Семейде құрылыс алаңында қосымша жұмыс істеген студент бетон араластырғыш машинаға түсіп кетіп, қолынан айырылды. Жігіт тайып кетіп, қолы жұмыс істеп тұрған құрылғыға ілініп кеткен. Оқиға кезінде еңбек шарты жасалмағаны анықталды, деп хабарлайды kznews.kz. КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
21 жастағы Нұрасыл Жанабаев жергілікті жоғары оқу орнында дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жүрген. Биыл оқуын аяқтауға тиіс болған. Ол болашақта әскери салада немесе арнайы жедел әрекет ету жасағында жұмыс істеуді армандап, ата-анасына көмектесуді мақсат еткен. Жақында ғана жеке кәсіпкердің өндірістік базасында көбікбетон блок шығаратын цехқа жұмысқа орналасып, қосымша табыс таба бастаған. Алайда жұмыс қайғылы жағдаймен аяқталды.
“Аяғым тайып кетіп, қолым аппаратқа кіріп кетті. Бірден суырып алдым. Қолыма қарадым, есімнен танып қалдым. Сыртқа жүгіріп шыққанымды білемін, бірақ қолым жоқ екенін түсіндім”, – деді Нұрасыл Жанабаев.
Оқиға орнына басқа жұмысшылар жедел көмек көрсетіп, зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қолды аман алып қалу мүмкін болмағанын айтады. Қазіргі жағдайы орташа ауыр, тұрақты.
Семей қалалық жедел медициналық көмек ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Дарын Бақтыбаевтың айтуынша, науқасқа шұғыл операция жасалған.
“Жағдайы тұрақтанғаннан кейін шокқа қарсы шаралар жүргізіліп, оң жақ жоғарғы қол білектің орта тұсынан ампутациялау бойынша шұғыл операция жасалды. Қазір науқас бөлімшеде ем қабылдап жатыр”, – деді дәрігер.
Отбасы оқиғаның мән-жайын енді ғана біліп, қатты күйзеліске түскен. Белгілі болғандай, студент ресми түрде жұмысқа алынбаған. Еңбек шарты жасалмаған. Анасы кәсіпорында қауіпсіздік талаптары сақталмағанын айтып, істі толық тексеруді талап етті.
“Ол кешірім сұрады, бірақ ештеңе істей алмайтынын айтты. Балам өмір бойына қолынан айырылды. Оның армандары күйреді”, – деді анасы Гүлнар Қамажанова.
Кәсіпорын әзірге оқиғаға қатысты пікір білдірмеген. Қазір істі еңбек инспекциясы тексеріп жатыр.
“2026 жылдың 3 маусымында оқиғаға байланысты тексеру жүргізу туралы бұйрық шықты. Тергеу 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Қорытынды акт дайындалғаннан кейін материал құқық қорғау органдарына жолданады”, – деді Абай облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Темірлан Әміртаев.
Еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің барлық қызметкерді ресми рәсімдеп, қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті нұсқама өткізуге тиіс екенін ескертеді.
Айта кетейік, бұл Семейде соңғы бірнеше айда тіркелген осындай екінші жағдай. Бұған дейін сәуір айында да дәл осындай оқиға болған.