Оқу-ағарту министрлігі Республикалық физика-математика мектептері филиалдарындағы білім беру гранттары әділетсіз бөлінді деген тұрғындар шағымына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Жақында Threads-те Қазақстан азаматтарының Республикалық физика-математика мектептері филиалдарындағы білім беру гранттары "әділетсіз" бөлінгені туралы шағымдары жариялана бастады. Жазба авторының айтуынша, гранттардың дені орыс тілінде тест тапсырғандарға бұйырған.
Министрлік Республикалық физика-математика мектептері филиалдарына қабылдау мектеп жарғысына сәйкес ашық конкурс негізінде жүзеге асырылатынын атап өтті.
"Білім туралы" Қазақстан Заңының 49-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдері баланың тілегін, жеке бейімділігі мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымын және оқу тілін таңдауға құқылы. Осыған байланысты конкурсқа тіркелу кезінде үміткерлер оқу тілін дербес айқындайды.
️Білім беру гранттарының саны және конкурс орындары мектеп филиалдарының сыныптарды жинақтау мүмкіндіктеріне сәйкес белгіленеді", - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство конкурстық іріктеудің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында барлық қатысушы үшін бірыңғай талаптар қолданылғанын алға тартты. Емтихан тапсырмалары бірдей тақырыптық бағыт, бірыңғай құрылым және күрделілік деңгейі негізінде әзірленіп, академиялық адалдық қағидаттарын сақтау үшін бірнеше нұсқада ұсынылған.
"Шекті өту балы алдын ала бекітілмейді және конкурс жарияланған сәтте анықталмайды. Ол қабылдау емтихандары аяқталғаннан кейін қатысушылардың нәтижелері мен жалпы конкурстық көрсеткіштеріне сәйкес айқындалады. Бұл тәсіл барлық үміткер үшін тең мүмкіндік қағидатын сақтауға арналған", - деп қосты министрлік өкілдері.
Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігіне қатысты келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарға талдау жүргізіп жатыр.
"Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралатын болады. Сонымен бірге қосымша зерделеу және сараптамалық талдау тетіктері қолданылатын болады.
Талдау қорытындылары және қабылданған шешімдер бойынша ресми ақпарат қосымша жарияланады. Аталған мәселе Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында", - делінген министрлік мәлімдемесінде.