Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл іс бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталушы ретінде жауап беруде, деп хабарлайды kznews.kz.
Кезекті сот отырысында бірнеше куәгерден жауап алынды. Олардың қатарында Мұнайшы ықшамауданындағы үйін Сәрсемәлиевтің отбасына жалға берген азамат та болды.
Куәгердің айтуынша, отбасы бұл баспананы 2023 жылдан бастап жалдап тұрған. Үйдің ай сайынғы жалдау ақысы 50 мың теңге болған. Оның сөзінше, ақша банк арқылы белгісіз бір азаматтың атынан аударылып отырған. Дегенмен кейбір кезеңдерде отбасы бұл үйде тұрмаған.
Үй иесі сотта 2025 жылғы 7 желтоқсанда Сұлтан Сәрсемәлиевпен сөйлескенін айтты. Сол кезде айыпталушы әйелін емдетіп жүргенін жеткізіп, енді үйді жалдамайтынын айтқан.
Отырыста судья Зарема Хамидуллина куәгердің тергеу барысында берген жауабын оқып берді. Онда үй иесінің баспанаға тек қажет болған жағдайда ғана барып тұрғаны көрсетілген.
Куәгердің тергеудегі жауабына сүйенсек, ол Сәрсемәлиевтің әйелін бір рет қана, сырттай көрген. Ал балаларын мүлде көрмегенін айтқан.
"Әйелі орамалда еді. Шамамен 27 желтоқсанда үйге барып, есік алдындағы тастың астында тұрған кілттерді алдым. Үйдің ішін қарағанда шашылған заттар немесе дақтар байқалмады. Үй тазаланып кеткен", – делінген куәгер жауабында.
Сонымен қатар үй иесі сотта мәйітті орауға пайдаланылған кілемнің өзіне тиесілі емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, үй ауласындағы душ ішінде екі күрек пен бір айыр тұрған.
Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Оқиғаның мән-жайы сот барысында анықталмақ.