Қоғам

Түнгі тыныштықтың құны немесе жоғары айыппұл да даңғазаны тия алмай отыр

Түнгі тыныштықтың құны немесе жоғары айыппұл да даңғазаны тия алмай отыр
pexels.com

Қазақстанда «тыныштық режимін» бұзу оқиғалары жыл сайын жиілеп келеді. Музыканың даусын қатты қою, түн ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе көңіл көтеру кештерінің арты полиция шақыруға ұласатыны сияқты оқиғалар көптеп кездеседі. 

Ресми статистика да осындай ахуалдың ушығып тұрғанын айғақтайды. Мәселен, 2024 жылы 108 мыңнан астам азамат пен ұйым айыппұл төлеген, ал биылғы сегіз айдың өзінде тіркелген бұзушылықтар саны 82 мыңнан асып отыр. Жиналған айыппұл көлемі 1,3 млрд теңгеге жеткен.

Рас, бүгінде халықтың тұрмыс мәдениеті өзгеріп келеді, көпқабатты үйлерде тығыз орналасқан отбасылардың үй ішіндегі қақтығыстары, даңғаза той-домалақтар мен думанды кештер күндізгі ғана емес, түнгі тыныштықты да бұзады. Бұл – бір жағы. Екінші жағынан – қазір азаматтардың құқығы мен жайлы өмір сүру талабы да күшейіп, көршілер тарапынан полицияға жүгіну оқиғалары жиілеген.

Заңға сәйкес, қарапайым тұрғындар үшін түнгі тыныштық 22:00-де басталып, таңғы 9:00-де аяқталады. Бұл ереже демалыс пен мереке күндеріне де қатысты. 

Ойын-сауық мекемелеріне қатысты талап сәл өзгеше: жұмыс күндері 22:00-ден 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты сақтау міндеттеледі. Яғни мекемелерге аздап еркіндік берілгенімен, олардың да қызметі қатаң бақылауда.

Ережені сақтау тек музыка мен айқай-шуды азайтумен шектелмейді. Түн ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізу, фейерверк пен салют ату, отшашуларды қолдану да заң бұзушылыққа жатады. 

Алматыда бұл мәселе, тіпті толық тыйым салуға дейін жетіп отыр, жаңа жылдық салюттерді қоса алғанда, пиротехниканы мүлде шектеу қарастырылуда.

Осы сәселелерге келгенде, Әкімшілік кодекстің 437-бабына сәйкес, айыппұл мөлшері айтарлықтай қомақты. Жеке тұлғалар үшін — 5 АЕК (шамамен 19,7 мың теңге). Ұйымдарға қатысты талап қатаңырақ: шағын бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар — 20 АЕК, орта бизнес — 30 АЕК, ірі бизнес — 100 АЕК төлейді. 

Ең бастысы, қайталанған жағдайда айыппұл көлемі екі еседен аса ұлғаяды. Бұл ретте ірі бизнес субъектілері үшін жаза 589 мың теңгеге дейін жетеді.

Статистика көрсеткендей, қатаң талаптар мен өсіп отырған айыппұлдар да тәртіпті бірден орната қойған жоқ. Бұл жерде құқықтық шарадан бұрын қоғамдық мәдениет, көршіні сыйлау, ортақ кеңістіктегі тәртіпке бағыну сияқты әлеуметтік нормалардың маңызы артып отыр.

«Түнгі тыныштық» мәселесі тек заңдық шектеулермен шешілмейді. Ол қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің көрінісі. Айыппұлдың көлемін арттыру профилактикалық қадам ғана. Негізгі міндет – адамдардың өз санасында тыныштықты сақтау мәдениетін қалыптастыру. Себебі мегаполис болсын, шағын қала болсын, әрбір тұрғынның тыныштығы — бәріміздің ортақ құқымыз.
 

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz