Яғни, қазіргі нақты деректер ел аумағындағы ауылдарда тұрғындар санының күрт азайып, соның кесірінен ондаған елді мекеннің оңтайланып жатқанын көрсетеді. Ресми деректердегі ауыл санына көз салайық: статистика елімізде 6 124 ауылдық елді мекен және 89 қала бар дейді. Ал салыстырмалы түрде алғанда соңғы онжылдықтарда ауыл санының азаюы мен қалаларға шоғырлану үрдісі анық байқалып отыр екен.
Таратып айтсақ, 2025 жылдың 1-шілдесіндегі мәліметке сәйкес, елімізде 6 124 ауылдық елді мекен тіркелген. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда шамамен екі жүзге аз. Ал 2010 жылы ауыл саны 7 мыңнан асқан еді. Яғни соңғы он бес жылда 970-тен астам ауыл жойылған немесе біріктірілген. Мұндай өзгеріс, ең алдымен, халықтың қалаға көшуімен және ауылдық инфрақұрылымның әлсіздігімен байланысты. Көптеген ауылда тұрғын саны 50 адамнан төмендеген соң, оларды әкімшілік тұрғыда көрші елді мекендерге қосу үрдісі жүріп жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, ауылдардың азаюына үш негізгі фактор әсер етіп отыр. Бірінші, урбанизация қарқыны – жастардың қалаға тұрақтануы, еңбек пен білім мүмкіндіктерінің шоғырлануы. Екіншіден, инфрақұрылым тапшылығы – мектеп, дәрігерлік пункт, жол және интернеттің жоқтығы ауылдан кетуді күшейтті. Үшінші жағынан экономикалық бейімсіздік – кей ауылдар шаруашылық және өндірістік әлеуетін жоғалтқан.
Жалпы, ауыл тек географиялық ұғым емес, әлеуметтік тіршіліктің күретамыры іспетті. Ал ауылдағы халықтың азаюы әрі экономикалық тұрғыда әлсіреуі елдің демографиялық теңгеріміне де әсер ететіні анық.
Есесіне, еліміздегі қалалар саны соңғы жылдары шамалы болса да көбейіп отыр. Егер 2010 жылы Қазақстанда 87 қала болса, бүгінде олардың саны сексен тоғызға жеткен.
Түйіндей айтқанда, бүгінде халықтың шамамен 42 пайызы ауылдық жерлерде, 58 пайызы қалаларда тұрады дейді деректер. Демек, ауылға қатысты бұдан арғы идеологиялық ұстаным өзгеріп, өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға шынайы баға берілуге тиіс.
Қалмаханбет Мұқаметқали.