетін өзге де цифрлық деректер зерттеліп, іс материалдарына қосылды. Барлық уәждер мен нұсқалар тексеріліп жатыр", – деді ол.
Алдын ала дерекке сүйенсек, ауыр қылмысқа бір кәмелетке толмаған жасөспірімнің қатысы болуы мүмкін. Ол ұсталып, арнайы мекемеге оқшауланған.
Полиция екі жасөспірімнің арасында бұған дейін келіспеушілік болғанын мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, олардың арасындағы жанжал өзара араздықтан туындап, соңы пышақ қолданылған қайғылы жағдайға ұласқан.
Салтанат Әзірбектің сөзінше, бейнежазбалар мен хат алмасуларға қарағанда, қаза тапқан оқушы күдіктінің тұрғылықты жеріне арадағы мәселені шешу үшін барған болуы мүмкін.
"Қазіргі уақытта жәбірленуші тарапқа істің барлық мән-жайы түсіндірілді", – деді полиция өкілі.
Бұған дейін Алматыда 12 жастағы мектеп оқушысының көптеген пышақ жарақатынан қайтыс болғаны хабарланған еді. Іске күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірім қарастырылып жатыр. Марқұмның туыстары күдіктінің кәмелетке толмағанына байланысты оның заң алдында жауапкершіліктен босап кетуі мүмкін деп алаңдайды.